Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмір мұраты – адал жол - АРҚА АЖАРЫ

Өмір мұраты – адал жол

Алдыңғы толқын ағалардың ғибратты ғұмырының өнегелі тұстары кейінгі жастарға әдемі мысал болуға тиісті. Ілкі замандағы бабалардан қалған бәтуалы сөзде «алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» деген тәмсіл бар. Біздің арамызда тұла бойындағы тамаша қасиеттерімен өнеге болар адамдар аз емес.

Пенде ғұмырдың асқаралы биігіне шыққан адам кейінгі өмір жолына, сан тарау соқпаққа, ылдилар мен еңістерге сағыныш тұмшалаған ой көзімен қарар еді. Сол сәтте бар ғұмыр, қызылды-жасылды тіршілік, дүние парақтарының өз қолыңмен жазған шежіресі көз алдыңда қылаң беріп, көкірегіңді қоламтаның шоғындай қыздырады. Бүгінгі біз өнегелі өмірін таратып айтпақ болып отырған Теміртас Сәдуов бұрынғы Көкшетау облысының Чистополь ауданына қарасты Қырымбет ауылында жарық дүние есігін ашқан. Асылында адам бойындағы тамаша қасиет туған жердің топырағынан дарып, бар ғұмырында періштедей жебеп жүреді дейтін түсінік бар. Дәл осы тұрғыдан келген Теміртас Темірханұлының өсіп-өнген, оң-солын таныған ортасы мен туған жердің табиғаты тебірене жырлауға әбден лайық.

Мектепте жүргенде білім алуға құштар болды. Ол кездегі үлкендер де адам болашағы біліммен байланысты екенін үнемі есіне салатын. Өзі қатарлы жастар да қоғамға еңбегі сіңуі үшін ең алдымен белгілі бір мамандықты игеріп, сол саланың хас шебері болуға ұмтылатын. Жалпақ жұртқа ортақ жақсы мақсат Теміртас Темірханұлын да армандай алыс болашақтың биігіне шақырып тұрды. Табиғат сыйлаған бар қабілетін толайым жұмсап, берік білім негізін қалыптастыруға ұмтылды. Сондықтан да, Баррикада орта мектебін өте жақсы бітірді. Енді алда ұзақ та мағыналы жол тұрған. Қалауы Қотыркөл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумы болды. Кішкентай кезінен есеп-қисапқа жүйріктігінен бе екен, сонда бухгалтерлік мамандықты қалаған. Техникум қабырғасында да осы бір кез-келген адамның қолы келе бермейтін, жауапкершілігі мол мамандықтың қыр-сырын, тылсым теориясын егжей-тегжейлі меңгеруге ұмтылды.

Ұзақ жылдарға созылған, абырой арқалатқан, замандастарының шынайы құрметі мен ыстық ықыласына бөленткен еңбек жолын туған топырағында бастады. Алдымен өз еліме адал перзенті ретінде қызметімді сіңірсем деген ниеті де жол айырығындағы сапардың бағытын туған ауылға бұра берді. Оқу орнында алған білім негізі алдынан сара жол ашты. Есепке жүйрік, өз ісіне адал, кәсібіне бар ынтасымен берілген Теміртас Темірханұлының тиянақты еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ревизоры, май зауытының бухгалтері тәрізді мекемелерде абыроймен қызмет етті.

Есеп маманының тиянақты болуы кез-келген мекеменің бағын жандырады емес пе? Қаржыны ұқыпты жұмсау арқылы бар шығынды қысқартып, мекеменің мерейін асыруға қисапсыз еңбегін сіңірді. Осы арада бойына біткен тазалықты, жоғары жауапкершілігін өскелең ұрпаққа мысал етіп айта кетуге болады. Әркім де дәл біздің кейіпкеріміздей бойындағы білімі мен білігін, тәжірибесі мен тәлімін ортақ іске жұмсайтын болса, кез-келген шаруаның оңалатындығы даусыз.

Кейін дәм облыс орталығы Көкшетау қаласынан бұйырған. 2012-2020 жылдары Ғалым атындағы мешітте есепші болып қызмет атқарды. Әуел баста жан тазылығы мен ар тазалығын қалаған, көңілі кіршіксіз, адамгершілігі ажарлы Теміртас Темірханұлы бес уақыт намазын қаза қылмай, мұсылмандық парызын мінсіз атқарумен қатар, жұбайы екеуі қажылыққа да барып келді. Жан жары Нарзангүл екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеген өнегелі отбасы атанды. Бауыр еті балаларынан 12 немере, 5 шөбере өрбіді.

Бағзы заманның білгірлері «адам ғұмыры қамшының сабындай» дейді екен. Қызылды-жасылды қызығына ынтызар көңіліңді бір тоғайтпай өтетін дүние шіркінде ғұмырыңның әр сәті мазмұнды, мағыналы болғанға не жетсін. Адам үшін ең  бастысы да сол емес пе?! Теміртас ағамыздың осы биіктен абыроймен көріне білгендігіне ризашылығымызды білдіре отырып, жатқан жеріңіз жайлы болсын дейміз!..

Б.КӨБЕЕВ.     

Ақпейілді, иманды Теміртас аға

Теміртас Темірханұлы ағамыз, 2012 жылдан «Ғалым» мешітінде есепшілік қызмет етті. Қызмет сұрап, жұмыс таппай келген жоқ, ортаға баласын, жұбайын салып жүріп, ізінен қалмай жасаған өтінішімізді қимай келген еді.

Мен өзім Бас мүфтидің Бұйрығымен 2011 жылы «Ғалым» мешітіне бас имам болып тағайындалдым. Ендігі кезектегі мәселе мешіттің есепшісін тағайындау. Мешітке қыруар қаржы түсіп жатпаса да, халықтың берген садақалары мен пітірлерін есебін жасап, уақытылы діни басқармаға есебін беріп, мешіттің коммуналдық төлемі мен салығын, зейнетақы қорын реттеп, мезгілінде аударып отыратын, жауапкершілікті түсінетін адал адам керек болды.

Өзім 1999-2001 жылдары СҚО-дан Чистополь аудандық мешітінің имамы болып келгендегі алғашқы танысқан адамдарымның бірі осы Теміртас ағамыздың баласы Асылбек еді. Содан бері Теміртас ағаны білетінмін.  Осы кісіден артық бұл қызметке лайықты, мешітке жанашыр адам таппаспын деп өзіне қолқа салдым. Ол кісі «зейнетке жақында шықтым, есепшіліктен дем алайын деп едім» деп, біраз көнбей жүрді де, кейін көңілімізді қимай келісімін беріп, қызметке кірісіп кетті.

Мешіттің әрбір тиынына жауапкершілікпен, шашауын шығармай, ыждаһаттылықпен қарап, есебін беріп отыратын. Өзінің шаруасы бітпесе де, мешіттің шаруасын бірінші орынға қоятын еді. Мешіттің қаражатын ғана емес, дүние-мүлкін де өз үйінің мүлкінен артық санайтын ақ адал азамат болатын. Тіпті кейінгі кезде науқастанып жүрсе де, сүйретіліп келіп, мешітте сегіз сағат тапжылмай отыруға тырысатын еді. Ауруханада жатып та, мешіттің жайын ойлап, есебін беріп отырды. Мешіттің жамағатымен де, қызметтестерімен де әзілдесе жүріп, жаспен де, кәрімен де жақсы қарым-қатынаста бола білген қарапайым да ақ көңіл жан болды. Соңғы уақытта ауру меңдеп, шамасы азайғанда да намазын үзбей жамағатпен бірге отырып, оқып жүрді.

Біз мешіт қызметкерлері, Теміртас ағамызды  кеңпейіл, иманды, әділ де адал азамат, Аллаға деген иманы мығым, нағыз мұсылман ретінде еске аламыз. Зейнетке дейін елге адал қызмет еткен ардақты ағамыз, зейнеткерліктен соң да шамасы жеткенше дінімізге адал қызмет етті. Ақырғы демі жеткенше иманына берік болды.

Алла ағамыздың алдынан жарылқап, о дүниенің жарығын нәсіп етсін. Бұл жалғанда кеткен қателік-күнәларын кешірім етіп, оқыған намаз, өтеген қажылығын қабыл етіп, қабірін жарық, сұрағын жеңіл етсін деп тілейміз. Артында қалған жұбайы мен бала-шағасына Алла амандық берсін!

Нұрлан ӘБЕНҰЛЫ,
Көкшетау қаласындағы «Ықылас» мешітінің бас имамы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар