Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
 Егіндікөл ауданы ауыз судан қиындық көріп отыр - АРҚА АЖАРЫ

 Егіндікөл ауданы ауыз судан қиындық көріп отыр

Су қауіпсіздігі  туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында да айтылды. Облысымызға қарасты Егіндікөл ауданының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы ауыз судың жоқтығына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Осыған орай, оқырманға түсінікті болу үшін ауданға хабарласып, мән-жайды анықтадық.

 Ауданның Бауманское және Қоржынкөл ауылдары екі айдан астам уақыттан бері орталықтандырылған ауыз судан ажырап қалған. Сондықтан, ағымдағы жылдың екінші маусымы күні ресми түрде Нұра топтық су құбырынан ұзақ уақыт бойы ауыз судың болмауына байланысты ауданда техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Нұра топтық су құбыры – мұндағы жалғыз ауыз су көзі. Ал, ол толықтай шіріп кеткендіктен, ауылдарға мүлде су келмейді екен. Аудан басшысының мәліметінше, су құбыры өткен ғасырдың 80 жылдары тартылған. Осы уақыт ішінде құбыр мүлде тозып, жарамсыз күйге түскен.

– Қазіргі уақытта металл құбырдың шіруі 80-90 пайызға жеткен. Осыған байланысты құбырларда су бізге дейін жетпей де қалады. Бүгінгі таңда бізде бірнеше ауылда мүлде су жоқ. Төтенше жағдай орталықтандырылған құбырда бір тәуліктен астам болмаса жарияланады. Біздің аудан орталығында сәуір мен мамырдың басынан ал, Бауманское мен Қоржынкөл ауылдарында сәуірден бері су жоқ. Яғни, мұндағы ауыл тұрғындары үш айдан астам уақыттан бері сусыз отыр. Сондай-ақ, Сабынды ауылындағы бас су құрылымында ұңғымалар бітеліп қалғандықтан, тиісті су көлемі жетпейді, – дейді аудан әкімі Ерлан Мұхамедин.

Сол себепті, аудан әкімімен әңгімелесу барысында бұл мәселе тек су құбырын толықтай ауыстырғанда ғана шешілмек екенін түсіндік.  Жалпы, ауданда 2021 жылы толықтай су құбырын қайта жаңарту қажеттілігі туралы мәселе көтерілген. Қорғалжын ауданының Сабынды ауылында орналасқан жерастынан алынатын суды тасымалдайтын Нұра топтық су құбыры Қорғалжын, Егіндікөл және Атбасар аудандарының 30-дан астам елді мекендерін сумен жабдықтаудың баламасыз көзі. Міне, осы аталған аудандардың аумағын басып өтетін су құбырының ұзындығы 337 шақырым. Соның ішінде Егіндікөл ауданы бойынша өтетін бөлігі – 95 шақырым. 2005-2010 жылдар аралығында оның 59 шақырымы жөндеуден өткен. Қалған магистральдық су құбыры 50 жылдан астам уақыттан бері  күрделі жөндеу көрмеген. Сондықтан, құбыр 90 пайызға тозған. Міне, осыдан келіп, биылғы жылдың басынан бері Егіндікөл ауданын  ауыз сумен қамтамасыз ету тұрақсызданып, жиі іркіліс орын алған. Осы жағдайдан кейін ауыз судың тапшылығы тұрғындар арасында әлеуметтік шиеленіс тудырған. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа мәселені шешу мақсатында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы өтініштер түскен. Осыған байланысты Егіндікөл ауданының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.

Ауданда өткен жылы жобалық-сметалық құжаттамаға 100 миллион теңге бөлінген. Ал, 2023 жылы жобаны аяқтауға 287 миллион теңге қаржы бөлінген. Жобаның жалпы құны 387 миллион теңге.

– Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Ол төрт кезеңнен тұрады. Оның ішінде екеуі Егіндікөл ауданына қатысты. Біріншісінде Сабындыдағы бастапқы су құрылымы, екіншісінде су магистралі салынбақ. Егер бірінші және екінші кезеңге жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып  су құбырын қайта құруға қаржы бөлінсе, мәселе шешілер еді, – дейді Ерлан Мұхамедин.

Жобаның алғашқы кезеңі 31 мамырда мемлекеттік сараптамаға өткен. Екінші кезеңді 20 маусымға дейін кіргізу жоспарланған болатын. Қайта құруға қаражат тек жобалық-сметалық құжаттама толықтай аяқталғаннан кейін ғана бөлінбек.

– Жобалық-сметалық құжаттаманы жасағаннан кейін Үкіметтің резервтік қорынан қаржы сұраймыз. Жоба құны өте үлкен шамамен 16 миллиард теңгені құрайды. Ал бұл аудан және облыс үшін өте үлкен сома. Бізге төтенше жағдай арқылы шұғыл түрде резервтен қаржы бөлінсе, биыл шамамен магистралдің 50-80 шақырымын ауыстыру мүмкін болады, – дейді Ерлан Мұхамедин.

Бір атап өтерлігі, осы мәселені Ақмола облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісов өз назарына алып, Сенат мәжілісінде Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

Қазіргі уақытта Астрахан ауданынан және Буревестник селосындағы шамамен 400 текше метр су қоры бар резервуардан су тасу ұйымдастырылуда. Төтенше жағдай жарияланған Бауманское және Қоржынкөл ауылдарында 600-ге жуық адам тұрады. Сондай-ақ, аудан орталығында 3500 тұрғынбар.

– Ауданда жалпы саны 4500 адам судан таршылық көріп жатыр. Бізде мүлде орталықтандырылған су құбыры тартылмаған елдімекендер де бар. Онда су тұрақты түрде тасымалданады. Өйткені, Егіндікөл аумағында су қоры жоқ. Ауданда төрт жыл бұрын өткізілген гидрологиялық зерттеулер жерасты суларының ішуге жарамсыз екенін көрсетті. Біз облыс әкімдігіне су тасу көлігін алуға өтінім бердік. Былтыр біреуін сатып алдық. Дегенмен, мұндай жағдайда бізге ол тағы да қажет. Бізде қазір екі КАМАЗ және бір трактор бар. Шамамен сыйымдылық 20 текше болып тұр. Көршілес Астрахан ауданы да көмектесуде. Бірақ, бұл су халықты сумен қамтуға жетпейді. Қазір тұрғындар бау-бақшасын мүлде суара алмай отыр. Ештеңе еге де алмайды. Жуыну, моншаға барудың өзі үлкен мәселе. Бірінші кезекте халықты ауыз сумен қамту күрделі болып отыр, – деп толықтырды әкім.

3Жалпы, ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғаны туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауында мәлімдеген болатын.

– Су мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек, – деген болатын бұл орайда Президент.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, елімізде бұл мәселеге қатысты ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы.

Сонымен, Егіндікөлдің біраз ауылын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған құбырдан болатын ақаулардың жиілеуіне байланысты мұнда төтенше жағдай жариялау қажеттігі туындағаны белгілі болды.

Сайып келгенде ауыз судың жеткіліксіз және жүйелі түрде беріліп тұрмауы халық арасында әлеуметтік шиеленіс тудырары сөзсіз. Сондықтан, дер кезінде тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылуына күш салынып жатқандығын құптау керек.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар