Кеңесте «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ сыртқы көрнекі жарнамалар мен бақылау касса машиналарында мемлекеттік тілді қолдану аясы түсіндірілді. Оған облыс орталығының және ZOOM платформасы арқылы аудандардың кәсіпкерлері, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Байланыс орталығы» бөлімінің басшысы Шынар Мусина, Ақмола облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Светлана Занегина қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімованың айтуынша, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында кәсіпкерлерге хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және өзге де тiлдерде орналастырылатыны түсіндірілді, заңнама талаптары жазылған парақшалар таратылған.
«Бүгінгі жиын кәсіпкерлер үшін пайдалы болды деп есептеймін. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілде сөйлеп, кез келген орында қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап етуі тиіс. Мемлекеттік тіл – барлық этносты топтастыратын байланыс құралы. Бұл заңда көрсетілген. Сондықтан, осындай кездесулерді жиі ұйымдастыру заң бұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізеді», — дейді жеке кәсіпкер, сауда және қызметтер комитетінің мүшесі Данияр Ерденов.
Жиын соңында кәсіпкерлер мен жарнама агенттіктеріне өздерінің қызметінде заңнама талаптарын сақтауда жауапкершілікті күшейту, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған жедел желі (25-81-09) арқылы жарнамаларды орнатпас бұрын олардың мәтіндерін тілдік нормаға сәйкес ресімделуіне байланысты тегін кеңес алатындығы айтылды.
Айта кетсек, Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына жаңа басшысы тағайындалды.
Фото: Ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі