Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Төрт ауылдың тақсыреті - АРҚА АЖАРЫ

Төрт ауылдың тақсыреті

Айтып келетін апаттың бірі – көктемгі су тасқыны. Қыс бойы жауған қар бір еріп, бір қатып, буға айналып ұшып кетті. Қызыл судың жылдағыдай мол болмауы бәлкім табиғаттың осы бір құбылысынан шығар. Әйтсе де, еріген судың азабы елді есеңгіреткен оқиғалар да орын алып отырғандығын айту парыз.

Атбасар ауданындағы Есенгелді, Новомариновка, Сепе және Сочинское ауылдарының тұрғындары қаншама жылдан бері жол азабын тартып келеді. Көктемгі еріген су онсыз да тозығы жеткен жолды шайып кетіп, төрт ауылдың тұрғындары қызыл судың тұтқынына айналған. Әлденеше күннен бері азық-түліктері таусылып, ем-домға қажетті дәрі-дәрмекке зар болып отыр. Амалы таусылғандар бастарын бәйгеге тігіп, сеңі көшіп жатқан Қашқар өзенінен қайықпен өтуде.

Жолдың жағдайын айтып болмайды. Бұрынғының тілімен айтқанда, ат өліп, арба сынатын жағдай. Көктемде ғана емес, қақаған қыста да көрген күндері осы. Жалғыз жолды әупірімдеп тазалағандарымен, сырғыма боран жүрсе болды, жым-жылас етіп жауып тастайды. Жол азабын шегіп отырған төрт ауылдың апталап қатынассыз қалуы жиі кездеседі. Осы тығырықтан шығаратын көпір салынуда. Әйтсе де, Атбасар-Сочинское тас жолының 19-ыншы шақырымындағы көпір құрылысы басталғалы екі жыл өтсе де, қашан аяқталары белгісіз. Дәл қазір айналма жолды көктемгі қар суына мелтектеп, күшіне мінген Қашқар өзені шайып кеткелі көлік қозғалысына шектеу қойылған. Жауапты органдардың мәлімдеуіне қарағанда, су деңгейі түскеннен кейін қиыршық тас төселмек. Қазір бес құтқарушы жол бойындағы халықты өзеннен әрі-бері өткізіп жүр.

Ахуал әбден алаңдатарлық. Аяқ астынан орын алған жай болса бір сәрі, сіңірдей созылған, сүр болып қатқан мәселенің әлденеше жыл бойы шешілмей қойғанына елдің өкпесі қара қазандай.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Атбасар ауданы.    

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар