Өз алаңындағы екінші ойынында да «Оқжетпес» клубы ерледі деп айтсақ, ешбір артықтығы жоқ. Ел біріншілігінің 18 турындағы «Ақтөбе» командасымен өткен кездесу осыны көрсетті.
Жеңіске деген жігер танытқан жерлестеріміз қарсыластар қақпасына төрт доп соғып, биылғы біріншіліктегі ірі жеңістеріне қол жеткізді.
Кездесудің жиырмасыншы минутында-ақ мерген шабуылшыларымыздың бірі Марат Хайруллин есеп ашты. Ойынның 35-інші минутында Александр Кислицын есепті 2:0-ге жеткізіп, еселей түсті. Артынша осы кездесуде ширақ қимылымен жанкүйерлер қошаметіне бөленген Жақып Қожамбердінің әуелете тастаған добын қақпаға тура бағыттаған М.Хайруллиннің тағы да жолы болды. Ал, қонақтар қақпасына төртінші допты ойынның екінші жартысында ұшқыр футболшыларымыздың бірі әрі бірегейі Әлібек Бөлешев соқты. Бұған қонақтар бір-ақ голмен жауап бере алды.
Арқа ажарының» өз ақпараты.