Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың қатысуымен «Ақмола облысында білім беру саласының дамуы туралы» тақырыбында баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда жалпы және кәсіптік білім беру мәселелері жан-жақты қамтылып, жете сөз болды.
Ақмола облысында 1330 білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 36 мыңнан астам адам қызмет атқарады, оның 22 мыңнан астамы педагогтар.Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласында 602 мектепке дейінгі ұйымда 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 86 пайызы, 3 жастан 6 жасқа дейін 100 пайыз қамтылған. Бүгінгі таңда 1115 орындық 14 мектепке дейінгі ұйым ашылып, 348орынға 16 балабақша кеңейтілді, 8 балабақша бөбекжайға ауыстырылды. Барлығы 1463 жаңа орын құрылды. Қазіргі таңда 1706 орындық 7 балабақшаның құрылысы жалғасып жатыр. Облыста 542 мектеп бар, онда 135 мыңнан астам оқушы оқиды.
Үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 15 орта білім беру нысандарының құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Қосшы қаласында 1200 орындық ІТ мектебі пайдалануға берілді, Көкшетау қаласында 100 орындық жеке мектеп ашылды. Мектеп автобустары паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл лизингтік келісім аясында мектептерге 60 автобус жеткізілді, – деді Ботагөз Балапайқызы брифингте.
Білім беру жүйесін цифрландыру жұмыстары әрі жалғасуда. Бүгінгі таңда облыс мектептерінде 45 мыңнан астам компьютерлік техника бар. Барлық мектептер жылдам интернетке қол жеткізе алады. Облыстың 206 мектебі робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Сонымен қатар, республикада «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп, бекітілді. Жобаны іске асыру 2023 жылы басталады.Ақмола облысы бойынша осы жоба аясында Көкшетау, Щучинск, Қосшы қалалары мен Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарында екі ауысымда оқыту кезінде 26,5 мың орындық 20 мектеп салу жоспарлануда.Оқу жабдықтары мен жиһаздардың толық жиынтығымен қамтылған орта білім беру ұйымдарының объектілерін салудың бірыңғай стандарттарын қолдану қарастырылып отыр. Оқыту процесін тиімді ұйымдастыру үшін білім алушылар мен педагогтардың оқу-тәрбие қажеттіліктеріне жауап беретін талаптар қарастырылады.
Қосымша біліммен қамтамасыз ету мәселесі де ұдайы назарда. 2022 жылы бұл жұмыс көлемі білім беру ұйымдары мен мектептердегі үйірмелердің және спорт секцияларының есебінен 76 пайызға дейін ұлғайтылды.
Мемлекет басшысының үйірмелер мен секцияларда балалардың тегін сабақтарын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін 2022 жылдың сәуір айынан бастап облыста 3000-нан астам бала қамтылған қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысы іске асырылуда.
Кәсіптік білім беру мәселесі де жетілдіріле түсуде. Облыста 20914 студент контингенті бар 32 колледж жұмыс істейді. Олардың 17253-сі бюджеттік қаржыландыру аясында білім алуда. Кадрларды даярлау 97 мамандық және 145 біліктілік бойынша жүргізіледі.Өңірдің 450 кәсіпорнымен ынтымақтастық шеңберінде дуальды оқытуды енгізу жалғасуда деп атап көрсетілді брифинг барысында.
Тағы бір елең ете түсер жағымды жаңалық, студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу үшін облыс орталығында әрқайсысы 300 орындық үш студенттік жатақхана құрылысы басталды. Көкшетаужоғары техникалық колледжі, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің осы жатақханаларының 2023-2024 жылдарда кезең кезеңмен салып бітіру жоспарлануда. Сонымен қатар, Көкшетау жоғары көпсалалы азаматтық қорғау колледжі 500орындық жатақхана салуды жоспарлап отыр. Яғни, алдағы уақытта студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесінің күрмеуі шешіледі деген сөз.
Жиын соңында Ботагөз Дүйсенова ақмолалық студенттер30 негізгі құзыреттілік бойынша «WorldSkills Kazakhstan – 2022»дәстүрлі республикалық кәсіби шеберлік чемпионатына қатысып, негізгі көрсеткіштер бойынша үздік үштікке енгендігін айтты. Брифинг барысында журналистер білім саласына қатысты көкейтесті мәселерді ортаға салып, сұрақтар қойып, олырға тұшымды жауаптар ала алды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.