Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақын есімі ұлықталып, ескерткіш тақта орнатылды - АРҚА АЖАРЫ

Ақын есімі ұлықталып, ескерткіш тақта орнатылды

Жаңа жыл қарсаңында Астана төрінде бір игі шара өтті. Ақын, жазушы, публицист, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа ОРАЗ тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.Есіл өзенінің жағалауында Жеңіс даңғылында орналасқан №2 бес қабатты үй Нұрғожа Ораз үшін құтты шаңырақ болды. Ол отбасымен бірге осы үйде1985 жылдан 2012 жылға дейін тұрған екен. Бұл үй өзге бірқатар зиялы қауым өкілдеріне де құтты қоныс болды. «Арқа ажары» газетінің бас редакторы болған белгілі қаламгер Жомарт Әбдіхалық та осы үйде тұрған болатын.

Бұрынырақ оған да ескерткіш тақта орнатылғанын айта кеткен жөн. Жиналған зиялы қауым алдында сөз сөйлеген С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, Астана мәслихатының депутаты Айтжан Әбдіров:

–Қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, белсенді қоғам қайраткері Нұрғожа Оразұлттық руханиятымыздың аламан бәйгесіне алпыс жыл бойы ат қосып, алғадай топтың алдында жүрді.Ол 1965-1991 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының осы өлкедегі өкілдігін басқарып, қалам ұстаған жастарға қамқорлық жасады. Арқа өңірінде ақын-жазушыларды қолдау мақсатында «Сарыарқа» журналын шығарды. 1997 жылы Алатау баурайынан Ақмолаға астана көшірілгенде мемлекет басшыларын қарсы алу кезінде қаланың кілтін тапсырған делегацияның басшысы болды.

Астана қаласының саяси және қоғамдық-мәдени өмірін жаңа сипатта қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Бірнеше жыл бойы ономастикалық комиссияның белсенді мүшесі болып, игілікті шаралардың атқарылуына атсалысты. Дарынды болмысы, кісілік келбеті, өшпес рухы ел жадында ұмытылмайды. Осы мақсатта Астана қалалық әкімдігі мен мәслихаты ақынның өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнату туралы шешім шығарды, – деді.

Келесі кезекте Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов:

–Нұрғожа Ораз – сан қырлы, сан сипатты дарынды өнер иесі. Ақын, жазушы, педагог, көсемсөзші, зерттеуші және тарихшы. 1947-1950 жылдары қазіргі Атырау қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп, Мұнайлы мектебінде сабақ берді. 1951-1956 жылдары Қазақ ұлттық универсиетінде оқыды. Мұхтар Әуезовтың даналық дәрістерін тыңдады. Халық әртістері Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Асқар Тоқпановтардың көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты. 1963 жылы Қостанайдан қазіргі елордамызға, «Тың өлкесі» газетіне қызметке шақырылды.

Содан бастап Ақмола қаласының өнеріне, мәдениетіне, біліміне 53 жыл бойы қызмет етті. Ауыл шаруашылығы институтында қазақ халқының тарихы, көшпенділер және батыс өркениеті деген тақырыптарда дәріс жүргізді, – деді. С.Негимов одан әрі сөзін жалғап:–Жазушының қаламынан «Талқандалған тарихат» деген ғажап кітап туды. Сақ, ғұн заманынан бергі ұлттық тарихымыз, мәдениетіміз бен өнеріміз және жыраулар мен жыршылар сол кітапта түгел қамтылды. Кеңес дәуірінде ұлт трагедиясын арқау еткен «Қаракүйік» деген роман жазды. Бұл ғажап туынды. Ол кезде жарыққа шықпады, кейін жарияланды. Нұрғожа Ораздың жазушылық тұлғасын, азаматтық болмысын, ұлт тарихына қосқан үлесін осы романынан айқын көреміз. Одан кейін «Өмірдің өзі сөйлейді», «Әлем қайда барады?» деген публицистикалық кітаптарында қазақ қоғамының мүшкіл жағдайы, тілі, діні, дәстүрі талқыға салынған, – деп қаламгердің шығармашылығына жоғары баға берді.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, жазушы, журналист Қайсар Әлім: «Ескерткіш тақта орнатылуы арқылы бұл үй тарихи ғимаратқа айналады. Осы жерден өтіп бара жатқан адам қазақтың осындай қаламгері тұрған үй екен деп рухына тағзым етеді» деп игі бастаманың сәтті шыққанын атап өтті.

Жазушы, ҚР мәдениет қайраткері Толымбек Әбдірайым: «Нұрағамыз қазақ әдебиетінің қос алыбы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтер кіндік кескен жерде дүниеге келген. Сол заңғарларымыздың заңды жалғасы болып, соңына өшпес із қалдырды. Нұрғожа Нарынбайұлы осы өңірдің мәдениеті мен өнерін өрге бастыруға көп еңбек сіңірді. Міне, енді халқы оны құрметтеп, еске алып жатыр. Қаламгердің есімін ел жадында сақтау мақсатында істер атқарып, осы шараға мұрындық болған азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз» деп өз ойын ортаға салды.

Қазақстан Жазушылар одағының Астанадағы филиалының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы: «Нұрғожа ағамыз Арқада руханияттың, әдебиеттің ат байлайтын алтын қазығы болды. Біз 1999 жылы Алматыдан оқу бітіріп, Астанаға келгенімізде әлі әдеби орта қалыптаспаған еді. Жас ақындар «Қайда барамыз?» деген кезде «Сарыарқа» журналының редакциясына келіп, Нұрағамызбен әңгімелесетінбіз. Ағамыз қазақтың арғы-бергі тарихын терең білетін еді. Журналға өлеңдеріміз бен мақалаларымызды шығарды. Астананың Целиноград, Ақмола болған тұстарында ұлтқа қатысты мәселеде ту ұстап, алда жүрген бұйда тартарымыз, тізгін ұстарымыз Нұрғожа ағамыз болды. Сол еңбегін халқы біледі. Ақынның рухани мұрасы жасай берсін» дей келіп, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ізгі тілегін жеткізді.

Нұрғожа Ораз соңына әдеби мол мұра қалдырды. Оның 50-ден астам кітабы жарық көрген. Оның ішінде поэма, дастандар мен өлеңдер жинағы, романдары, повестері мен әңгімелері, публицистикалық зерттеу еңбектері оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. 7 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Қаламгердің туындыларына елдің, халықтың тағдыры арқау болған. «Біз қайда бара жатырмыз?», «Келешегіміз қандай болады?» деп болашаққа көз жүгіртеді. Өзінің ой толғамдарын ортаға салады. Ол өз өлеңдерінде еліміздің болашағы жарқын болсын деп тілеген.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінен кейін журналистерге сұхбат берген қаламгердің зайыбы Айман Қожахметқызы: «Бұл тек біздің отбасымызға ғана керек емес. Келешек ұрпақ тарихты білуі үшін қажет. Қолдау білдірген жұртшылыққа, Астана қалалық әкімдігі мен мәслихат депутаттарына, Қазақстан Жазушылар одағына және оның елордадағы филиалына алғысымыз шексіз. Ел-жұрттың құрметтеп жатқаны оны қайта тірілткендей әсерге бөледі. Еліміз, халқымыз аман болсын. Ақын жырлағандай Қазақстанымыз көркейе берсін» деді толқып тұрып.

Айбатыр СЕЙТАҚ.

АСТАНА.

Суреттерді түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар