Аудан диқандары 330 мың гектар егістік алқабын химиялық жолмен өңдеп үлгерді. Қазір бұл жұмыс одан әрі жалғасуда. Сондай-ақ, 10 мың тонна шөп дайындалды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Игібаевтың айтуынша, шілде айының басына дейін қалған 24 мың гектар алқапты өңдеу межеленген. Бүгінгі таңда «Арлан» серіктестігінің 4 ұшағы «Бастау» мен «Атбасарский Нива» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 48,8 мың гектар егістік алқаптарын дәріледі. Бұл жұмысқа «Тума Турба», «Эстерон» және «Эфир экстро» препараттары қолданылуда. Сондай-ақ, аудан көлеміндегі алқаптарда 53 дәрі сепкіш агрегат өңдеу жұмысымен айналысып жүр. «Атбасарский Нива», «Шуйский» және «Бастау» серіктестіктері 113 және 33 мың гектар алқапты өңдеді.
Аудан бойынша бұл бағытта Ақан Құрманов ауылында орналасқан «Атбасарский Нива» серіктестігі көш бастап келеді. Шаруашылықтың бас агрономы Жанат Тасығожин өз сөзінде 100 мың гектар егістік алқабын химиялық жолмен өңдеу жоспарланғанын, бүгінгі таңда 65 мың гектар алқап өңделгенін атап өтті.
– Биыл Қостанай қаласындағы «АвиаЗайнар» серіктестігінің 3 ұшағымен дәрілеу жұмысын жүргізудеміз. Бүгінгі күні ұшақтар 45 мың гектар алқапты өңдеді. Негізінен «Ланс», «Эстерон» және «Тума Турба» препараттарын қолданудамыз. Сондай-ақ, бұл жұмысты Ғазиз Нұрмақов, Сергей Встулов және Аслан Аяновтың бригадалары атқаруда. Алқаптарды дәрілеуге өздігінен жүретін 3 техника мен төрт тіркемелі агрегат тартылған. Владимир Атаев пен Алексей Данченко тәрізді механизаторлар өздерінің күнделікті нормаларын асыра орындауда. 8 мың 750 гектар пар өңдедік. Бұл жұмыста Ернар Бәйкенов көзге түсті. Жалпы біз егістік алқаптарын үш рет жыртып, кейін химиялық жолмен өңдейміз,– дейді бас агроном.
Серіктестікте 400 бас ірі қара мал және 300 жылқы бағылады. Бүгінгі таңда Ерлан Серікпаев пен Сандыбек Сәтеновтың бригадалары шөп науқанына кірісті. Олар «Дон Мар» тіркемелі агрегаттары және «ДжонДир» комбайнымен 3 мың тонна шөп шабулары тиіс.
«Бастау» серіктестігінің бас агрономы Қайыргелді Ербалиннің айтуынша, бір «Ан-2» ұшағымен 15 мың гектар алқап өңделуі тиіс. Әзірше жұмыс көлемінің 9,4 мың гектары орындалды. Агрохимик Надежда Хит басқаратын екінші бригада үш шетелдік дәрі сепкіш агрегатпен 18 мың гектар алқапты өңдеуді жоспарлаған. Қазір 19,4 мың гектар егістік алқабы дәріленді. Механизаторлар Иван Баранин, Максим Хит және Дәулет Шалғынбаев күнбағыс, зығыр және жүгері алқаптарындағы дәрілеу жұмысын аяқтады. Шаруашылық шөп шабуға да кірісті. Биыл 8 мың тонна шөп, бес мың тонна пішендеме, 15 мың тонна сүрлем дайындау жоспарланған. Қазір Қанат Ақылбаев пен Владимир Симинковтың бригадалары бидайық, жоңышқа және түйе жоңышқа шабуда. «Крона» мен «Магдан» шалғыларын және «Джон Дир» комбайнын тізгіндеген пішеншілер Қадырбек Жатаев, Николай Громов, Жанат Қалиев пен Владимир Хит жұмыстарын үдете түсуде. Әзірше 2 мың тонна шөп, 4 мың тонна пішендеме дайындалды. Шөп науқанымен қатар пар жыртылуда. 3 мың гектар пар екінші рет өңделуде.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ.
Атбасар ауданы.