Көкшетаудағы мешіттің тарихы

Ілкі заманда ел бірлігін ойлап, асыл дінімізді насихаттауға еңбегі сіңген тұлғалардың есімдері ел есінде сақталуға тиіс. Олардың осы тараптағы нәтижелі еңбегі өскелең ұрпаққа әдемі үлгі, өміршең өнеге. 50-ші жылдардың басында Көкшетау қаласында мұсылман қауымға Алланың жердегі үйінің қажеттілігі қатты сезілсе керек. Әйтсе де, оңай- оспақ шаруа емес. Ұйымдастыру ісі 1950 жылы басталыпты. Міне, осы кезде Әбу ақсақал мешіт салуды өз алдына міндет етіп қойған. Қаладағы беделді ақсақалдарды жинап, ортақ мақсатты ортаға салған. Жалғыз облыс орталығының тұрғындары ғана емес, іргедегі көптеген ауылдардың бас көтерер үлкендері қол ұшын бермек болған.

Соғыстан кейінгі елдің тұрмысы белгілі. Әйтсе де, мешіт салу міндет деп ұққан жамағат хал-қадірінше қаражат жинапты. Ендігісі рұқсат алу. Облыстық партия комитетіне әлденеше мәрте өтініш айтқан. Ойға алған шаруа оңғарылмай тұрғаннан кейін 1954 жылы мәселені Алматыға барып шешуге бел байлайды. Осы тұста Әбудің баласы Әубәкір Мәскеудегі жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жүрген. Жанашыр ағайындар Әбу ақсақалға сақтандыру бағытындағы кеңесін де айтса керек. Ондағысы дін жолын қуып жүргеніңде кесірің балаңа тимесін дегенге саяды. Әйтсе де, жамағаттың жайын ойлаған жайсаң жан өз жанын шүберекке түйіп, алған бетінен қайтпайды. Көкшетаудағы Қазиахмет, Қали есімді ақсақалдарды ертіп алып, Алматыға аттанады. Алдымен, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің қабылдауында болады. Бірінші хатшының айтуына қарағанда, бұл мәселені шешу Жоғары Кеңестің құзырында болса керек. Әдейі келген соң мәселені біржола шешіп кетуді жөн көрген ақсақалдар Жоғары Кеңеске барып, қабылдауды сарыла тосады. Ондағылар:

  • Мешіттің не қажеті бар? – деген сауал қояды.

Әбден ширыққан Әбу ақсақал:

  • Айналайын, біз де осы қоғамның мүшесі емеспіз бе, жасымыз жер ортасынан ауған соң, жапырып жұмыс істей алмасақ та, елдің тілекшісі болуға жараймыз, – десе керек.

Ақсақалдың аталы сөзіне тосылған президиум басшысы мәселені табан аузында шешіп берсе керек. Ақ түйенің қарны жарылған қуаныш дүйім ел үшін атқарылуға тиісті шарапатты шаруа. Елге оралған соң Көкшетау қалалық кеңесінің шешімі бойынша жер беріледі. Әйтсе де, қолайсыздау алыс жерден. Оқырманның көз алдына елестету үшін нақтылап айтатын болсақ, сол кездегі ең шеткі Разин көшесінің бойында.

Ақсақалдар қабырғаларымен кеңесе келе, имандылық үйі шетте болса да, бос қалмас, бұйырған жерге салайық деп шешсе керек. Дәл осы уақытта Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің әкесі Ғабдолла ақсақал қалаға көшпекші екен. Сол кісінің төрт бөлмелі ағаш үйін сатып алады. Әбу ақсақал төңіректегі ауылдардан көлік жинайды. Ағаш үйдің жуан қарағайларын рет-ретімен белгілеп, қалаға тасиды. Әупірімдеп жүріп, белгіленген орынға қайтадан салып шығады. Соңында пешін салу ғана қалады. Оның кірпішін жеткізу тағы бір жүк. Осы арада Әбу ақсақалдың келіні Батиқа Тілеубергенқызының естелігіне назар аударалық. Бұл естелікті композитор Тыныштық Шаменов жазып алған екен. Біз Тыныштық ағаның «Әбу ақсақал салған мешіт» атты мақаласын кезіктірдік. Онда былай делінеді: «Қарағым, сенің қолыңнан ғана келеді. Пеш салуға қажетті кірпішті жеткізіп бер» десе керек Әбу ақсақал. Келіні жан ұшырып жүріп, көлік табады. Өз қолымен артып, жеткізеді».

Осылайша, ел болып жұмылған игілікті шаруа 1953 жылдан басталып, 1956 жылы аяқталады. Қазіргі күні бұл мешіт кавказ халықтарының өкілдеріне берілген, әлі де жамағатқа қызмет етуде.

Енді бір мәселе – мешітке имамның керектігі. Ақсақалдар тарапынан Әбу ақсақалға иман болуы туралы ұсыныс жасалса керек. Бірақ, Әбекең бұл мешітке мейлінше сауатты молда керек, сондықтан, имам болуға Момақан молда лайық деген шешімін айтыпты. Көпшілік бұл ұсынысты құп алған.

Енді облыс орталығында мешіт салуға ұйытқы болған, бар шаруаның басы-қасында жүрген Әбу Жүнісұлы туралы қолда бар деректерді уақыт шымылдығынан аршып алып, айта кетсек артық болмас. Әбу ақсақал 1882 жылы сол кездегі Чкалов ауданына қарасты Октябрь елдімекенінің маңындағы Айдос ауылында туған. Әріден таратсақ, Кежен байдың ұрпағы. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Кежен байды ақыл-парасатына, кемел кісілігіне лайықты баға берген Абылай ханның өзі «Алтын сандығым» деп атаса керек. Кеженнің 6 перзенті болған. Үлкені Бозай. Одан Ожан, Қойман деген екі ұл тарайды. Ожаннан Мырзағыл мен Тілес туған. Мырзағыл өмірден ерте озып, жалғыз ұлы Көшек Тілестің қолында өседі. Көшектен Жүніс, ал Жүністен Дәуіт, Әбу, Ерғали деген ұлдар туады. Әбудің жалғыз ұлы Әубәкір. Әбу ақсақалдың өзі 1966 жылы дүниеден өткен. Танып білген адамдардың айтуына қарағанда, көп дүниені күні бұрын жаза баспай болжап айтатын да қасиеті болған.

Ең бастысы кешегі Кеңес заманында мешіт салу арқылы жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беруге ұмтылған. Жалғыз асыл дінді ғана емес, адам бойындағы ізгілікті, таңның мөлдір шығындай арлы адамгершілікті насихаттауға, ұлттық құндылықтарды дамытуға шын ниетімен қызмет еткен. Ел тарихын екшегенде қаламызда осындай қайраткердің болғандығын айта кетсек артықтығы жоқ. Себебі, ел қамын ойлаған Әбекең тәрізді абзал азаматтар замананың дауылынан қорықпай, сол кездегі солақай саясаттың сесінен сескенбей, дін үшін тер төккен. Қоғамды біріктіретін алтын арқаудың нәзік талшығын бекітуге бел буған ерлердің ісі ел жадында жүруге тиіс.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар