– Елдегі 223 мәслихаттың 3415 депутаты сайлауға түседі. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мәслихат депутаттарын сайлауға келсек, Қазақстан Республикасында әр түрлі деңгейдегі 223 мәслихат бар. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихаттарда мандаттар саны – 3415 екені анықталды. Олардың барлығы 19 наурыздағы сайлауға қатысады», — деді ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров ОСК отырысында.
Оның айтуынша, 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаттығына кандидат бола алады. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады.
«Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына депутаттардың 50%-ы мажоритарлық жүйе бойынша, 50%-ы партиялық тізімдер бойынша сайланады. Аудандар мен қалалардың мәслихаттарына сайлау толығымен мажоритарлық жүйеде өтеді. Егер мәслихатта 30 депутаттық мандат болса, оның 15-і партиялық тізім бойынша және 15-і аумақтағы бірмандатты аумақтық округтер бойынша сайланатын болады», — деді Константин Петров.