Әр күндері қызықты

Биыл жазда Жарқайың ауданында 2206 бала жазғы демалыстарын түрлі демалу және сауықтыру лагерьлерінде, еңбек топтарында көңілді де қызықты  өткізетін болады. Бұл –  мектеп оқушыларының 99 пайызы жазғы каникулдарын тартымды өткізеді деген сөз.

 

Аудандық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Ысқақованың айтуынша, оқушылардың демалыстарын қызықты және мазмұнды өткізулеріне жағдай жасау, тәрбие жұмыстарын үзіліссіз жүргізу масқатында жұмыс арнайы жоспар бойынша қолға алынған. Пайдалы еңбек пен демалысты қатар жүргізу мақсатында мектеп жанындағы еңбек-демалыс лагерьлері ұйымдастырылды. 5-8 сынып оқушылары арасынан 23 топ құрылып, оған барлығы 200-дей бала тартылған. Сондай-ақ, мектеп жанынан күндізгі демалыс лагерьлері жұмыс істейтін болады. Осындай лагерьлерде 7-11 сынып аралығында оқитын 920 бала демалмақ.
Жазғы каникул күндерінде демалыспен бірге, балалардың пайдалы еңбекпен айналысып, қосымша табыс табуларына да мүмкіндіктері бар. Осы мақсатта елді мекендерді абаттандыру және көгалдандырумен айналысатын оныншы сынып оқушыларынан 11 топ құрылмақшы. Осындай топтарда 95 бала жазғы демалыстарын пайдалы еңбекпен айналысуға арнайтын болады. Державинск қаласының жанындағы «Аққайың» балалардың демалу-сауықтыру лагерінде оқушылар таза ауада демалып, уақыттарын тиімді өткізбек. Лагерьде 3, 5, 6 сынып оқушылары арасында үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында қазақ, орыс және ағылшын тілдері пәндерінің мұғалімдері балалармен жұмыс жасамақшы. Олар демалыс күндерінде түрлі ойындар ойнап, уақыттарын тартымды өткізумен қатар, тілдерін сындырып, үш тілде сөйлеуге дағдыланады.
Балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында да мақсатты жұмыстар жүргізілу де ойластырылып отыр. Осы бағытта ауданның 12 мектебінде «Жас әскер» әскери-спорттық лагерьлері ұйымдастырылып, оған 240-тай бала тартылмақшы. Бүгінгі күні аудандық ішкі істер бөлімінде тәртібі нашар 27 бала есепте тұрады. Олардың жазғы каникул күндерінде теріс әрекеттер жасап, жаман жолға түсіп кетпеуі де мектеп мамандарының назарында ұсталмақ. Балалардың жазғы демалыстарын түрлі демалыс, еңбек лагерьлерінде өткізіп, олармен тәрбие жұмыстарының үздіксіз жүргізілуіне көңіл бөлінбек. Туған жердің табиғатын, көрікті жерлерін, тарихи орындарын көздерімен көріп, танысулары үшін арнайы жаяу жорықтар ұйымдастырылу да жоспарланған. Биыл жазда 1200-дей оқушы осындай жорықтарға қатысатын болады. Еліміздің ертеңгі болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында екендігін ескерсек, оларға саналы тәрбие, сапалы білім беру мемлекеттік маңызы бар мәселе екендігін бағамдаймыз. Қазіргі нарық жағдайында екінің бірі бағасы қымбат демалыс лагерьлеріне балаларын жібере алмайтыны белгілі. Сондықтан, бұл мәселе атқарушы органдардың назарына алынып, балалардың жазғы демалыстарын қызықты және тартымды өткізулеріне жағдай жасауға жете көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, бұл іс мемлекеттік мекемелердің бақылауында ұсталуда.
Міне, балалардың жазғы демалысы да басталды. Биылғы жаз балалар үшін қызықты оқиғаларымен, тартымды сәттерімен, көңілді ойындарымен, әсерлі кештерімен есте қаларлықтай болып өтеді деген ойдамыз.

                            Қалкөз ЖҮСІП.

Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар