Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жауапсыз мердігерлер сынға алынды - АРҚА АЖАРЫ

Жауапсыз мердігерлер сынға алынды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен отырыста өңіріміздегі елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және су бұру жобаларының жүзеге асырылу барысы бойынша мәселелер қаралып, талқыланды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев, Ақмола облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменттің басшысы Арман Рахимов, Ақмола облысының прокуроры Айдос Майлыбаев, сондай-ақ, облыстық құқық қорғау органдарының, бірқатар мердігер ұйымдардың басшылары мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.

– 2022 жылы Ақмола облысы бойынша сумен жабдықтаудың 47 жобасын іске асыру үшін 13 миллиард теңге бөлінді. Жұмыстарды жүргізу кестесі бойынша артта қалып, шарттық міндеттерді адал орындамағандықтан, сондай-ақ, жобалық-сметалық құжаттарға түзетулер жүргізілгеніне байланысты сумен жабдықтаудың бірқатар жобалар бойынша іске асыру мерзімдерін ұзарту мәселесі орын алып жатыр, – деді өңір басшысы.

Келелі кеңесте Ақмола облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменттің басшысы Арман Рахимов сөз сөйлеп, бұл мәселе, әсіресе, облыс орталығының маңайындағы елді мекендердегі өзекті мәселелердің бірі болып саналады деді. Айталық, Бурабай мен Зеренді аудандарында бұл мәселе әлі де шешімін таппаған. Сонымен қатар, облыс бойынша 30-ға жуық нысанға байланысты жобалар толық жүзеге аспаған екен.
– Жобалық картаға сәйкес сумен жабдықтау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргіздік.

Тексеріс барысында жекелеген компаниялардың жаңа нысандарды салу мен жаңарту жұмыстарына қатысты өз міндеттерін орындамай, олқылық танытып жатқаны анықталды. Сондай-ақ, тапсырыс берушілердің өзі жобаны уақытылы әрі сапалы орындалуы үшін тиісті шаралар қабылдамайтыны байқалады, – деді ол.

Жиын барысында аймақты сумен жабдықтау жұмыстарын жүргізіп жатқан «Монолит», «Дәнекер», «Байсын-А» сияқты ірі мердігерлік ұйымдардың мәселелері талқыланды. Мәселен, «Монолит» серіктестігі 6 елді мекендегі нысанды белгіленген мерзімінде тапсырмаған. Аудан әкімшілігі осы уақытқа дейін жасалған жұмыстың сапасыз екендігін де алға тартып, наразылық танытуда.

Бұл мәселенің түйінін шешу үшін мердігерлік ұйымдармен келісімді бұзып, істі сотқа жіберу көзделген. Алайда, ауыл тұрғындары қайта тендер жарияланып, жаңа мамандар іске кіріскенше тағы да ауыз сусыз отыруға мәжбүр. Осы мәселеге байланысты өңір басшысы жауапсыз мердігер компания басшылығына қатаң ескерту жасады.

– Сіздер тендерге қатысып, оны ұтып аласыздар. Жұмысқа кіріспей тұрып, жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс. Қай ауданға барсақ та, дәл осы мәселе алдымыздан шығады. Мүмкіндіктеріңіз болмаса, осыншама нысанды неге аласыздар? Енді міне, бүкіл аймақ Сіздердің салғырттықтарыңыздан жапа шегіп отыр. Елді мекендерді дамыту мәселесінде алдымен су және жол мәселесі тұр. Осы екі мәселе қашанда алдыңғы қатарда тұрған өзектісі.

Бұл жолда жұмысты алға ілгерілетпейтін, бөгесін болатын ешбір қолбайлау болмауы керек, – деді өңір басшысы.
Отырыста облысымызда алты жылдан бері іске асырылмай келе жатқан жобалар да бар екендігі айтылды. Атап айтар болсақ, «Қазбайлық Астана», «Титан Сервер», «JMI компани сервис» және «Еңбек» серіктестіктері құны 14 миллиард теңгеден астам сомаға тендер ұтып алған.

Алайда, әлі күнге дейін Бурабай, Целиноград аудандары мен Щучинск қаласындағы құрылыс жұмыстарын ұзақ уақыт бойы аяқтамай келеді. Осыған байланысты, сумен жабдықтау жұмыстарына бөлінген қаражаттың игерілмей қалған бөлігін мемлекетке қайтару қарастырылған.

Жиын соңында облыс әкімі жергілікті атқарушы билікке тиісті шаралар қабылдауға тапсырма беріп, мердігер ұйымдармен келісім жасасқандарға уақытылы бақылау жүргізілмесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын баса айтты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар