Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қызылжұлдыз ауылының жолы қашан жақсарады?.. - АРҚА АЖАРЫ

Қызылжұлдыз ауылының жолы қашан жақсарады?..

Облыс орталығының іргесіндегі Қызылжұлдыз ауылының тұрғындары жол азабын тартуда. Көктемде қар еріген кезде  ауылдан шығудың өзі мұң болған. Редакциямызға осы ауылдың тұрғыны Жастілек Рамазанов арыз айта келді. Біз бірге барып, Көкшетау қаласының  «Көктем» шағын ауданынан Қызылжұлдыз ауылына апаратын жолдың жағдайын көрдік.

Расында да, жолдың ой-шұңқыры көп екен. Бұдан бұрын ауыл тұрғындары теміржолды қиып өтетін жолмен облыс орталығына тура қатынапты. Арақашықтық төрт шақырымды құрайды.Теміржол қауіпсіздігіне байланысты бұл жол жабылып, қатынас үзілген көрінеді. Одан бері жөндеу көрмеген жолдың ой-шұңқыры көбейіп, жарамсыз болып қалған. Бүгінгі таңда осы жолдың азабын қалада жұмыс істейтін ауыл тұрғындары әбден тартып жүр. Бұдан басқа Қызылжұлдыз ауылына Краснояр селосынан, Қоныспай ауылынан және бұрынғы сүйек өңдейтін зауыт жағынан келетін жол бар. Бірақ, соңғы екі бағыттағы жолдың сапасы сын көтермейді.
– Жұбайым екеуіміз Көкшетау қаласында жұмыс істегендіктен, баламызды қала іргесіндегі Краснояр мектебінде оқытуға мүмкіндік болмады. Қазір ол №21 орта мектепте оқиды. Жол болмағандықтан, қыс айларында қалада тұруға мәжбүрміз. Оның үстіне ауылға ауыз су аптасына екі рет қана тасымалданады. Суды құйып алуға үлгере алмаймыз. Жұбайым Рүстем Мағдеев «ЕНКИ» кірпіш зауытында жұмыс істейді. Жұмысына Краснояр бағытындағы автобуспен барып үлгере алмайды. Ескі жеңіл көлігімен қалаға тура барады. Жауын жауса, езілген жолмен жүру қиын. Ауылдың іргесінде қиыршық тас өндіретін карьер бар. Қиыршық тасты аталмыш жолға төсесе, бар мәселе шешілер еді, – дейді ауылдың байырғы тұрғыны Тамара Быстрецких.
Әр жыл сайын көктемде Шағалалы өзені тасып, Краснояр селосы бағытындағы жолдың көпірін бұзып кетеді. Осы кезде жолдың азабын жергілікті тұрғындар тартады. Округ орталығына теміржолдың бойымен жаяу барған күндер де болыпты. 26 түтіні бар Қызылжұлдыз ауылының тыныс-тіршілігімен таныстық. Бұл елді мекеннің іргетасын сонау колхоздастыру жылдары Богапов, Ахметов, Әлиев, Абзалимов және Ивановтар әулеті қалаған көрінеді. Кейін «ХХІV партсъезд» атындағы кеңшардың бөлімшесі болған. Сол жылдары мұнда екі қабатты үйлер салынып, бу қазандығы, қоғамдық монша жұмыс істепті. Елді мекеннің өз мектебі, балабақшасы, клубы мен дүкені болған. Қазіргі жағдай мүлдем өзгеше. Бастауыш мектептің ғимараты өртеніп кеткендіктен, балалар Краснояр мектебінде оқуға мәжбүр. Дүкен жоқ. Жұрт азық-түлігін Көкшетау қаласы мен Краснояр селосынан тасиды. Қызылжұлдыз өзен жағасында орналасқандықтан, мал ұстауға қолайлы. Ауыл тұрғыны Фират Богапов табын-табын ірі қара мал мен қой бағып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Мұндағы өзен үсті балықшылардан бір босамайды. Соңғы кезде бұл елді мекенге қоныс аударғысы келетіндер саны көбейіпті. Тек жол мәселесі кедергі жасауда. Оның үстіне ауылдың сәнін қаңырап бос тұрған  екі қабатты 4 тұрғын үйдің қаңқасы бұзып тұр.
– Биылғы көктемде  көпірді су шайып кетіп, мектеп оқушылары үш аптадай үйде отырды. Тұрғындар да ешқайда шыға алмай, аралдағы тіршілікті бастарынан өткерді. Әйтеуір, Краснояр селолық округінің әкімі Базарбай Әбуов ауыл тұрғындарын азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз етті. «Ақсай-нан» зауытымен келісіп, нан жеткізіліп тұрды. Көпірді жөндеп, су тасқыны құлатқан электр бағаналарын қалпына келтірді. Үйлерін су басқан тұрғындарға көмектесті. Көшелерге жарық орнатты. Бұрын ескі әуежайға (қазіргі «Көктем» шағын ауданына) баратын жол болған. Қазір ой-шұңқыры көп бұл жолмен жүру мүмкін емес. Жөндеуді қажет етеді. Ауыл тұрғындарының көбі Көкшетауда жұмыс істегендіктен, бұл жол ауадай қажет. Мұны Краснояр селолық округінің әкімі білсе де, жолды жөндеуге мүмкіндігі жоқ. Әкімге ренжімейміз. Қолынан келгеннің барлығын жасауда. Қыс бойы Краснояр селосына баратын жолды қардан аршиды. Жыл сайын көпірді жөндейді. Аялдама салып берді. Оқушылар Краснояр мектебіне автобуспен тасымалданады. Дегенмен, бұл селода жұмыс істейтін адамдарды кешке алып қайтатын автобус жоқ. Бас кезінде автобус жүрді де, жолаушылар аз болғасын келмей қойды,– дейді ауыл тұрғыны Фая Әлиева.
Тұрғындар бір ай бойы теміржолдың шетімен жүріп, балаларын мектепке апарғандарын естеріне алады. Әрине, бұл өте қауіпті. Бірақ, бұдан басқа жол болмапты. Ауыл мен Көкшетау қаласының арасы жақын болғандықтан, тұрғындардың көбі қысы-жазы жаяу жүреді. Жол жөнге келтірмегендіктен, қыс айларында қалың қарда малтығып жүруге тура келеді.
 – «Көктем» шағын ауданы бағытындағы жол жөнделсе, бірқатар мәселе шешілер еді. Су тасқыны кезінде теміржол көпірінің астына су толып, көлікпен Көкшетау қаласы мен Краснояр селосына жетуге мүмкіндік болмайды. Сондықтан, бұрынғы теміржолды қиып өтетін жолды қалпына келтіру қажет болып отыр.  Бұрынғы сүйек өңдейтін зауыт жақтан келетін жол бар. Бұл жол да әбден тозған. Мұнда жеңіл көлікпен жүруге мүмкіндік болмағандықтан, округ әкімі су тасқыны кезінде жүк көлігімен келді, – дейді ауыл тұрғыны Жастілек Рамазановтың өзі. Адам баласының басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Қызылжұлдыз ауылында бірнеше егде адамдар бар. Мұнда «Жедел жәрдем» келуге құлықсыз. Жолдың нашарлығын сылтау етеді. Көктемде бір сәби ауырып қалып, дәрігер шақырудың өзі үлкен мәселеге айналған.
Краснояр селолық округінің әкімі Базарбай Әбуовпен де хабарластық. Ол өз сөзінде Көкшетауға тура баратын жолды жөндеу қымбатқа түсетінін, сондықтан, бұрынғы сүйек өңдейтін зауыт арқылы өтетін жолдың жөнделетінін айтты. Сондай-ақ, Қызылжұлдыз ауылында тұратын оқушыларды тасымалдау үшін биыл жаңа көлік бөлінбекші. Бұрын Краснояр селосында «Жедел жәрдем» бөлімшесі жұмыс істеген. Қазір бөлімше Көкшетау қаласына ауыстырылыпты.
Дегенмен, осындай проблемалары бола тұра, бұл ауылдың келешегінен үміт күтуге болады. Қазір құрылысы жүріп жатқан қала шетіндегі «Сарыарқа» шағын ауданы толық салынғанда, ауыл тұрғындары Қызылжұлдызға қалаішілік автобуспен қатынауы мүмкін дейді басшылар.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар