Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туғанына ғасыр өткен екі майданның ері - АРҚА АЖАРЫ

Туғанына ғасыр өткен екі майданның ері

Уақыт тарихтың ақиқаты ретінде адам өмірінің қилы сәттерін айна-қатесіз жария етіп, әділ бағасын беріп жатады. Табиғи дарыны мен адал еңбегінің арқасында халқының шынайы сүйіспеншілігіне бөленген асыл жандардың рухы ешқашан өшпейді, мәңгі жасай береді. Биыл туғанына 100 жыл толатын мемлекет және қоғам қайраткері, партия, совет органдарының ардагері, ержүрек майдангер, ел ардақтысы Азнабай Әбілмәжінұлы – нақ осындай кемеңгер тұлға.

Ел тарихында ерлікке тән ерен істерімен айшықты із қалдырған қайратты тұлға Азнабай Әбілмәжінов 1923 жылдың 5 қазанында Солтүстік Қазақстан облысы,Октябрь ауданындағы Түшке ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келді.Бұл – қазақ даласында колхоз құрумен қатар, саяси дүрбелеңдер сипат алған қилы кезең болатын. Сол себепті еңбектеген сәбиден еңкейген  қарияға дейінгілер өмір үшін күресті.

Ата-аналар қайткенде балаларын аман сақтап қалудың қамын ойластырды.Осындай буырқанған өмір толқынында есейіп, ержеткен Азекең ұстаз болуды армандады.Отбасыжағдайының қиындығына қарамастан,ата-анасы ұлын Петропавл қаласындағы қазақ педагогикалық училищесінде оқытты.Қолында дипломы бар жас маман бір жылдай Красноармеец ауданында бастауыш сыныптың мұғалімі болып істеді.

Ол уақытта Ұлы Отан соғысы қызу жүріп жатқандықтан, Азнабай да майданға аттануға ұмтылды.1942 жылдың 3 мамырында Қызыл Әскер қатарына шақырылып,Алматы қаласындағы жоғары жаяу әскер училищесінде жарты жылдай оқыған соң  333-ші атқыштар дивизиясы минометтік есептің командирі ретінде Ұлы Отан соғысындағы шешуші шайқас – Сталинградты корғауға қатысты.Бұл шайқастарда жас командир өзінің қайсарлығын,ерлігін, ұйымдастырушылық  қабілетін танытып,жауынгерлерге үлгікөрсетті.  1942 жылдың желтоқсан айында қолынан ауыр жарақат алып,төрт ай бойы госпитальде емделді. Айығып шыққаннан кейін Oңтүcтік-Бaтыс майданның 66-механикаландырылғанбригадасының минометтік тобына жетекшілік етті. 1943 жылдың  желтоқсанында алғыр,өжет,жас командир Ленин партиясының  қатарына қабылданды. Азнабай аға ерлікке толы жорықтарын Польша жерінде жалғастырып,соғысты Германиядағы кеңес әскерлерініңтобында бригада старшинасы болып аяқтайды.

Төрт жыл бойымайданныңауыр сынағынан сүрінбей өткен нағыз патриот,ержүрек командирАзекең ұстаздық мамандығы бойынша Бірлік мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарғандаөзін еңбекқор,сауатты тәрбиеші ретінде көрсетіп, әріптестері мен ауылдастары арасында беделге ие болды. Жоғары жақтағылар ұшқыр даойлы маманды бірден байқап, 1950 жылдың тамыз айындаКрасноармеец аудандық партия комитетініңштаттағы насихатшысы етіп бекітеді. Біраз уақыт өткен соң, белсендіпартия қызметкерін аудандық партия комитетінің бюросы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы екіжылдық партия мектебіне оқуға жіберуге ұсыныс  жасайды.

Саяси біліктілігін жетілдіріп, партия мектебін 1954 жылы  бітіргеннен кейін, ол Красноармеец аудандық парткабинетінің меңгерушісі болып істейді. Осы кезде кең байтақ қазақ даласында, Көкше өңірінде де тың эпопеясы басталып, жаңа шаруашылықтар мен аудандар ашылғанда, облыстық партия комитеті саяси дайындығы бар білікті партия кадры Азнабай ӘбілмәжіновтіҚызылту аудандық партия комитетіне қызметке жібереді. Сөйтіп, ол осы ауданда табаны күректей он жыл қызмет істейді.

Насихат бөлімінің меңгерушісінен  аудандық партия комитетінің екінші хатшысы дәрежесіне дейін көтеріледі. Тың игерудің алғашқы жылдары билік басында жүрген азаматтардың іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне үлкен сын болды. Жергілікті тұрғындардың мұн-мұқтажын қанағаттандырудың өзі қиынға түскен сәтте, тың игеруге Кеңес Одағының басқа республикаларынан келген адамдармен ортақ тіл табысып, тұрмыстық жағдай жасау қияметтің қияметі болды.

Ауданның саяси көшбасшысы ретінде Азнабай Әбілмәжіновеңбек ұжымдарының тұрақты жұмыс істеуіне, тұрғындардың барлық санаттары арасында саяси және мәдени климатты жақсартуға көп еңбек сіңірді.Әсіресе, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болғандаөнеркәсіп, құрылыс, көлік, тұрғын үй  саласындағы өндірістік ұжымдармен қоян-қолтық араласып, көп тәжірибе жинақтады. Ол тапсырылған іске білек сыбана кірісіп, олардың барлық көкейтесті мәселелерін зерделей зерттеп, шешуге мүмкіндігінше қолқабыс жасады. Белсенді еңбегі ескеріліп,аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, бес жыл абыройлы қызмет атқарды.

Азнабай Әбілмәжінов үшін бұл кезең оның өміріндегі ең жемісті жылдар болды. Ол өзін талантты басшы, ұйымдастырушы және бұқара тәрбиешісі ретінде сан қырынан танытты. Аудан тың игеру жылдары облыс пен республикадағы ең ірі астық өндіруші өңірге айналды.Атап айтқанда,астық өндіру жылына орта есеппен 168 мың тоннадан айналды, бұл облыстағы ең жоғары көрсеткіш болатын.

Тың игеру егіншілікті дамытуменбірге,мал шаруашылығы өнімдерінің ұлғаюына оң ықпалын тигізіп, ет өндіру 150 пайызға, сүт 102 пайызға артты. Шаруашылықтарды мамандандыру жұмыстары ойдағыдай жүргізілді: ірі қара мал өсіретін екі,қой өсіретін үшсовхозқұрылды. Әр шаруашылықта сүт өндірумен айналысатын ірі тауарлы-сүт фермалары ашылды. Селолардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен еңбеккерлердің өмір сүру деңгейін жақсарту аудандық атқару комитеті мен жергілікті кеңестердің айрықша қамқорлығындағы мәселелерге айналды. Тың игеру жылдарында құрылғансовхоздардағықұрылыс жұмыстары бас жоспарға сәйкес жүргізілді, яғни, мәдени-тұрмыстық бағыттағы нысандар да көптеп бой көтерді.

1967 жылдың қаңтарында кадрларды алмастыру, яғни, ротациятәртібі бойыншаАзнабай Әбілмәжінов Көкшетау аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұлы Отан соғысының шешуші шайқастарын басынан өткерген іскер азамат Андрей Георгиевич Боев болатын.Өзара тіл табыса  білген қос майдангер ауданның экономикасын өркендетуде елеулі еңбек сінірді. Әсіресе,мал шаруашылығын дамыту бойынша Көкшетау ауданы облыста жетекші орын алды, оның ішінде 29 мың ірі қара мал, 9 мың сиыр, 4 мың шошқа, 24 мың қой және 3 мың жылқы болды.Аудан экономикасын дамыта отырып, аудандық атқару комитеті алдымен еңбек ұжымдарының, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға баса назар аударды.

Өңірді дамытудың бағдарламасы әзірленіп, әрбір елді мекенде әлеуметтік-мәдени нысандардың толық кешені – мектептер мен балабақшалар,кітапхана, клуб, ФАП, байланыс торабы, монша, тұрмыстық қызмет көрсету үйі, сауда орталығы және спорт ғимараттарын көбірек салу міндеттелді. Азнабай Әбілмәжінұлы тәжірибелі басшы ретінде Кеңестердің рөлін күшейту, оларды білікті кадрлармен,депутаттар корпусымен қамтамасыз ету және тұрғындармен күнделікті жұмыс жүргізу арқылы ғана барлық жұмысты тиісті деңгейге көтеруге болатынын жақсы түсінді. Уақыт өте келе, аудандық атқару комитеті төрағасының беделі аудан активі және тұрғындардың арасында ғана емес, облыс көлеміне де танымал болды.

1968 жылдың күзінде Көкшетау обкомының бірінші хатшылығына атақты жерлесіміз Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің келуіне орай, жергілікті ұлт кадрларының жұлдызы оңынан туып, лауазымды қызметке көптеп тартыла басталды. Ерекеңнің тарапынан қолдау-көмекті Азнабай аға да көрді. Сөйтіп, облыстық партия комитеті бюросының ұсынысымен 1970 жылдың қарашасында Азнабай Әбілмәжінұлы Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл қызметті Азекең он жылдан астам уақыт атқарды.

Бұл жылдары аудан экономикасы айтарлықтай деңгейге көтерілді: жалпы астық өндіру 40, картоп57, көкөніс 100 пайызға дейін өсті. Мал шаруашылығы тұрақты дамып,облыс бойынша жетекші орындардың бірінде болды. Ауданда шаруашылықтарды мамандандыру жұмыстары ойдағыдай жалғастырылды: ірі қара мал өсіру және семірту бойынша екі шаруашылық ұйымдастырылды, «Көкшетау» кеңшарында шошқа өсіру кешені пайдалануға берілді. «Приречен» және «Күсеп» кеңшарлары картоп пен, «Краснояр» кеңшары көкөніспен айналысты, ал, «Садовый» кеңшары Көкшетау облысын жеміс-жидек өнімдерімен толық қамтамасыз етті.

Ауданды дамыту туралы қабылданған қаулыға сәйкес тұрғындар аз қоныстанған шағын ауылдарғақолдау көрсетудің қосымша бағдарламасы әзірленді.Онда тұрғын үй құрылысымен қатар, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени нысандар салуға, көркемөнерпаздар үйірмелерін және спортты дамытуға көп көңіл бөлінді. Бұл іс-шаралардың барлығы еңбек ұжымдарының тұрақты қызмет етуін, тұрғындарды толық жұмыспен қамтылуын, ең бастысы жастардың ауылда қалуын қамтамасыз етті.Еңбек әулеті жалғастырылып, әр салада өз кәсіптері бойынша көптеген еңбек озаттары тәрбиеленді. Сартай Жұмағалиев пен Сертай Бектұрғанов Социалистік Еңбек Ері атанды.

1980 жылы Көкшетау ауданы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша Бүкілодақтық социалистік жарыста жеңімпаз атанып, КПСС Орталық Комитеті, СССР Министрлер Советі, ВЦСПС пен ВЛКСМ Орталық Комитетінің Ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Аудан еңбеккерлерінің мұндай өрелі табысқа қолжеткізуінің басты кепілі бірінші хатшы Азнабай Әбілмәжіновтен бастап, совхоз директорларының, мамандардың, әлеуметтік сала қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің жемісі дер едім. Өйткені, Азекең жұмыс бабында білікті кадрлардың бай тәжірибесі мен іскерлік қабілетіне көбірек арқа сүйейтін. Алды-артын тереңнен толғайтын көреген азамат Азнабай Әбілмәжінұлының бойындағы бір қасиеті өзі тәрбиелеген шәкірттерімен қай қиырда жүрсе де байланысын үзген емес. Ол кісінің асыл қазынадай сақтап жүретін «Қазақстан Компартиясы Көкшетау аудандық комитетінің түлектері» деген журналы болатын.

Көкшетау аудандық атқару комитетінің төрағасы, бірінші хатшы болып істеген он бес жылдың ішінде абзал ағаның қамқорлығын көріп, тәлімін алған қаншама жастар қанаттанып жетілді. Мәселен, қатардағы инженер Чапай Әбутәліпов Сәкен Сейфуллин атындағы совхоздың директорлығынан Көкшетау обкомының бірінші хатшысы дәрежесіне дейін өсті. Ал, өз замандастарымыздың ішінде Мағауия Рахымбергенов комсоргтан «Бұлақ» совхозы парткомының хатшысы, аудан әкімі болды. Дарынды да білікті мамандар Әскербай Әлдиев, Ебраш Манатов, Жеңіс Шүйкенов, Дәрібай Ыбраев, Әнуарбек Сағитов, Петр Вознюк, Владимир Завада, Алексей Неумывакин, Нұрболат Шәріпов, Айтмағанбет Әбілмәженов, Талап Тоқмурзин, Александр Ежовтар  кеңшар директоры қызметін абыроймен атқарды.

Өзімен бірге аудандық партия және атқару комитеттерінде қызмет атқарған Андрей Хархун, Зекен Шаполаев, Боркен Әшімов, Әбу Ауқаров, Шамған Әбілмәженов, Кәрім Жүсіпбеков, Любовь Петренко, Борис Ковалев, Жолдасбек Нұғыманов, Үкібай Алпысбаев, Қайролла Ескендіров, Александр Татарский, Егінбай Жапаров, Бабаназар Мұқашев, Шабан Хамзин, Әутас Қасымжанов, Әлібек Тілеубердин, Ораз Қазжанов, Базарбай Басенов, Амангелді Шүйкенов, Баймұрат Жетпісбаев, Майра Хасенова, Анатолий Орешкин, Бапан Кәкімов, Амангелді Бекқожин, Өтелбай Елбергенов, Абай Хұсаиновтардың іскерлік қабілетін жоғары бағалады. Мұндай құрметке бөленгендер әлеуметтік сала қызметкерлері арасында да жетерлік.

Азекең өзінің замандастары Баян Жанғалов, Алпысбай Жақыпов, Мәулетбай Кәрімов, Асылбек Дәулетов, Жанайдар Рамазанов, Бүркітбай Батырханов, Ахмет Ыбраев, Қажақмет Балахметов, Тәткен Боқанов, Бақытжан Сейтжанов, Көкен Шакеев, Құлмырза Шуатаев, Айдархан Байкенов, Әбілжан Өмішов,Төлепбергенов, Ғазез Братаев, Сансызбай Мұқитанов, Ғазез Мұқашев, Иосиф Багинский, Кәріпқан Жүсіпов, Бәйкен Иманғожин, Газез Махметов, Қадес Сағадиев, Жасболат Хасеновпен, тағы басқа елағаларымен сыйластық қарым-қатынаста болды.

Абай орта мектебінде директор болып қызмет істегеніме бар-жоғы екі жарым жылдай болса да, Азекеңнің қамқорлығының арқасында аудандық оқу білімінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Бірінші хатшының ақыл-кеңесін зердеге тоқи отырып, осы қызметті алты жылдай мінсіз атқаруға тырыстым. Тіпті, Қазақ ССР Оқу министрлігі өткізген республикалық жарыста Ауыспалы Қызыл туды жеңіп алған кезіміз де болды.

–Шияп, сен өте алғыр жігітсің. Кезінде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы немесе бір совхозға партком хатшысы қызметіне жіберуде ойымда болатын. Оқу бөлімінің жұмысын тез меңгеріп, өрге бастырдық Ал, келешекте қызмет баспалдағымен өсу үшін міндетті түрде партия органындағы шыңдалу мектебінен өтуің керек,–деді бірінші хатшы ерекше мейірімділік танытып.Әңгіменің тоқ етері, осы қабылдаудан кейін аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, Азекеңнің тікелей қол астында істеу бақытына ие болдым.

Көпті көрген көнекөз ағамен көрші болғандықтан, отбасымызбен жиі араласып тұрдық. Қыста соғым соятын болғандықтан,арқан сұрай бардым. Тіпті, арада он минут өтер-өтпестен Азекең үстіне жұмыс киімін киіп, Балқия жеңгеймен біздікіне келді.

–Далада тонып қаласыз, қуырдақ піскенше үйге кіре тұрыңыз,–десем, көрші қақысын өтеп, көмектесуге келдік демесі бар ма?! Міне, нағыз кісіліктің белгісіндейсыйластық сезімге толы осындай қасиетті айтуға болатын шығар.

Азнабай аға жалпы өмірдегідей, отбасында да өзің қарапайым ұстайтын. Менменшілдік пен жағымпаздықты ұнатпайтын. Ұлдары Ғалел, Жәлел, Мейірбек пен қызы Мираны мейірімділікке, адалдыққа тәрбиеледі.1948 жылы отау құрған асыл жары Балқия жеңгей тұқым инспекциясында лоборант болып істесе де, үйдегі-түздегі шаруаны әйел затына тән ұқыптылықпен мінсіз атқарып, ерінің мәртебесін өсіріп отыратын. Тоқсанның үшеуіндегі қария қазіргі таңда қарашаңырақтың қорғанындай немере-шөберелерінің шаттығына бөленіп отыр.

Халқының алдында жүзі жарқын Азнабай аға майдандағы жауынгерлік ерлігі мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін екі мәрте «Қызыл жұлдыз», ІІ Дәрежелі Отан соғысы, Октябрь Революциясы және төрт бірдей «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Краснояр селосындағы өзі тұрған көшеге есімі беріліп, үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

Абыройы асқақтап, қызметі өрге басып, ауданның дәулеті шалқып тұрған сындарлы сәтте Азекеңнің облыстық автомобиль жолдары басқармасына бастық болып ауысуы әу баста біздер үшін де күтпеген тосын жағдай болды. Совхоздар мен өндіріс кәсіпорындарының мүйізі қарағайдай директорларының мұндай шешіммен келіспейміз деген уәжіне Азнабай Әбілмәжінұлы сабырлық, ұстамдылық танытып, басу айтты.Алған беттен қайтпайтын іскер де табанды басшы Азекең өзіне тән ерік-жігермен бұл қызметті де табандылықпен атқарып, Көкшетау ауданының елді мекендерін байланыстыратын жолдардыда жөндетіп берді. Ал, зейнеткерлікке шыққанда сыйға су жаңа «Волга» автокөлігінің кілтін алғанда біздің де қуанышымызда шек болған жоқ. Өйткені, халқына жасаған жақсылықтың әрқашанда қайтарымы болары хақ.

Кешегі сұрапыл майданда етегімен қан кешіп, мұз құрсанған Ұлы Отан соғысының хас батыры бейбіт өмірде ел дәулетін шалқытып, халқына қамқор бола білген іскер басшы Азнабай Әбілмәжінұлы жайлы әлі де естеліктер жазыла жатар. Асыл ағамыздың көзін көріп, тәрбиесін алған шәкірттері, біздер барда ұстазымыздың қасиетті есімі ешуақытта ұмытылмайды. Көкшетау ауданының өркендеуіне күш-қайратын жұмсап, өлшеусіз үлес қосқан ардақты азамат Азнабай Әбілмәжынұлының жарқын бейнесінен көз жазып қалғанымызға отыз жылдай болса да, сыйластығымыз бен құрметіміздің белгісіндей, оның 100 жасқа толу құрметіне 22 шілдеде Краснояр селосындағы «Көкше» мәдениет үйінде салтанатты жиналыс, одан кейін ипподромда ат жарысын өткізбекшіміз. Ұрпақ сабақтастығын жалғастыратын бағалы бұл бастамамызға қызу қолдау көрсеткен облыс әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевқа, Зеренді ауданы және Көкшетау қаласының әкімдіктеріне, зиялы қауымға айтар алғысымыз шексіз.

Ардақты ағайын! 2024-2025 жылдар Көкшетау-Ақмола өңірінің қоғамдық-мәдени өмірінде де айтулы оқиғалармен ерекшеленбек. Атап айтқанда, Көкшетау қаласының  іргетасы қаланғанына 200 жыл, Көкшетау облысының құрылғанына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толады. Жерлестерімізді мақтаныш сезіміне бөлейтін бұл мерекелік шараларды жоғары деңгейде өткізуге бір кісідей ат салысайық.  Тарихты таразылап, оның тағылымдық құндылықтарын ел игілігіне жарату – ардагерлер қауымның да басты парызы. Алға қойған мақсаттарымызға жетіп, ата-бабадан мирас болған аманатқа адалдық танытып, ел тағдыры үшін бастарын бәске тіккен асылдарымызды ардақтай білейік.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданының құрметті азаматы,
«Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.

Суретте: А.Əбілмəжінов (ортада) қызметтес əріптестерімен бірге

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар