Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Зеренді жылусыз қалды - АРҚА АЖАРЫ

Зеренді жылусыз қалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымды қайта қарау қажет деді. Шынында да ел ішіндегі бұл тарапта көңіл қобалжытар түйткіл көп.

Күні кеше Зеренді селосындағы жылу жүйесінде апат орын алды. Ат төбеліндей ауылдың 400-ден астам тұрғын үйі мен алты бірдей әлеуметтік нысан жылусыз қалды. Оқыс оқиға орын алған кезде орталық көшенің бірінде ұзындығы 200 метрден асатын жылу құбыры құлап қалған. Қазіргі күні мамандар апаттың нақты себептерін анықтау үстінде. Бір айта кетерлігі, Зерендідегі жаңа қазандық осыдан екі жыл бұрын ғана  орнатылып, желі тартылған. Алайда, дұрыс жұмыс істемей, тұрғындар тарапынан өкпе-реніш жиі айтылатын.

–Жылу беру жүйесіне былтыр жүк көлігі соғылып, ақау келтірген, – дейді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары  Есімхан Байғабылов, – кейін бәрі жедел ретке келтірілді. Бұл жолғы жағдай бұрын-соңды орын алмағандықтан, дәл қазір себебін қолмен қойғандай етіп айту қиын. Апат неліктен орын алғандығы түбегейлі зерттелгеннен кейін белгілі болады. Қалай болғанда да жылу жүйесін тартқан ұйымдар жауапқа тартылуы мүмкін.

Аудан әкімінің пікірінше, тұрғындарға орталық қазандық арқылы жылу беру кешіктірілмейтін сыңайлы. Көкшеге көктем келді дегенімен, түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз болып тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, үйлері суып кеткен. Әдетте біздің өңірде жылу сәуір айының соңына дейін беріледі.

–Жылу әлі берілген жоқ, – дейді село тұрғыны Марат Шамиғанов, – үйдің іші ылғалданып, салқындап кетті. Біз шыдар едік, төсек тартып жатқан адамдарға қиын болып тұр. Көлденең көзге кемшілік көрініп тұрады емес пе, осы жылу құбыры әуел баста дұрыс орнатылмаған сияқты. Әйтпесе, су жаңа емес пе? Бәлкім, құбырды даладан өткізбей, жердің астымен жіберу керек пе еді.

Бүгінгі таңда жылу құбырының құлаған бөлігін қайтадан қалпына келтіру жұмыстарын мердігер ұйым шарттық міндеттемелер шеңберінде жүргізуде. Мамандар жылу желісін жөндеу мамыр айының соңына дейін созылуы мүмкін дейді.

Алдағы уақытта жалғыз Зерендінің ғана емес, өңірдегі барлық инфрақұрылымдардың жағдайын сүзгіден өткізіп, мұқият тексергенде ғана мұндай оқыс оқиға орын алмауы ықтимал.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар