Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола көз алдымызда дүние жүзі таныған Елордаға айналды - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола көз алдымызда дүние жүзі таныған Елордаға айналды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты  Майра АЙСИНА:

 

Уақыт шіркін, жүйрік қой. «Қазақстанның астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілетін болыпты» деген әңгіме шыққан күннен бастап еліміздегі мұндай өзгеріске «бөріктерін аспанға атып» қуанғандар да, «Тәуелсіздік алғанымыз жаңа ғана ғой, жылы орынды суытатын кезге әлі ерте» деп шүбәлана қарағандар да аз болмағандығы есте. Бүгінде мұның бәрі тарих қойнауында қалды. Айналдырған жиырма жылға жетпейтіндей уақыт аралығында бұрынғы Ақмола, бүгінгі Астана көздің жауын алатындай әсем қалаға айналды. Бүгін біз Астана күні мерекесіне орай, Парламент Мәжілісінің депутаты, Алматыдан Ақмолаға алғашқылардың бірі болып қоныс аударған Майра Арапқызы Айсинаны әңгімеге тартқан едік.

– Тарих үшін 18 жыл дегеніміз қас-қағым сәт қана ғой. Дегенмен, аз уақытта еліміздегі басқа да облыс орталықтары сынды шағын қаланың Елорда мәртебесіне ие болуымен қатар, өте қарқынды дамып келе жатқан, әсем де өзіндік келбеті қалыптасқан арайлы Астанаға айналуы көз алдыңызда өтті ғой. Әңгімеңізді Ақмолаға қоныс аударған алғашқы күндеріңізден бастасаңыз?
– Сонау 1997 жылы Алматыдан жаңа астанамыз болатын Ақмолаға алғашқы көш келе бастады ғой. Шынымды айтайын, бастапқыда менде Ақмолаға көшу туралы ой болған жоқ. Ол жылдары мен Білім министрлігінде (ол кезде атауы сәл басқаша болатын) қызмет істеуші едім. Алғашқыда бізден Ақмолаға 20 адам барып жұмыс істей бастады. Әрине, Ақмоланың республикалық деңгейдегі мекемелер мен министрліктерді  бірден қабылдай алатындай мүмкіндігі жоқ болатын. Сондықтан, бәрі ыңғайлы орын табылуына орай біртіндеп көше бастағандығы белгілі ғой.
– Сіз қалдыңыз ба?
– Айтпақшы, мені де сол кездегі министріміз Қырымбек Көшербаев шақырып пікірімді білді. Шыны керек, Ақмолаға көшуге бірден келісім бере қойдым деп айта алмаймын. «Қалай болады?, Балалардың оқуы не болады?, Ол жақта жолдасыма жұмыс табыла ма?» деген сияқты әркімнің де көкейінде тұратын сұрақтар мені де айналып өткен жоқ, әрине. Бірақ, 1999 жылы біздің министрлік толық көшетін болған соң  мен де көшуге бел будым. Бұл арада министріміз Қырымбек Көшербаевтың да жанашыр ақылының қамшы болғандығын жасырмаймын. Сонымен, сол 1999 жылдың ақпан айында болашақ жұмыс орнымды, тұратын мекен-жайымды көрейін деп келгенім әлі есімде.
– «Ақмоланың қыста аязы қатты болады екен, жазда масасы маза бермейді» деген әңгімелер сізге де таныс болар?
– Мен Арқаның қызымын. Нақтырақ айтсам, кербез Көкшетаудың бір пұшпағы – Зерендіде өскенмін. Сондықтан, Арқаның аязы маған таңсық емес. Бірақ, біраз жыл Алматыда тұрғандықтан болар, сол ақпан айында Ақмолаға алғаш келгенімде басқа нәрселерді айтпағанның өзінде, бір шабадан азық-түлік алып келгенім есімде. Содан  не керек, баяғы комсомолда бірге қызмет атқарған, Ақмоладағы және кейін көшіп келген таныстарымды тауып алып болашақ астанамызды, мұндағы жағдайды біраз талқыладық қой. Айтпақшы, сол әңгімемен жүріп, өзіме бөлінген жатақхананы барып көруді де ұмытып кетіппін.
– Ақпан айында Ақмола онша «жылылық» таныта қоймайды. Арқаның қызы болсаңыз да Алматыдан соң «ішіңіз жыли қоймаған» болар?
– Енді бір үйден екінші үйге көшсең де әжептәуір қиындықтар туындап жатады ғой. Оның жанында Елорданы көшіру дегеніміз Қазақстанда ғана емес, әлемде сирек кездесетін құбылыс қой. Ал енді, шындап келгенде, «суық екен, қала онша емес» деген сынды сөздер негізінен «ас үйдің әңгімелері» ғой. Әрине, Алматының ауа райы жайлы екендігі рас. Бірақ, Сарыарқаның салқын самалын Алматыда сезіне алмайтыныңызды неге айтпасқа?!
  Қалай болған күнде де сол бір қызығы да, шыжығы да аз болмаған күндерді бүгін сағына еске аламын. Рас, біразымыздың  «шамалы уақыттан соң Алматыға қайта ораламыз ғой» деп ойлағанымыз да жасырын емес. Сол кездегі 9 май көшесіндегі жатақхананың шағын ғана екі бөлмесінде тұрғанымызда шамалы ғана уақыт ішінде Ақмоланың адам танымастай өзгеретіні туралы ойладық десем, шындыққа жанаспайтын болар.
 Әрине, ол кездегі Ақмола да еліміздегі басқа да облыс орталықтарынан кем түспейтін. Дегенмен, шағын қаланы аз уақыт ішінде Елордаға лайық кейіпке келтіру оңай шаруа емес.
– Содан бері біраз жыл өтті. Бүгінгі Астана 1999 жылы сіз Алматыдан келгенде өзіңіз сол кезде сезінгендей «қабағын түйе» қарсы алған Ақмола емес.
– Әрине. Бірге келіп, біріміз жатақханаға, енді біріміз жалдамалы пәтерлерге жайғасып, жаңа Елордамызда жұмысты бірге бастаған достарымызбен, әріптестерімізбен әр бес жылда жиналып, сол бір сәттерді еске алуды дәстүрге айналдырдық. Ақмолаға қоныс аударған алғашқы уақытта тұрмыстық жағдайларға байланысты едәуір қиындықтар болғаны рас. Министрліктерді жайғастыратын ғимараттар жетіспегендігін айтпағанның өзінде, тұрғын үй, жалпы баспана мәселесі де күрделі болды. Дегенмен, «шешінген судан тайынбас» демекші, бәріне шыдадық. Ең бастысы, біз еліміздегі тарихи шешімнің куәсі болып қана қоймай, сол шешімді жүзеге асырушылардың, жаңа Елордамыздың қалыптасуына, дамуына өз үлесімізді қосқандығымызды мақтан тұтамыз. Сонымен қатар, бірге көшіп келгендердің бәрі дерлік Астанада тұрақтап қалғандығын айта кеткім келеді. Яғни, Ақмола бізді сіз айтқандай «қабағын түйе» емес, жылы шыраймен құшағын жая қарсы алды деуге негіз бар. Айтпақшы, жастары келіп зейнеткерлікке шыққандар да бүгінде Астана тұрғындары.
– Бізде көп жағдайда Астана туралы айтқанда «асыра сілтеп» жіберуге бейімбіз. Рас, бұрынғы Ақмоланы жаңғыртып қана қоймай, Есілдің сол жағалауынан көрген жұрт тамсана қарайтын әсем қала тұрғыздық. Дегенмен… Бүгінгі Астана шын мәнінде мақтан тұтатын Елордаға айналды ма?
– Енді әсірелеуге бейім халық екеніміз ақиқат. Осы тұрғыдан алып қарағанда көп мақтап жіберетін сәттеріміз жоқ емес. Алайда, барды бар деу керек. Бүгінде Астананы тек біз ғана емес, қаланы абаттандырудың, архитектураның «майын ішкен», әлемдегі талай әсем қаланы көрген мамандар да мақтайды. Көздің жауын алатындай талай ғимараттар, сәулет өнерінің озық үлгілерімен бой көтерген нысандар сөзімізге дәлел емес пе? Мәселен, басқаларын айтпағанның өзінде Астанадағы «Бәйтерек» тәуелсіз сарапшылардың айтуынша әлемдегі ең үздік 100 ғимараттың қатарынан орын алыпты. Небәрі жиырма жылға жетпейтін уақытта Елордамыздың әсемдігін әлем мойындаған, озық үлгіде қарқынды дамып келе жатқан қалалардың біріне айналуы қалай мақтасақ та тұрарлық қой. Бұл арада ешқандай «асыра сілтеушілік» жоқ деп білемін.
Ал енді, орын алған олқылықтары туралы айтар болсақ, әлемнің кез-келген қаласын сынға алуға болады. Яғни, «іздей берсек» кемшіліктер жоқ емес, әрине. Мәселен, жаңадан тұрғызылған сол жағалауда көшелерді  біршама кең қылуға болар еді. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер үшін көшелерді қиып өтетін жер асты жолдарының жоқтығы да рас. Дегенмен, бұл Астана құрылысындағы алғашқы жылдары орын алған мәселелер. Кейінгі уақытта мұның бәрі ескеріле бастады.
– Ақмолаға келген алғашқы жылдары «шамалы уақыттан соң Алматыға қайтамын» деп ойласаңыз бүгінде Астананың байырғы тұрғынына айналғандығыңызды сезіп тұрмын.
– Әрине. Шынымды айтсам, қазіргі уақытта Алматыға жұмыс бабымен немесе басқа тығыз шаруалармен бара қалсам бірер күннен соң Астанаға қайтуға асығамын. Баяғы өзіммен Ақмолаға бірге келіп «шамаданның үстінде отырғандардың» да ойлары осындай.
Сіздің Астананы көп мақтауға бейімбіз дегеніңізге қайта оралалық. Ақиқатына келсек, біз біріншіден ХХ ғасырдың соңына таман ел астанасын көшірген бірден бір елміз. Екіншіден, жүз немесе одан көп жыл мемлекет астанасы болған қалалармен салыстырарда ойлану қажет. Тіпті, осы жиырма жылға жетпейтін уақыттың өзінде бүгінгі Астана әсемдігі жағынан ең алдыңғы қатардағы қалалардың біріне айнала бастағандығын біз ғана емес қаламызды көрген қонақтардың өздері айтып жүр ғой. Сондай-ақ, Астананың әлемдегі рухани орталықтардың біріне айнала бастағандығын да көріп отырған жоқпыз ба?! Әлемдегі дәстүрлі діндер басшыларының съездерін Астанада өткізу дәстүрге айналды. Он жыл бойы өтпеген Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының саммиті жоғары деңгейде өткендігін білеміз. Енді міне, 2017 жылы  ЭКСПО
көрмесі өтпекші. Айта берсек, мұндай мысалдар аз емес. Мұның бәрі сайып келгенде, Қазақстанның, оның ішінде әрине Елордамыз – Астананың тағы да қайталап айтайын әлемдегі рухани орталыққа айналып келе жатқандығын айғақтаса керек.
– Ақмола Елорда мәртебесіне ие болған соң еліміздің түкпір-түкпірінен «бақытын іздеп» келушілер көп болатындығы белгілі. Біреу жұмыс бабымен, енді біреулер тағы да бір жағдайлармен дегендей… Бүгінгі күні Астанада шамамен бір миллионнан астам адам тұрады. Яғни, басым көпшілігі көшіп келгендер. Осыған орай, бүгінде «Астана тұрғыны» деген ұғым қалыптасты ма? Алғашқы кезде «алматылықпыз», «ақмолалықпыз», … деуге бейімдер болушы еді…
– Әзіл үшін айтылған әңгіме болар. Мен өзім Ақмолаға «тастай батып, судай сіңдім» дей аламын. Өзім араласатын достарым мен әріптестерім де солай деп ойлаймын. Рас, алғашқы жылдары кездескенде «Алматыдан келдім», «Шымкенттікпін» деп жатса оны жөн сұрасудың бір жолы деу керек шығар. Сондай-ақ, әңгіме арасында кейбіреулер бөлініп жатса оған назар аударудың қажеті жоқ. Айтпақшы, біз алғашқы көшіп келген жылдары «жигули» автокөлігіміз бар еді. Сол машинамызды неге екені белгісіз үш-төрт рет тонап кетті, бірде терезелерін сындырды. Кім біледі мүмкін  біреулерге машинаның алматылық нөмірі ұнамаған болар. Ақыры сол көлігімізді мүлдем ұрлап әкетті. Шындығында мұны әр қалада да кездесетін бұзықтардың ісі деп бағалау керек шығар.
Ал енді, «Астана тұрғыны» деген түсінікке келетін болсақ, нағыз Астана тұрғыны деп кейінгі жастарды айту керек. Осы қалада туған, осында өскендердің менталитеті де, қылықтары да шынайы Елорда тұрғындарына лайық болады деп ойлаймын. Ал, жалпы Елордамыз – Астана барша қазақтың бас қаласы.
– Жұмыс бабымен немесе басқа да жағдайларға байланысты біраз елді көрген боларсыз. Сонда ол жақтағы қалаларды Астанамен іштей салыстыратын шығарсыз. Қалай, кеудеңізді қуаныш кернеу басым бола ма, әлде «әттеген-ай» да жиі орын ала ма?
– Тым әріге бармай-ақ қояйын, дегенмен ТМД елдерінің бас қалаларының ішінде Астанадан озып тұрғаны жоқ десем ақиқатан алыс кетпегендігім. Мәселен, Тәжікстан астанасы Душанбеде Астанадағыдай кейінгі уақытта сәулет өнерінің озық үлгісімен тұрғызылған ғимараттар жоқтың қасы. Тәшкент бір кезде Орта Азиядағы ең әсем қала саналса, бүгінде көп өзгере қоймаған сыңайлы. Бұл тұрғыда Әзірбайжанның астанасы – Баку қаласы көз қуантады. Шынтуайтқа келгенде  олардан біраз нәрсе үйренуге болады. Жалпы, қысқаша түйіндер болсам,  бүгінгі Астананы «мынау біздің Елордамыз» деп әлемдегі кез-келген өркениетті елдің тұрғынына, архитектура мен сәулет саласы мамандарына ұялмай, мақтана көрсете аламыз.
– Сырттан бірінші рет келген адам Астананың қазақтың Елордасы екендігін бірден сезіне ме? Қазаққа тән бірдеңе көзге ұрып тұра ма дегенім ғой. Үйге жөндеу жүргізсек те «еуроремонт» дейтін болдық қой…
– Бұл арада да Әзірбайжан елінің астанасының ерекшелігі бар. Бүгінгі Астана қазіргі заманғы үлгіде дамып келеді ғой. Рас, бұл тұрғыда бір кезде Алматыда біраз игі істер атқарылған болатын. Бірақ, қазір Алматы да өзгеріп кетті. Алдағы уақытта бұл мәселе ескерілетін болар. Жалпы, бұл жай отандық архитекторларды ойландыруға тиіс. Бүгінгі заман технологиясымен  шығыс үлгісінде, оның ішінде қазаққа тән жағдайларды ескере отырып, жобаларын ұсынса кім қой депті.
Ал енді, ерекшеліктерге келетін болсақ, мәселен Сеул қаласында көшелердің атауы мен реттік нөмірлері үйлердің төбелерінде жарнама сынды көрініп тұрады. Сондай-ақ, кейбір қалаларда көпқабатты үйлердің қабырғаларына (терезелері жоқ жағына) сол елдің халқына тән суреттер салынады екен. Міне, осындай және басқа да өзімізге жарасымды болатын істерді жүзеге асыруға болады.
 Қысқаша айтсақ, бүгінде Қазақстанды, оның Елордасы – Астананы әлем таниды, мойындайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тарих үшін айналдырған 18 жыл қас-қағым сәт қана. Міне, осы қысқа мерзімде Арқа төрінде еліміздің жаңа Елордасын тұрғызып оны әлемге паш еттік. Бүгінгідей қарқынмен дамитын болсақ, алдағы уақытта Астананың әсемдігі, оның тұрғындар үшін жайлылығы өзгелерге үлгі боларлықтай жағдайға келетіндігіне күмән жоқ.
– Майра Арапқызы мазмұнды әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Талғат ҚАСЕН.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар