Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Целиноград ауданы мен Қосшы қаласында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмыс барысымен танысып, алдағы міндеттерді белгіледі.
Целиноград.Өңір басшысы алдымен Аққайыңауылында орналасқан «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, осындағы қамкөңіл қариялар мен тағдырдың тақбезесін тартып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандармен жолығып, олардың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты. Бір атап өтерлігі, қариялар өмірдің сынағына дес бермей, қолдан келгенінше өз көңілдерін жасытпай, бір-біріне қолдау көрсетіп жүргендіктері бірден байқалады. Бірі топ болыптамылжыта әнсалса, енді бірі салауатты өмір салтын ұстануын тоқтатпай, тренажер залында дене жаттығуларын жасауда, тағы бірі физиокабинетте ем-дом алуда. Енді бірінің сурет салып, табиғи талантын шыңдап отырғандығын көріп, тәнті боласың. Бастысы жігерлері жасымаған. Адам баласы үшін бауыр еті баласының өзінен бас тартқанын естіп, білу, жалғыздықтан жапа шегуден асқан ауыр азап жоқ шығар. Осыған қарамастан, өмірден баз кешпей, сол қалған ғұмыр жолын мәнді өткізуге талпынған қамкөңіл жандарды көргенде бір жапырақ жүректің дір етпей қоймайтыны бар.
Орталық директорының міндетін атқарушы Құралай Исенованың айтуынша, қазіргі таңда мұнда 145 адамтұрып жатыр. Олардың 91-і ер адам болса, 54-і әйел азаматшалар. Орталықта физиокабинет, психологиялық көмек көрсету кабинеті, тренажер залы, акт залы, кітапхана, мұражай, музыка кабинеті, асхана бар.
– Мұндағы адамдардың барлығы өздерін өз үйлерінде сияқты сезінуі үшін барлық жағдайлар жасалған. Күніне бес мезгіл тамақтану қарастырылған. Психологиялық-әлеуметтік, медициналықкөмек көрсету, бос уақыттарын тиімді өткізу мәселелері жақсы ұйымдастырылған.Арт терапия, вокал, шахмат және тағы басқа көптеген үйірмелер жұмыс істейді, – дейді Құралай Исенова. Қазіргі таңда мұнда тұрып жатқан жандардың ең жасы 41 жаста болса, ең үлкені 95 жаста екен. Олардың көбі Ақмола облысының тұрғындары.
Орталықты аралап шыққан өңір басшысы қариялармен тілдесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар, облыс әкімі орталықтағы салауатты өмір салтын серік еткен жандарға арнап жүгіру жолағын тарту етті.
Өткен жылы Целиноград ауданының Аққайың ауылында форель өсіру қолға алынды. Өңір басшысы тың кәсіпті дөңгелетіп отырған шаруашылықты көру үшін арнайы ат басын бұрып, «Poseydon» серіктестігінің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты.
Аталмыш нысан өткен жылы қараша айында пайдалануға берілген екен. Жобаның жалпы құны 745 миллион теңге көлемінде. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа серіктестік басшысы Шыңғыс Әбішевфорель балығының майшабағын Қырғызстаннан сатып алғанын жеткізді. Содан бері титімдей шабақтар әжептәуір өсіп қалған екен. Қазіргі уақытта жалпы салмағы 60 кг болатын 20000-ға жуық шабақ бар. Бір шабақтың орташа салмағы 3,7 грамм.
Қазіргі таңда шаруашылықта 24 бассейн орналасқан. Бір бассейндегі су көлемі 30 текше метрді құрайды.Серіктестік басшысының айтуынша, жылына бекіренің (осетр) 15 тоннасын, ал, форельдің 35 тоннасын өндіру жоспарланған.
– Форельге нарықта сұраныс өте жоғары. Біз қазіргі таңда Целиноград ауданы бойынша осы істі қолға алған бірінші серіктеспіз. Біз бұл өніммен Астана қаласындағы сауда орындары мен түрлі тамақтандыру орындарынқамтамасыз етіп отырмыз. Бұған дейін Астанада қызыл балық басқа өңірлерденжеткізілген болса, ендігі орайда өзіміздің отандық өнімге қол жеткізіп отырмыз, – дейді Шыңғыс Әбішев.
Аталмыш шаруашылықта он адам жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың еңбекақысы орта есеппен алғанда 300 мың теңге көлемінде.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жаңадан ашылған шаруашылыққа оң баға беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін өңір басшысы Астананың іргесіндегі Шұбар ауылына бетбұрып, ауылдағы жалпы білім беретін мектепке барды. Соңғы жылдары Целиноград ауданындағы ауыл-аймақтар көркейіп, өркендеп келеді. Елді мекендердің көшелері жарықтандырылып, жолдар жаңарып, ауыл тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Келер жылы ауылдарға газ тартылады деп жоспарланған.
Шұбар ауылында да ел тұрғындарының қолайлы тұрмысы үшін барлық жағдайлар жасалған. Ендігі бір түйіні шешілмеген мәселенің бірі, жаңа мектеп ғимаратының қажеттігі. Қазіргі таңда ауыл оқушылары 1962 жылы салынған ескі мектепте білім алуда. Бұл мектеп ғимаратына 2020 жылыоблыс әкімінің тапсырмасы бойынша қосымша ғимарат салынған екен. Осы игі істің шапағатынан үш ауысымдық мектеп мәселесі түбегейлі шешіліпті. Бұл мектептің жобалық қуаты – 120 орындық. Ал, қазіргі таңда мұнда 169 оқушы оқиды. Мектеп директоры Мүбарак РымбекұлыБайшолақовтың айтуынша, жыл сайын балалардың саны өсіп келеді. Астанаға жақын орналасқан ауылда тұрамын дейтін тұрғындардың саны жыл сайын арта түсуде. Онымен қоса, Аққайың ауылындағы оқушылар да осы мектептен тәлім алады. Кейбір ауыл тұрғындарының балалары Астана қаласында оқиды екен. Жаңа мектеп ғимараты іске қосылса ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмас еді дейді мектеп директоры. Қазіргі таңда 300 орындық жаңа мектептің құрылысы басталған. Облыс әкімі жаңа мектеп 2024 жылы пайдалануға берілетінін жеткізді.
Бұдан кейін өңір басшысы жалпы білім беретін Қызылсуат мектебіне барып, білім ордасын аралап, мектеп ұжымымен кездесті. Қызылсуат ауылының тарихы тереңде. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа мектеп кітапханашысы Мұхтарима Төлегенова ауыл мен мектеп тарихы туралы тарқатып айтып берді. Аталмыш білім ордасының оқушыларыбілім бәйгесінде де, спорт жарыстарында да алдыңғы қатардан көрініп жүрген өрендер. Мектепте бокс үйірмесі де жақсы дамыған. Мектеп оқушылары Астана қаласында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы ашық турнирлерге Ақмола облысы атынан қатысып, жүлделі 1-ші орыннан көрініп жүр. Балалардың аяқ алысын, білімге, спорт пен өнерге деген құлшынысына куә болған облыс әкімі олардың талабын жанып, қолдау көрсету мақсатында мектеп ұжымына бокс рингін сатып алу үшін 2 миллион 300 мың теңгенің ашалай сертификатын табыс етті. Бұған спортшы балалардың қуанышында шек болмады. Жалғанда, «Қуантсаң, баланы қуант» деген тәмсіл осындайда айтылған болуы керек.
Қосшы. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік саланың дамуы туралы баса айтқан болатын. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында айтарлықтай игі істер жүзеге асатындығы айтылды.
Өткен жылы облыстық маңызы бар қала мәртебесіне ие болған Қосшы қаласында санаулы уақыт ішінде әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар бой көтеріп жатыр. Солардың бірі – жеке инвестициялар есебінен қолға алынған 1500 орындық мектеп құрылысы. Облыс әкімі сапар барысында осы мектеп құрылысының жай-жапсарымен жақынырақ танысып, мердігерлермен кездесті. Аталмыш жобаның құны7,5 миллиард теңге көлемінде. Жалпы ауданы – 16741,91 шаршы метрді құрайды. Тапсырыс беруші – «Accent Development Solutions»серіктестігі болса,мердігер компания – «Bazis Construction»серіктестігі. Жұмыстарды аяқтау мерзімі2023 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Қазіргі таңда мектептің қабырғалары тұрғызылып, төбесі жабылған. Жаңа мектеп жаңа заман талабына сай жабдықталмақ.
Қосшы қаласында өткен жылдың соңында пайдалануға берілген әлеуметтік нысанның бірі – №1 қалалық емханасы. Емхана бір ауысымда 100 адамға медициналық көмек көрсете алады. Аталмыш жобаның жалпы құны 1,4 миллиард теңге көлемінде. Емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әсел Білісбекованың айтуынша, жаңа емхана жаңа заман талабына сай жабдықталған. Тәжірибелі мамандармен де жасақталған. Олардың барлығы дерлік осы Қосшы қаласының тұрғындары. Солардың бірі, хирург дәрігер Саламат Тасболатов. Ол денсаулық сақтау саласында 43 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бұған дейін Астана қаласының №2 қалалық ауруханасында жұмыс істеген екен.
– Осының барлығы ел игілігі үшін атқарылып жатқан іс-шаралар. Жаңа емхананың ашылғаны ауруына ем іздеген қала тұрғындарына өте тиімді. Біз де халық денсаулығы үшін барынша аянбай еңбек етуге әзірміз, – дейді тәжірибелі маман.
Облыс әкімі емхана ұжымымен жүздесу барысында алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Астана қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуі бағдарламасының жүзеге асуына өзіндік үлес қосып жүрген іргелі шаруашылықтың бірі –«Алтын-қазық» компаниясына қарасты «Алтын таға» серіктесігі. 2015 жылы шағын ет өңдеу зауытынан ірі жобаға айналған.
«Нарыққа шолу жасай бастағанда өзіміз мал өсірмейінше, өрекендей алмайтынымызды түсіндім» дейді компания басшылығы. Қазіргі таңда компания меншігінде ет өңдеу кешені, мал бордақылау орындары бар. Жобаның жалпы құны үш миллиард теңге көлемінде. «Алтын таға» серіктесігіет өндірісімен айналысады. Мұнда жылына 270 тонна шұжық өнімдері өндіріледі. Шұжық цехына ет өнімдерінің сүрленген, жартылай сүрленген тәрізді 50 түрі шығарылады. Бұдан басқа жартылай дайын тағамдар да дайындалады. Цехтың қуаты тәулігіне 20 тонна ет өнімдерін құрайды. Астана қаласында 17 орналастыру орны мен 70 сауда нүктесі бар екен. Алдағы уақытта компания өндіріс көлемін ұлғайтып, әлемдік нарыққа жол ашуды жоспарлап отыр. Өңір басшысы ірі кәсіпорын жұмысымен танысып, жұмыстарына оң баға берді.
Қосшыдағы тағы бір жағымдық жаңалықтың бірі – жыл соңында мұнда «Фенис» спорттық клубының пайдалануға берілуі. Облыс әкімі сапар барысында спорттық кешенге барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл спорт кешенінде теннис, футбол, волейбол сияқты спорт секциялары жүргізіледі. Заманауи жабдықталған кешенде оқушы балалар жаттығуда. Осы орайда, өңір басшысы алдағы уақытта үстел теннисін де дамытуды қарастыру керектігін баса айтты.
Өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген «Inju Market» сауда үйі бір мезетте 600 келушіге қызмет көрсете алады. Жобаның жалпы қуаты 180 миллион теңге,оның 150 миллион теңгесі өз қаражаты есебінен болса, 10 миллион теңгесі«Даму»қорынан, ал, 20 миллион теңгесі«Береке банк» айналым қаражатымен толықтырылған. Сауда орнының аумағы700 шаршы метр. Сауда үйінің директоры Назгүл Елубаеваның айтуынша отбасылық бизнеспен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Жолдасы көкөніс саудасымен айналысады екен. Алдағы уақытта сауда үйі жанынан кондитерлік цех ашу жоспарланған.
Ал, таяуда ашылған «Tau Park» демалыс базасындағы таудай сырғанақта асыр салған жандарда есеп жоқ. Бұл жерде, шаңғы тебуге, атпен серуендеуге қолайлы жағдайлар жасалған. Алдағы уақытта демалыс базасын қосшылықтардың сүйікті демалыс орталығына айналатындығына сенім зор. Жазғы уақытта ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, база аумағы абаттандырылады. Демалыс базасы басшылығының айтуынша алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балалар мен оқуда озат балаларға арнайы жеңілдіктер де қарастырылмақ. Сонымен қатар, олар өңір басшысына қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін жол мәселесімен автобус аялдамасына қатысты өтініш-тілектерін алға тартты. Облыс әкімі аталмыш жобаны қолдап, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Сапарды қорытындылаған өңір басшысы целиноградтықтардың өткен жылы атқарған істеріне оң баға бере келіп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын міндеттерді белгілеп берді. Ермек Маржықпаев өз сөзінде жекеменшік пен мемлекет арасындағы әріптестікті дамыту, шаруашылық нысандарын әлеуметтік мекемелер мен ғимараттарды жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарына көптеп тарту қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аудан мен қаланы дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.