Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Редактор - АРҚА АЖАРЫ

Редактор

Бақыт Зиядақызы Исабекова он сегіз жылдан бері қазақ және орыс тілдерінде шығатын аудандық «Атбасар», «Простор» газеттерінің редакторы болып қызмет істеп келеді. Осы жылдар ішінде қол жеткен жетістіктері де, әттеген-ай дегізген өкінішті сәттері де болды. Дегенмен, ол үшін ең басты жетістік – талай қиын өткелектерден өтіп, жүздеген оқырманы бар жергілікті басылымның шаңырағын шайқалтпай, өз деңгейінде ұстап келе жатқандығы.

Мектеп бітірген жасөспірімнің көкірегінде сан түрлі арман-мұраттары болады. Бірақ, өмір біздің арман-қиялымызға қарамай, өз дегенімен жүреді екен. Бақыт Исабекова
ешқашан журналист, жәй қарапайым журналист емес, оларға басшылық жасайтын редактор боламын деп ойлаған да, армандаған да емес-тін. Оған мектепте мұғалім болып, балалармен жұмыс істеу ұнайтын. Содан болар, онжылдықты аяқтаған соң өзгелер сияқты әр тарапқа бой ұрмай, бірден Арқалық педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсті. Институтқа түсуі де, оны бітіруі де ешқандай қиындық келтірген жоқ. Жоғары оқу орнын бітірген жас маман әуелі Атбасар ауданында, кейінірек Атбасар орта мектептерінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Алғашында қызбалықпен тіл мамандығын таңдаған ол кейін келе тарих және қоғамтану пәндеріне көңілі ауды. Содан ҚазМУ-дің тарих факультетіне сырттай оқуға түсті. Оқи жүріп мектепте орыс тілімен бірге тарихтан да сабақ берді.
1989 жыл оның өміріне елеулі өзгеріс әкелген жыл болды. Мектеп мұғалімі күтпеген жерден ауылдық кеңестің депутаты және кеңес төрағасы болып сайланды. 1990 жылдары қоғамдық-саяси өзгерістер басталды. Сөйтіп, енді ауылдық округ төрағалары ауыл әкімі  атанды. Сол бір қиын кезеңде Бақыт Зиядақызының еншісіне өз бюджеті, қаржысы жоқ ауыл әкімі болып, ауыл өміріне қатысты күрделі мәселелерді шешу жазылыпты. Атбасар ауылдық округі Шұңқыркөл болып өзгертілді. Жалақы мен зейнетақы уақытында берілмей, бұрынғы ұжымдық шаруашылықтар тарап, жекешеленіп жатқан сол ауыр жылдарда ауылға қатысты барлық мәселелерді шешу ауыл әкімінің мойнына жүктелді. Міне, сондай ауыр кезеңде ол өз міндетін талапқа сай атқарды.
1997 жылы сол тұстағы аудан әкімі Тасболат Қасенов жас әкімге аудандық ішкі саясат бөлімін басқаруға ұсыныс жасады. Жаңа орта, жаңа қызмет, қалай болар екен деп алғашында қобалжығанымен, аудандық деңгейдегі жауапты қызметке баруға тәуекел етті. Өз міндетін қай жерде де ұқыпты атқаратын Бақыт Исабекова аудандық ішкі саясат бөліміндегі қызметін де ойдағыдай орындады. Содан болар, араға бір жарым жыл салып, 1998 жылдың қыркүйегінде аудан әкімі оған қазақ және орыс тілдерінде шығатын біріккен «Атбасар», «Простор» газеттерінің редакторы болу жөнінде ұсынысын айтты. Бір кезде мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бергені болмаса, қолына қалам ұстап мақала жазбаған оған жаңа ұсыныс оғаштау болып көрінген. Дегенмен, ойланып, қабырғасымен кеңескен соң редактор болуға тәуекел деп бел байлады. Осылайша алдынан жаңа өмірдің есігі ашылды.
– Мен газет тізгінін ұстаған кез аса ауыр жылдар еді. Жалақы мен зейнетақы бере алмай отырғанда газеттің қажеті бар ма дейтіндер де болды. Газет қызметкерлері әлденеше айлап жалақыларын алмай жұмыс істеді. Бірақ, қиындыққа төзіп, болашақ жақсы күндерден үмітімізді үзбедік, – деп есіне алады өткен кездерді ол. Сондай қиын шақта ең алдымен, қолдау көрсеткен қарапайым жұртшылық – қалың оқырман болыпты. Аудан тұрғындары үйреніп қалған «Простор» мен «Атбасарға» жазылып, жергілікті басылымның таралымын түсірмеді. Одан қалды, күнделікті сататын, сатып алатын заттар мен көрсетілетін қызметтер туралы жарнамалар да аз болмады. Осының арқасында газет қиындықтан ақырындап шығып, заман талабына сай бет-бейнесі мен сапасын өзгертті.
2001 жылы аудандық газет компьютерлік беттеуге көшіп, алғашында Астанада, кейінірек Көкшетауда басылып шығатын болды. Газеттің бет-бейнесі өзгерді. Бұрын суретсіз шығып келген басылым суретпен, түрлі көлемдегі әріптермен, ою-өрнекпен безендірілді. Өз кезегінде бұл оқырмандар тарапынан да жылы қабылданып, таралым саны да өсе түсті.
2004 жылы газет редакциясы меншік түрін өзгертіп, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналды. Енді бар ауыртпалық газет редакторының мойнына түсті. Аудан әкімдігі мемлекеттік тапсырыс есебімен бюджеттен аздап қаржыландырғаны болмаса, газет өз күнін өзі көруге көшті. Осыған орай, нарық талабына сай  жұмыс істеу қажеттігі туды. Бұл міндеттің бәрін редактор шешуі қажет еді. Жауапкершілік жүгін қашанда терең сезініп, өз ісіне ұқыпты, тиянақты қарайтын Бақыт Зиядақызы редакторлық міндетін абыроймен атқарып келеді. Қазіргі күні аудандық «Атбасар», «Простор» газеттерінің өз ғимараты, жеңіл автокөлігі бар. Жұмыс істеуге қажетті барлық техникамен жарақталған. Қызметкерлердің жалақы деңгейі де өзге мекемелермен салыстырғанда біршама жоғары. 16 бет болып аптасына бір рет шығатын «Простордың» таралымы  6 мыңның үстінде болса, 8 бет болып шығатын «Атбасарды» мыңнан астам адам алып оқиды.
– Қандай істі де ең алдымен маман шешетіндігі белгілі. Бізде өз жұмысын өте жақсы білетін журналистер жұмыс істейді. Өмірсерік Шайхин, Елена Вергун, Күләш Шайхина, Темірбек Қасымжанов, Динара Жанахметова – бәрі де қаламы жүйрік журналистер, – дейді Бақыт Зиядақызы.
Газетте қызмет істейтін мамандардың бәрі өз жұмыстарын жетік білетін адамдар. Газет беттеушілер Наталья Гречанова, Шарапат Нұркеева, Руслан Сұлтанов, бухгалтер Олеся Пилюшка мен апта сайын газетті Көкшетаудан жеткізіп отыратын жүргізуші Талғат Исабековтердің еңбегін де атап өтпесе қиянат болар еді.
Әлемді билеген дағдарыс біздің елімізді де сырт айналып өтпеді. Көптеген мекемелер мен кәсіпорындар жұмысшыларын қысқартып жатқанда, аудандық газет қызметкерлерінің санын да, жалақысын да кемітпеді. Керісінше, биыл жаңа жылдан бастап жалақы деңгейін өз мүмкіндіктеріне қарап аздап өсірді.
Қазіргідей нарық жағдайында басшы болу оңай шаруа емес. Осындай ауыр міндетті мойнына алып, ұзақ жылдардан бері іргелі ауданның көп жылдық тарихы бар басылымын басқарып келе жатқан Бақыт Исабекованың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  20 жылдығы» сияқты бірқатар мерейтойлық медальдармен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталып, түрлі конкурстардың жеңімпазы атанған. Үлкен қызы Анар Астанада медициналық академияда оқыса, кіші ұлы Дамир мектептің он бірінші сыныбына өтті.
Өмірден де, еңбектен де орнын тапқан Бақыт Исабекова басқаратын аудандық газет ұжымы өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыроймен орындап, оқырмандарын қызықты да тартымды мақалаларымен қуантып келеді.

Қалкөз ЖҮСІП.
Атбасар ауданы.

Суретте: аудандық «Атбасар», «Простор» газеттерінің редакторы Бақыт Исабекова  ұжымымен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар