Степногорск Ақшамы тәуелсіздік жемісі

Қай газет болсын, өз оқырмандарымен құнды. Небары онжылдық тарихы бар «Степногорск ақшамы» газеті осы қысқа мерзім ішінде бұқаралығымен көптің назарына ілігіп келеді. Ел тәуелсіздігінің төл перзенті атанған жас газет осы өнеркәсіпті қалада қазақ тілінің де қанат жаюына өзіндік үлесін қосуда.

Жергілікті ұлттың үлесі тым аз мекен болуына қарамастан, мемлекеттік тілге деген талаптың артуынан оның қажеттілігі білініп, болашағына жол ашылды.
2006 жылдың наурыз айында жарық көрген тұңғыш қазақ газеті оқырмандардың көзайымына айналды. Оның қоғамдық-саяси газет болып қалыптасуының өзі барша жұртты өз төңірегіне тарта түсті. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көруіне қарамастан, сан қырлы тақырыптарды қамтыған мақалалары құндылығымен ерекшеленді. Әсіресе, ол шығармашыл адамдарға таптырмайтын мінбер болды. Қала әкімі Жанболат Смайылов бюджеттен арнайы қаржы бөлдірді. 3 мың данамен таралған газет тек қалада ғана емес, ауылдарға да жетіп жатыр.
Өткен он жыл газеттің танымалдығын жетілдіре түсті. Кейін «Степногорск ақшамы» газеті қалалық медиа орталықтың жанынан шыға бастады. Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Тоқтамыс Сағиев ағамыз газет тағдырына байланысты қала басшылығымен үнемі байланыста болып, оның түйткіл мәселелерін шешіп беріп жүрді. Соңғы жылдары нарық салқыны газетке де әсерін тигізді. Соған қарамастан бар қиындық артта қалуда. Степногорск қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев медиа орталыққа жиі келіп, жұмыс барысын көзбен көреді. Бұрынғы әкім Мұратбек Тақамбаевтың кезінде жаңа техника, қажетті құралдар сатып алынды. «Вечерний Степногорск» газеті
де осы орталықта бірге жарық көруде.
Газет тек саяси мақалалар ғана жазып қоймай, өнеркәсіп, әдебиет, мәдениет, тіл, өнер салаларына да үнемі көңіл аударып келеді. Сол үшін де оқырмандар қауымы осы газетті іздеп жүріп оқиды. Газеттің штаттан тыс тілшілері Тоқтамыс Сағиев, Әбжан Шұғайұлы, Оспан Әбдімұратұлы, Кәрібек Бүркітбаев, Сапар Сабыров, Кәдірберді Әбдісаттаров, Қарашаш Тыллабаева тағы басқалар үнемі белсенділік танытуда.
Газет көтерген мәселелер елеусіз қалған емес. Мемлекеттік тілдің салтанат құруында да оның үлесі мол болды деп айтуымызға әбден болады. Қазақ тіліндегі жарнама, маңдайшалардағы қателер сыналып, дер кезінде жөнге келтірілуге ықпалын тигізді. Қаланың өзінде екі мектеп таза қазақ тілінде білім беруде. Басқа мектептерде де қазақ сыныптары ашылып, саны артып келеді. Мұның өзі қазақ газеті оқырмандарының көбеюіне ықпалын тигізуде.
Степногорск қаласының аумағы біршама кеңи түсті. Бірнеше ауылдар қалаға қарады. Ауылдық жерлерде негізінен жергілікті ұлт өкілдері тұрады. Тарихи Отанына оралғандар қаншама. Мұның өзі қазақ газетіне деген сұранысты арттырды. Жазылымның өркендеуіне қала әкімдігі мен оның ішкі саясат бөлімі айтарлықтай атсалысуда. Бөлім басшысы Орынбасар Бейсенбина газет сапасының жақсаруына мән беріп, қандай мәселелер болмасын, дер кезінде шешуге ықпал етеді. Жарнама мен ақылы мақалаларға кең орын беріліп, өзін-өзі қаржыландыруға
мән берудеміз.
Соған қарамастан, өз ана тілінде жарық көретін газетті оқымайтын қандастарымыздың да бар екені жасырын сыр емес. Түсінгенімен, оқи алмайтындары қаншама. Бірақ қазаққа, ұлтқа деген құрмет көзқарастары сезіліп тұратынын жасыра алмаймыз. Қазақтың тілін құрметтеп, оны жетік меңгеріп алған өзге ұлт өкілдері де бар. Олардың ішінде Ивн Ковцур, Алексей Туфанов сынды бауырларымызды ерекше атауға болады.
«Степногорск ақшамы» газеті өткен онжылдық тарихында сан соқпақты басып, бұқаралығымен құнын арттырды. Таралым тиражы мың данадан бір кеміген жоқ. Өз баспаханамыздың болмауынан газет өзге қаладан шығарылып, тасымалданады. Оған да аз қаражат кетпейді. Медиа орталық басшысы Бәтеш Әбілшенова газеттің тоқтаусыз шығуы мен экономикалық мәселелерін ретке келтіріп, қалалық әкімдіктің қолдауы арқасында бәсін жетілдіруде.
25 жылдық тарихы бар елдің төл перзенті «Степногорск ақшамы» замана үніне өзінше жарқын үн қосып, елмен бірге қанат жаюда.

Полатбек ЖАНБАЕВ,
газеттің бас
редакторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар