Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаны нәзік, рухы берік біздің Айнаш - АРҚА АЖАРЫ

Жаны нәзік, рухы берік біздің Айнаш

Ертең көктемнің шуағымен келген әйелдер мерекесі – 8 наурыз. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының тәрбие жұмысы бөлімінің бұрынғы бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Айнаш Жүсіпова да осы мейрамды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алса, оның әбден жөні бар.

Иә, осы бір жаны жайсаң жанды өзімсініп, еңбегіне, қиын мамандықты таңдауына қарай біздің Айнаш деуімізге де болатындай. Қазіргі таңда қос иығына погон тағып, ер азаматтармен бірдей ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген нәзікжандылар қаншама. Сол нардың жүгін арқалап жүрген қыз-келіншектер отбасында үй шаруасын, жұмыста әскери міндетін абыроймен орындау арқылы көпке үлгі болып келеді. Батыл арулар бұрыннан ер азаматтармен бірге Ұлы дала кеңістігін қорғағаны тарихтан мәлім. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның әскер қатарында көптеген әйел азаматшаларды кезіктіруіміз де, сондықтан.

Тарихқа көз жүгіртсек, қай заманда болсын қазақтың батыл қыз-келіншектері отбасының сақтаушысы болумен қатар, елі мен жерін қорғап, оған қоса, түрлі әскери бөлімшелерді де басқарған. Осы орайда, ежелгі Қазақстан тарихынан Томирис, Зарина сынды сақ патшайымдары, ержүрек Айтолқын, Айғаным, Бопай сынды әйел батырларымыз еске түседі. Қазақ әйелдері Ұлы Отан соғысы жылдарында жан-жақтан бомба жауған майдан даласында да қайсарлық пен батылдықтың жарқын үлгісін қалдырып кетті.

Бүгінде қазақстандық әйелдер тәуелсіз Қазақстанның Төтенше жағдайлары саласында да тапсырылған міндеттерін абыроймен атқарып, толағай табыстарға қол жеткізіп келеді. Сол арқылы олар мемлекетіміздің дамуына елеулі үлестерін қосып, ұлттың тыныштығы жолында аянбай қызмет етуде.

Міне, сондай нәзік жанды Айнаш Көбегенқызы өз бойындағы қайсарлығына тән қасиеттері мен кішкентайынан әскери қызметші болуды армандап, бүгінде өз мамандығының мақтанышына айналып отыр. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау техникалық институтын бітірген ол кейін Қарағанды «Фемида» заң академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтап шыққан біліктізаңгер. Оған қоса, 2011 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «Психология бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдап, Қазақстан Республикасының резиденті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру институтында біліктілік арттыру курстарынан өткен.

Алғашқы еңбек жолын 1999 жылдан бастаған ол, 2000 жылы офицерлік шенін алған. 2011 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстан Республикасы ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Қазіргі таңда жұмысына байланысты зейнетке шықса да құжаттамалық бөлімінің аға инспекторы қызметін жалғастыруда.

Иә, жастайынан әскери қызметші болуды армандаған Айнаш Көбегенқызының жаны нәзік болғанымен, рухы өр екені,әскери саланың қай бөлімінде болсын қызмет етуге тайсалмайтыны бізбен әңгімесінен айқын аңғарылып тұрды. Жалпы, «бұл сала тиянақтылықты талап етеді әрі бойыңда ұқыптылықболуы шарт» дейді әскери саланың маманы.

– Азаматтық қорғау академиясы – еліміздегі құтқарушыларды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны болғандықтан, жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетауға жасаған сапары барысында бізге арнайы келді.  Мемлекет басшысының оқу орнымызға айрықша көңіл бөлуі бізді өте қуантты. Президент  жаңа жатақхана мен оқу корпусын салуды тапсырды. Сондықтан, академиямыздың болашағы зор болады деп сенеміз. Президенттің бұл сапары, жалпы, курсанттармен әңгімелесуі маған үлкен әсер қалдырды,– деп әңгімесін жалғастырды офицер қыз. – Жалпы, мен академияда тәрбие жұмысымен айналысқандықтан, тікелей курсанттармен жұмыс істеймін. Жұмысым сонысымен де қызық.

Оларды патриоттық бағытта тәрбиелеп, қалада өтетін әр түрлі іс-шараларға қатыстырамыз. Яғни, тек әскери өмірмен ғана шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да араластырып отырамыз. Өйткені, болашақ құтқарушыларымыз академия қабырғасынан тек өрттің алдын алуды ғана меңгеріп қоймай, таным көкжиегі кең, ой-өрісі жоғары адам да болып шығуы керек. Тағы бір айтарым, бұған дейін оқу орнымызда тек ер балалар оқып келсе, енді биылдан  бастап Академиямыз оқуға қыздарды да қабылдайды. Бұл  нәзік  жандыларға жоғары білім  мен лейтенант шенін алуға берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», деп Әл-Фараби айтқандай, осы бір қағиданы берік ұстануға тырысамыз.

Әскери өмірге бейімделу кезінде қиыншылық болмайды емес, болады. Соның бәрінде өзінің қалаған қызметтік саласы болғандықтан,тез бейімделіп кеткені, күн сайын қызмет бабында төтенше жағдайларға байланысты жаттығулар жасап, саптық дайындықтан өтуі,жұмыстан бөлек, әскери бағыттағы түрлі облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуі сол қиыншылықтардың бәрін жеңіп келе жатқандығының айғағы. Әскери қызметкердің бос уақыты аса көп бола бермейтіні рас, қолы қалт еткенде уақытын спортпен шұғылдануға арнайды.

– Қызмет бабында қаталдықты талап ететін кездер де болады. Ал, жұмыстан тыс уақытта оның бәрі ұмытылады. Жалпы, әйел адам қанша дегенмен жұмсақ, мейірімді болуы керек. Ондай қасиеттер біздің, әйелдердің бойынан көп табылады. Әскери қызмет адамды төзімділікке, шапшаңдылыққа тәрбиелейді екен. Соны өз басымнан сезінген жандардың бірімін деген ол отбасында бір ұл өсіріп, немерелерінің қызығына бөленіп отырған асыл әже. Жаны нәзік болғанымен, рухы өр Айнаш Көбегенқызы 2010 жылы ІІІ дәрежелі  «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медаліменмарапатталса, 2011 жылы Төтенше жағдайлар министрінің Құрмет грамотасына, 2013 жылы Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хатына және өзі жауапкершілікпен қызмет атқарып келе жатқан мекемеде жылдар бойы жақсы ісімен көрінгені үшін арнайы дипломдар мен сыйақыларға ие болған бірінші сыныпты маман-тәлімгер. Қашанда әскери қызметте өз ісін жауапкершілікпен тындыратын бүгінгі біздің кейіпкеріміз Айнаш Көбегенқызындай қайсар да рухы биік қыз-келіншектеріміздің қатары көбейе берсін демекпіз.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар