Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қоғамдық ойдың қайнар көзі - АРҚА АЖАРЫ

Қоғамдық ойдың қайнар көзі

 Қазақ халқының табиғаты өнер атаулымен тамырлас. Оның ішінде сөз өнерінің алатын орны мейлінше ерекше тұр. Ұлы Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» деуі көп нәрсені аңғартып тұрған жоқ па?!.

 Заман тынысы ауызшадан жазбашаға ауысқан кезде қазақ қоғамының көңілі бүгіндері бұқаралық ақпарат құралына айналған газет-жорналдарға қарай ауды. Жер-жердегі көкірегі ояу білімділеріміз баспасөз жанрына жан бітірмеп пе еді сонда.
Тілді өркендету ісіне бүгінгі журналистер қауымы да зор үлестерін қосып жатыр. Республика немесе аймақтық деңгейде шығып жатқан газет-жорналдарды жіті қарап отыратын адамның одан хабары бар екені даусыз мәселе. Үлкенді-кішілі мақалаларды оқығанда ішінен бағасы алтынмен пара-пар дүниелерді жиі кездестіреміз. Мазмұны терең, тілі жатықтарын жинап жүретін де әдетіміз бар.
Өзіме келсем, осы салада еңбек етемін деген ой бірде-бір рет алдымнан шыққан емес. Әке-шешемнің облыс пен ауданның газеттерін тағатсыздана күтіп отыратыны бала кезімде мені қатты таңырқататын. Сондықтан, келе жатқан пошта қызметкерін қарсы алу, газетті үйдің үлкендерінің қолына ұстату – басты парызымыз болды. Сол үшін аз мақтау естіген жоқпыз.
Әкем Сәлкен екінші дүниежүзілік соғысты толығынан басынан өткерген жан. Әскери қызметке бас-аяғы он жыл уақытын беріп, жасы 30-дан асқанда аман-есен елге оралса керек. Оны айтып отырған себебім, Ұлы Отан соғысы жылдары жауынгерлерге орысша-қазақша газеттер таратылып отырған. Сондай газеттің бірі «Отанды қорғауда» оның талай мақалалары басылған. Ақмола облысын А.Браун басқарған жылдары Астрахан ауданына Еренков деген бір әпербақан жетекшілік етті. Бірде «Арқа ажары» газетінде соның жайсыз істері жайлы көлемді мақала шығып, ондағы деректерді тексеру облыстық партия комитетінің нұсқаушысы боп жүрген маған тапсырылды.
Қазіргі кезде мемлекеттік қызмет саласында Әдеп институты ашылды. Халқымыздың «Игіліктің ерте кеші болмайды» деген сөзі шындық. Себебі, ел басқарған кісілер инабаттылық пен әдепті, сондай-ақ, дәстүр мен тілді білмесе өмірі жақсы атанбайды.
Целиноград ауданы халқының саны жағынан да, өркенді істері бойынша да біздің өңірде алдыңғылардың қатарында тұр. Егемендік дәуірінде астаналық ауданға талай маңғаздар басшы боп тағайындалды. Жақсыларының аты әлі күнге дейін ел аузында. Қылығы мен ісі жақпағандар да кездесті. Кейбірі апта басында өтетін дәстүрлі үкіметтік сағаттарын бос әңгімеге, соңғы үлгідегі тігілген киімдерін көрсетуге әуестеніп, ақыры өзін-өзі мазаққа айналдырды. Біздің қолымызда солардан қалған біраз әжуа әңгімелер де бар. Реті келсе бір басылар. Негізі, әпербақан әрі жүгенсіз өскен кісіні басшы қып бекітуге болмайды. Мемлекеттік жауапты салаға тәрбиелі ортада қалыптасқан, тәжірибесі мен білімі жетік адамдардың іріктелгені абзал. Әдеп институтының бұған жасар ықпалының зор болатынына сенімдімін.
Елбасымыз Н.Назарбаев мемлекеттік қызметті жеке меншігіне айналдырғандарды талай рет ескерткенін көпшілік біледі. Бұл ұмытпайтын ереже. Соларға жағымпаз болған бір жылпосқа бір өмірлік сабақ бергеніміз бар.
–Мені көппен ылғи түсіресің. Бірақ, газетке шықпай қаламын, – деді ол бірде маған жұрт алдында.
–Кінәні фотоаппараттан көр. Ол көлеңкені емес, адамды ғана түсіреді, – дегенімде, жаңағы басшы алды-артына қарамай тайып отырды.
Газет – халықтың үні. Ал, сол қалың ортаның көңілін сезіп, соған лайық бағыт ұстау – ақпарат құралдары қызметкерлерінің міндеті дер едім.  Түрлі мемлекеттік салада еңбек етіп, кейін баспасөзге көңіл қойғаныма өкпем жоқ. Жалпы, газет пен теледидарда тер төгіп жүргендердің еңбегі қашан да адал. Ақиқат пен тазалықтың жаршыларына міншілдікпен емес, кісілікпен қарағанның өмірдегі жолы кіршіксіз болары анық.
Осындайда жаяу жүріп атқа мінгендерге намысын жібермеген Жаяу Мұса бабамыз еске түседі. Сөздің қадірін білгендер оны түсінер деп ойлаймын. Халқымыз әрдайым солардың жағында болған. Өмірдің негізгі қағидасы – әділеттілік. Бұл адамзат қоғамындағы қарым-қатынастың негізгі арқауы дер едім.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар