Жастардың нәтижелі іспен айналысуы өте өзекті. Бүгінгі таңда 24 жасқа дейінгілер мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамтылуда.
Қазіргі таңда біздің өңірде жастар арасындағы жұмыссыздық 3,2 пайызды құрайтындығын ескерсек, бұл көрсеткіш елімізде қалыптасып отырған жағдайдан төмен екендігін айта кетуге тиістіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән беру керек екендігін айтып отыр. Бір қуаныштысы, үстіміздегі жылы жастар санатына кіретіндердің жасы біршама ұлғайды. Яғни, 35 жасқа дейінгілер жастар тізіміне ілігетін болады. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Азамат Жәмбеталиннің айтуына қарағанда, статистика бойынша жастардың жасы ұлғаюы нормативтік құқық бойынша әлі енгізілмеген. Ақпанның 26-сынан бастап жастар тәжірибесіне 35 жасқа толмаған ынталы адамдар жіберілетін болады. Алдын ала түзілген жоспар бойынша 6,5 жасты қамту межеленіп отыр. Оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындар да аз емес.
Жұмыспен қамту шарасына жастар ресурстық орталығы да өз үлестерін қосуда. Облыс бойынша 20 орталық жұмыс істейді. Жаңа жылдан бері орталықтар сексенге жуық іс-шара өткізіп үлгерді.
–Біз жастарға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім жетекшісі Мақпал Жанарысова, – тоқсан сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізіп тұрамыз. Үстіміздегі жылы ірі кәсіпорындардағы бос жұмыс жәрмеңкесі жаңа форматпен өткізілуде.
Биыл жұмыспен қамту барысында бір мыңнан астам жастар жанашырлықты сезінетін болады. Оларға қоғамдық жұмыстарға да тартылуда. Белсенділікті арттыру үшін 200-ге жуық жасқа жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын шағын несие де берілмекші.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.