Жұмағұлмен жүз таныстығымызға осыдан төрт жыл бұрын облыстық «Арқа ажары» газетінің 29 мамыр күнгі №65 санында «Боздақтар майданға аттанған Әулиетас» қадіріңнің қашқанына кім кінәлі?» деген тақырыппен жарияланған мақала себепші болған. Алғашқы мақалада Зеренді ауданына қарасты Көктерек ауылының іргесіндегі ел әулиеге санаған, жұрт қасиеттіге балаған Әулиетастың маңайы күтімсіз жатқаны сынға алынған еді. Онда әркім өзінің туған топырағын қадірлей білу керектігі туралы айтылған болатын. Шынын айту керек, мақала қоғамдық пікір туғызды. Әлі есімде, редакцияға газеттің сол санын көп адам іздеп келді.
Көктерек ауылының тумасы, бүгінде Көкшетау қаласында тұратын жеке кәсіпкер Жұмағұл Жолдықов мақаланы оқығаннан кейін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым дейді. Түсінде әлдекім аян бергендей, әлдебір күш мазасын алғандай. Келесі күні таңсәріден туған жерге, Әулиетастың басына бір-ақ тартқан. Кейін де екі-үш рет барып келсе керек. Содан соң өзінің ұжымын, жер қазатын, тас артатын ауыр техникасын алып Әулиетастың басын қыздың жиған жүгіндей әдемілеп қоршаған. Кәдімгі табиғи жақпар тастармен. Онда да табиғатқа қылдай қиянат етпеген. Жол бойындағы су құбырын әлдекімдер қазып алса керек қой. Сол кезде далаға шығып қалған атан түйенің беліндей жуан, қақпақтай жалпақ сан қырлы сандық тастар кәдеге асқан. Қазір Әулиетастың ат шаптырым төңірегі осындай табиғи тастармен қоршаулы. Кіреберістегі есікті Көкшетаудан арнайы тапсырыспен жасап, әкеліп орнатқан. Оң жақтағы мәрмәр тақтаға Әулиетастың әулиелігін паш ететін туған табиғатының ғажайып құбылысын сақтай білуге үндейтін белгілі ақын Төлеген Қажыбайдың үш ауыз өлеңі жазылған. Қой сойып, құран оқытып, ауылдың ақсақалдарын жинап ас беріпті. Ас үстінде ел мұраты,
жер жайы әңгіме болған, ғибратты сөз айтылған.
Мұнтаздай тазарып, өзгеше кейіпке енген Әулиетас қазір олай-бұлай жүрген жолаушының ат басын бұратын орны. Осы жұмысты Жұмағұл жалғыз өзі атқарды. Қол көмегін өзінің ұжым мүшелері бергенімен, бар шығын, үш миллион теңге көлемінде жұмсалған қаражат бір өзінен шықты. Мақала жарияланғаннан кейін ай жарым өткенде редакцияға соққан. Қара торы өңі әлдебір қуаныштың лебімен алаулап, көңілі масайрап тұр. Әулиетастың басына апарып көрсеткен. Разы болдық. Кейін бір ауыз алғыс сөзімізді жаздық. Қош сонымен, қайра кездесудің сәті түспеген.
Арада төрт жыл өткен соң жайсаң жігіт Жұмағұл Жолдықов туралы тағы бір жақсы лепес естідік. Анық-қанығын өзіне жолығып білдік. Енді оқырманға осы бір жақсы мысалды, ұлағатты істі таратып айтатын жөніміз бар.
Қара күз. Қара суық өңменіңнен өтеді. Жұмағұл басшылық жасайтын серіктестік Тайынша қаласына көмір тасып жатқан. Бір жолы серіктестік жүргізушілері қара жолдың бойында дірдектеп тоңып отырған, жұқалтаң, көйлекшең орыс жігітін кездестіреді. Жасы сол кезде қырықтардың шамасында. Құжаты жоқ. Қалай болған күнде де адам баласы ғой, жүргізушілер серіктестікке алып келген. Алғашқы күндері киіндіріп, жуындырып адам кейпіне енгізген. Кейін Жұмағұл Көкшетау қаласында тұратын әкесінің үйіне апарып тапсырған. Жай жатқанша, егде тартқан әкесіне көмектесіп, қол ұшын беріп, еңбек етсін деген ғой. Әрі мұндағыдан жағдайы жақсы. Ара-тұра сұрап қояды. Сөйтсе Михаилдың қолынан келмейтіні жоқ екен. Алдымен ағаш ұстасы, сосын электрмен дәнекерлеуші, сырлау-сылауға сен тұр мен атайын.
Бірте-бірте осындай күйге ұшыраған Михаил Свиридовтың жан сырына, тағдыр жолына да қаныққан. Сөйтсе, Михаил Яковлевич қияндағы Әзірбайжанның Привольное селосында туыпты. Иранның шекарасынан сегіз шақырым жерде. Арғы аталары қызыл ағашты қырнап, өңдейтін атақты шеберлер. 17 жасында мектеп бітіріп, Таллиндегі оқу орнына түскен. Әскери міндетін Карелияда өтеп келген соң осы жерге әлдебір себеппен келген Қазақстанның бойжеткенімен танысып, шаңырақ құрады. Бұл уақытта өмір жолы оқтай түзу, даңғыл болатын. Табысты жұмысы бар. Пәтер алған. Көп ұзамай ұлды болған.
Кейін кеңес өкіметі келмеске кеткен беймаза уақытта бұлардың әп-әдемі, сүттей ұйып отырған шаңырағы ортасына түсті. Тұс-тұстан қауіп-қатердің көзге көрінбес найзалары шанши бастаған. Амал жоқ, тыныш жерге кету қажет. Әрі-бері ақылдаса келе, Қазақстанға, жарының туған жері Тайынша қаласына келген.
Тыныштық болғанымен, жұмыс жоқ. Күн- көріс қиынға айналған. Бірден бауыр басып орнығып кете алмаған соң, туған өлкесі Әзірбайжанға, сонда қалған анасына кетпекке әлденеше рет оқталған. Әйтсе де, әйелі ра-йынан қайтарып, етегінен тарта берді. Тіпті, бірде анасының өмірден өткені хабарланған жеделхатты да көрсеткен. Тәмам жұрттың ішінде өзін бөгде сезінген, жалғыз санаған Михаилдың ішімдікке құмарлығы осы кезден басталды. Арада біраз уақыт өткен соң әйелі мен ұлы Германияға қоныс аударды. Жалғыздықтың көкесі енді көрінді. Басында баспанасы, қолында құжаты жоқ Михаил әркімнің есігінде жүрді. Күндердің бір күнінде алды тұман, соңы белгісіз сапарға шықпақ болып жол бойында отырғанда көмір таситын жүргізушілерге кезіккен.
Осы сәттен бастап тұман сейіледі. Болашақ айқын, бағыт белгілі. Жататын жері, жұмысы, істеген еңбегіне орай алатын жалақысы бар. Тіпті, әлгі өңеші жыбырлап тұратын әдеттен де арылды.
Тумаса да туғандай етіп баққан Жұмағұлдың әкесі Шаяхмет мынау жарық дүниедегі татар дәмінің таусылар алдында баласын шақырып алып, аманат етіпті.
– Мынау Михаил бір абзал адам. Қолынан келмейтіні жоқ. Алдынан жұмыс үркіп тұрады. Оның үстіне қолының қыспасы, ақшаға қызығуы білінбейді. Адалдығы да адам айтқысыз. Ертең мен қайтпас сапарға аттанғанда қаңғыртып жіберіп жүрме, обал болады, – деп шегелеп тапсырған.
Әке сөзін аманат деп ұққан Жұмағұл Михаилдың құжатын істеп бермек болды. Оңай емес, әрине. Екі жыл уақыт өткен. Осы екі жылдың ішінде Тайынша қаласына кемінде жиырма рет барған. Мұрағатқа сұрау салып, өзге де тиісті мекемелерден дерек жинағанымен, қолдарына ештеңе ілікпеген. Көші-қон полициясынан да қайыр болмады. Полиция қызметкерлері көмек көрсетеміз деп ұмтылуын ұмтылды-ақ. Әзірбайжанға үш мәрте сұрау салған. Ләм-мим хабар жоқ. Алдымен Михаил Яковлевичтің туу туралы куәлігі қажет екен. Онсыз ешқандай құжат жасалмайды. Көші-қон полициясында жалғыз Жұмағұл мен Михаил емес, таразышы Шұға Әшімова мен есепші Алтынгүл Қанапина да болған. Талай күндерін өткізген. Әр кабинеттің алдында ащы ішектей шұбатылған кезекті күтіп. Елегізумен, үміттенумен бір жыл өтті. Әншейінде жер қозғалса қозғалмайтын сабырлы, салмақты Жұмағұл Шаяхметұлының шыдамы таусылды. Әзірбайжан елшілігінде он шақты рет болып, мәселесін шеше алмағаннан кейін тура әуежайға барды да билет алды.
Бакуден бес жүз шақырым жердегі елді мекеннің ішкі істер басқармасын тапты. Аудармашы жалдады. Қазақстандағы көші-қон полициясының сұрауларын іздестірді. Келуін келіпті. Тек орыс тілінде жазылған. Орыс тілінде жазылған соң әзірбайжан ағайындар қимылдай қоймаған. Сол жерде жүріп Жұмағұл Михаилдың анасының тірі екендігін естіген. О, ғажап, жұбайы қайтыс болғаны туралы жеделхатты да көрсеткен еді ғой. Сонда қалай тірі? Әлде бұрынғы әрекеттің бәрі Михаилды туған өлкесіне жібермеудің амалы ма?
Шынымен анасы тірі екен. Отыз шақырым жерде, дін аман тіршілік кешіп жатыр. Қияндағы Әзірбайжанға дерек іздеп келген Жұмағұлға отыз шақырым не тәйірі. Көлік жалдаған да, барған. Ашық күнде төбеден жай түскендей болды. Жұмағұлдың қолында баласының сау-саламат жүргенін анықтайтын фотосуреттері, бейнежазба бар еді. Соларын көрсеткен. Баласын әлдеқашан өлді деп, қайғының қара бұлтын жамылып жүрген, көкірегін шер басқан анасы Рая алғашқыда есінен танып түскен.
–Тірі екенін сезіп едім, сезуші едім, –деп солықтайды қайран ана, – «Жди меня» бағдарламасына да тапсырыс бергізгенмін.
Ағасы Борис өмірден өткен екен. Михаилдың туған жерінің топырағын баспағанына талай жыл. Қазір жасы 54-те.
Азапты жолдың бейнеті өтеліп, анасынан туу туралы куәлігі табылды. Жұмағұл үшін ат басындай алтын табылғанмен бірдей еді. Осы бір жапырақ қағаз үшін қияннан қиналып жетті емес пе?
Арада бір ай өткен соң «Узкая колея» серіктестігінде ақ түйенің қарны жарылған ұлан-асыр той болды. Бар ұжым тайлы-тұяғымен жиналып, Михаил Свиридовтың Қазақстан Республикасының азаматы атанып, төлқұжат алғандығын тойлаған. Ұжым анасына сый-сияпат алды. Жұмағұлдың өзі де. Қазақстаннан келген соң қазақтың дәмін көрсін ел. Қазы-қарта, жал-жая, құрт-ірімшік. Анасына көйлек, басқа да толып жатқан сый-сияпат. Құтты құдалыққа бара жатқандай. Бауыр басып қалған ұжым мүшелерінің Михаилды қиғысы жоқ. Бәрінің жанарларына мөлдір тамшы ілініп, бауырларына басады. Қайтып кел деп айту да қиын. Енді қайтып көріспейтіндей. Әйтеуір, бір беймаза сезім барлығын баурап алған. Алыс жолға аттанып бара жатқан әріптестеріне ақсақалдары бата берді.
Міне, енді сағынышты сапар. Михаилдың туған деревнясы көл-көсір қуаныш құшағында. Мектепте бірге оқыған сыныптастары, достары, пионер жетекшісі, мектеп директоры, тіпті, священникке дейін келген.
– Өшкенім жанып, өлгенім тірілді, мың рахмет саған, Жұмағұл. Сен енді менің туған ұлымсың,–деген анасы дастархан басында.
Тағы бір толқулы сәт қайтар сапардың алдында болды. Михаил енді ғана табаны тиген туған жерін де қимайды. Дәм-тұзын ұсынған, өмір жібі қолынан шығып бара жатқанда қайтып қатарға қосқан
Қазақстанды да. Соңғысы басым түскен. Дәл осы жерде Жұмағұл бауыры Михаилға ақылын айтқан. Қалам десең өзің біл, қыстамаймын, өкпем де жоқ. Туған жеріңмен, ет-жақын ағайыныңмен қауышып тұрсың. Ал, менімен бірге қайтсаң, қанатымсың, құйрық жалымсың.
Михаил Көкшетауға қайтты. Жұмағұл облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайының сыртынан құстың ұясындай жып-жинақы үй салып берген. Ішіне еурожөндеу жасалыпты. Есігінің алдында көкөніс жайқалып өсіп тұр. Лүп еткен желмен тербелген гүлдер Жұмағұлдың жан сезімі тәрізді. Астына машина мінгізіпті. Қазір бір мекемені басқарып отырған өзінің оң қолы.
– Әнеукүні Михаил Әулиетастың басына гүл отырғызып келіпті. Өзі барып маңайын тазалап, күтіп жүреді, – дейді Жұмағұл, – кім білсін, қасиетті өлкенің шарапаты да тиіп жатқан шығар?
Айтқандайын, ағалы-інілі адамдар тәрізді бір-бірін бауырына басып, құшақтасып тұрған екеуі әзілдесіп те қояды.
– Соңғы сайлау болған күні таң атпай оятты ғой бұл мені. Шарт ұйқыда жатқан едім, сайлауға барайық деп келіп тұр. Қазір бұл Қазақстанның азаматы ғой.
Иә, Қазақстанның азаматы. Осындай тағдырдың тәлкегіне түскен жанды қайрадан қатарға қосқан Жұмағұл да азамат, шын азамат!
Байқал БАЙӘДІЛОВ
Суретті түсірген Берік Ескенов.