Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов 75 жаста.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой иесін 75 жылдығымен құттықтады.

 Әдебиеттанушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Н.Негимовке

Құрметті Серік Нығметтоллаұлы!

 Сізді мерейтойыңызбен құттықтаймын!

Халқымыз өзіңізді көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, ұлтжанды азамат ретінде жақсы біледі және құрметтейді.

Жарты ғасырдан астам еңбек жолыңызда отандық әдебиеттану ғылымының жаңа белеске көтерілуіне сүбелі үлес қостыңыз. Ұлттық мәдени байлығымыздың қайнар көзі – қазақтың жыршы-жыраулары, би-шешендері қалдырған асыл мұраларының философиялық мәні мен мазмұнын ашып, жан-жақты зерттеп,  бүгінгі ұрпаққа жеткіздіңіз. Қазіргі заманғы ақындардың да поэзиясына терең ден қойып, өлеңнің теориясы мен көркемдік сипатын көрсете білдіңіз.

Кемел біліміңіз бен бойыңыздағы асыл қасиеттеріңіз Сізді абырой биігіне көтерді. Өзіңізден тәлім алған шәкірттеріңіз де ізденістердің нәтижесінде үлкен белестерді бағындыруда.

Кейінгі толқынға үлгі-өнеге көрсетіп, ғибратты ғұмыр кеше беруіңізге тілектестігімді білдіремін.

Сізге зор денсаулық және отбасыңызға бақ-береке тілеймін, – деп жазылған құттықтау жеделхатында.

***

ОҚЫМЫСТЫ

Бүгін танымал әдебиеттану профессоры, шешендік өнер оқулығының авторы, осы күннің нөмір бірінші бата берушісі Серік Негимов 75-ке толды.

Мен оны танығаныма 40 жыл болыпты. Тұрқы қалай кең пішілсе, ойы да сондай кең әрі терең. Жады тастай. Осыдан 50-60 жыл бұрынғы оқиғаны күні, сағатына дейін айтады. Мысалы, Әлкей Марғұланның әрбір сәтін, Сәбит Мұқановтың бастан кешкендерін бүгін көргендей айтады. Сөйлесе сөздің шешені, бастаса профессорлардың көсемі. Жиналыста, бас қосуда, сұхбат бергенде. Ешкімге артық сөз айтпайды. Өзін ретсіз сынағанды орайын тауып, ондыққа тигізіп, дөп атып түсіреді. Нағыз сөзмерген.

Солтүстікте туды, Алматыда өсті, Астанада тұрады.

Елордаға алғаш табан тіреген марғасқалардың бірі. Шашы қап-қара болып келген Секеңнің шашы бүгінде аппақ. Алатаудың ақ бас шыңындай.

Кеудесі Сары Арқаның кеңдігіндей. Еліміздің төрт тарапына да қадірлі.
Бүгін ол Мемлекет басшысынан Құттықтау хат алды. Орынды!
Қуанышыңыз, жеткен жасыңыз құтты болсын, Секе!
Абай туралы үш монографияңыз – соңғы үш жылдың жемісі.

Немереңіз Әмірді үйлендірмейінше тыным таппаңыз. Тоқсанның төрінде бата беріп отырыңыз.

Кенжеғали МЫРЖЫҚПАЙ,
әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

***

Мемлекет басшысының құттықтау хатын ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев табыстады.

Сонымен қатар  белгілі ғалымға ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау хатын жолдады.  ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Серік Мақыш мерейтой иесіне университеттің ең жоғары марапаты Лев Гумилев атындағы төсбелгіні табыстады.

Көрнекті ғалым Серік Негимов Еуразия ұлттық университетінде  2005 жылдан бастап еңбек етеді. Профессор осы жылдар аралығында мыңнан астам шәкірт тәрбиеледі. Оның табанды ғылыми ізденістері арқасында университет жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтында тың кітаптар жарық көрді.

Филология ғылымдарының докторы Серік Нығметоллаұлы өзінің еңбек жолында 400-дей ғылыми, әдеби-сын мақалалар мен рецензиялар жариялады. Ұлттық поэтика, ақын-жыраулар поэзиясы, қазіргі қазақ лирикасы, өлең құрылысы, риторика саласында еңбектенді.

***

Серік Негимов қазіргі әдебиеттануымыздың саңлақ тұлғасы. Шешендіктің сарқыраған бұлағы, сөз өнерінің биік ұшқан пырағы. Баяғының батагөй ақсақалын Секеңе қарап елестетеміз. Заулаған уақыт-ай дейміз! Жоталы жетпіс беске жетіп қалыпты. Ғылымға адалдығы ғажап. Тынымсыз. Мазасыз. Елгезек. Сергек. Көп нәрсені біледі, білген соң айтады.  Себебі, кезінде Әлкей Марғұландай ғұламаның да тәлімін алған, тәрбиесін көрген. Сөзін ісімен, ғылымдағы еңбегімен бекемдейді. Ұлыларымыздың іздеушісі, жоқтаушысы да болып жүр. Мәлік батырды жете зерттеді. Айқын Нұрқатовтың барлық мұрасын халыққа жеткізді. Бүгінде бірден-бір ғабдуллинтанушы, нұрқатовтанушы десек қателеспейміз. Абайтанушы ретіндегі еңбегі де алапат. Соңғы үш жылда Абай хакім хақында үш бірдей сүбелі монографияны дүниеге келтірді. Десек те, Серік ғалымның әлі де бергенінен берері көп, өнгенінен өнері көп болсын деп тілейміз.

Келіп қалған айһай жетпіс бесің құтты болсын, ағатай!

***

НАҒЫЗ ҚАЗАҚ

       Серік Негимовке

Алатаудай өзіме Серік ағам,
Ағалардың ішінен бөліп алам.
Әңгімесін әр жолы тыңдағанда
Інжуі мен маржанын теріп алам.

Әңгімені әрлейтін жосынынан,
Сәбеңдерді көремін пошымынан.
Көпті көрген көненің көзіндей боп,
Жебе тартқан сөз бен жыр қосынынан.

Кеңдігінен көремін кешегіні,
Зер ділінен танимын көшеліні.
Балқытылып бойына құйылғандай,
Қарасөз бен қара өлең қос өрімі.

Жанын жастан баураған батыр Мәлік,
Батырлық бар Секемнің затында анық.
Кестеленген қазақтың жырындағы
Қасиеттен көрмепті ғапыл қалып.

Ал дегеннен шешен тіл шешіледі,
Ағатайым Есілдей есіледі.
Кең далада Құлагер құйғытқандай,
Біздің Секең дес бермей көсіледі.

Ажарлайды әлпетін гүл өрнегі,
Шың басына шықса да шіренбеді.
Тұлпары жоқ заманда жаяу жүріп,
Сал-серісін қазақтың түгендеді.

Қырланбайсыз, қисайып құбылмайсыз,
Бөстекіге бос шығын бұрылмайсыз.
Ел ішінде – қазақтың би-шешені,
Сөз ішінде – шырақшы Қыдырдайсыз.

Өлкесінде өлең-жыр көз ілмейсіз,
Аңқылдаған Арқаның желіндейсіз.
Қайда жиын, аламан – бәрінде Сіз,
Ойда-қырда ойпырмай, ерінбейсіз.

Болған шығар осындай абыз ғажап,
Жетпей тұрсың, жан аға, аңызға аз-ақ.
Мен білетін қазақтың ішіндегі,
Профессор Негимов нағыз қазақ!

Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар