– Көкшетауда 11 шілдеден бастап қоғамдық көлікте жол жүру ақысы көлік картасымен пайдаланатындар үшін 100 теңгеге және қолма-қол төлейтіндер үшін 180 теңгеге дейін қымбаттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көкшетау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» заңына сәйкес облыс орталығында жолаушылар мен жүкті қалаішілік автомобильмен тұрақты тасымалдау үшін сараланған тариф белгілеу туралы қаулы шығарылды.
Осыған байланысты қалаішілік қатынаста жолаушылар мен жүкті автомобильмен тұрақты тасымалдаудың бағасы ересектерге арналған көлік картасы арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 80 теңгеден 100 теңгеге дейін өседі.
Жетіден он бес жасқа дейінгі балалар картамен 40 теңге төлейтін болады.
Бірақ қолма-қол ақшамен төлеген кезде ересектерге 180 теңгеге (150 орнына) ақша төлеуге тура келеді. Жетіден он бес жасқа дейінгі балаларға картасыз жол жүру 70 теңге тұрады.
«Егер электрондық төлем жүйесінде ақау шыққан кезде, көлік карталарын қолданатын жолаушылардың тегін жол жүруге құқығы бар», — деді ведомстводан.
Қаулы 2023 жылғы 11 маусымнан бастап заңды күшіне енеді.
Биылғы жылдың 31 мамырында Көкшетау қаласының қоғамдық көлігінде жол ақысын төлеудің баламалы тәсілдері енгізілді.
Енді көкшетаулықтар жол ақысын Visa, Mastercard, Unoin Pay, American Express, JCB, Diners Club, Discover банк карталарымен төлей алады.
Сонымен қатар, жол ақысын смартфон немесе смарт сағаттағы Apple Pay, Samsung Pay, Google Pay секілді контактісіз төлем (Nfс) жүйесі арқылы төлеуге болады.
Айта кетсек, бұдан бұрын әрбір екінші мамандандырылған автокөлік Ақмола облысында шығарылатынын жазған едік.