Астана қаласында «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры тарапынан жыл сайын өткізілетін «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасының қорытынды кезеңі өтті.
Іс-шара мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын дәріптеуге ықпал ету мақсатында өткізіліп келеді. Бұл байқауға Ақмола облысынан 2022-2023 оқу жылындааталған олимпиаданың облыстық кезеңінде топ жарған 9 оқушы қатысты.
«Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасы 5 бағыт бойынша өткізілді. Ол бағыттар: «Бейнелеушілер» сайысы (қазақ әдебиетіндегі шығармаларды комикс жанрында салу), «Білгірлер бәйгесі» (мақал-мәтел, жұмбақ, ертегілер бойынша сайыс), «Жас қаламгер» шығармашылық байқауы (жазбаша шығармашылық жұмыс), «Сөз шеберлері» (көпшілік алдында белгілі бір тақырыпта сөз сөйлеу), «Әнші-бұлбұлдар» (ән айту). Бұл байқаулардың бәрінде де ақмолалық өрендеріміз жақсы өнерлерімен көзге түсіп, республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша ІІІ-дәрежелі дипломдармен және қола медальдармен марапатталды.
Бұл жүзден жүйрік шыққандар: «Жас қаламгер» (қазақ тілі) бағыты бойынша Әділбек Құрман – Щучинск қаласының «Білім-инновация» ІТ лицей-интернатының 10 сынып оқушысы, «Бейнелеушілер» (орыс тілі) бағыты бойынша Анастасия Алиферова Аршалы ауданы Арнасай жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы, «Әнші-бұлбұлдар» (қазақ тілі) бағыты бойынша Индира Сұлтанова Зеренді №1 жалпы орта білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы, «Әнші-бұлбұлдар» (орыс тілі) бағыты бойынша Эвелина Титова Көкшетау техникалық лицейінің 8 сынып оқушысы. Олай болса, жүлде құтты болсын, білім өлкесінің талмас талаптары!
Құттықтаймыз және шығармашылық табыс тілейміз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.