Министр Ербол Қарашөкеев «Ауыл шаруашылығы жануарларын ҚР аумағынан әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан аумағынан үшінші елдер мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне 60 000 бас тірі ірі қара малды және 120 000 бас тірі қой мен ешкіні әкетуге 6 ай мерзімге квота енгізілсін», — делінген ведомство басшысы қол қойған бұйрықта.
Белгіленген сандық шектеуден асып кеткен жағдайда, жануарлар карантинге қойылады және құзырлы орган оларға ветеринариялық сертификат беруді бұғаттайды.
Құжатқа сәйкес, бұқаларды карантинге қою үшін лимит 60 мың бас. Оның ішінде:
— бордақылау алаңдары үшін – 30 000 бас;
— тауар өндірушілер үшін – 30 000 бас.
Ал еркек тоқтыларды карантинге қою үшін лимит 120 мың бас. Оның ішінде:
— бордақылау алаңдары үшін – 30 000 бас;
— тауар өндірушілер үшін – 90 000 бас.
«Қазақстан аумағынан бұқаларды әкетуге квота алу үшін бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жиынтық мөлшері 500 бастан аспайды. Ал тауар өндіруші үшін 200 бастан көп болмауы тиіс. Еркек тоқтыларды әкетуге квота алуға үшін бір бордақылау алаңына арналған лимиттің жалпы көлемі – 1 000, бір тауар өндіруші үшін 500 бастан аспауы қажет», — деп жазылған құжатта.
Бұйрық 23 маусымнан бастап күшіне енеді.