– Ақмола облысының диқандары ақбөкеннің көптігінен шығынға ұшырайтындарын айтып, дабыл қағады. Мәселе Атбасар, Астрахан, Қорғалжын, Жарқайың, Егіндікөл, Целиноград аудандарында жылдан-жылға өзекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат atameken.kz сайтына сілтеме жасап.
Жарқайың ауданындағы ең ірі шаруа қожалығының иесі Темірхан Жангелдиннің айтуынша, биыл ақбөкен былтырғыдан да көп.
«Олардың таралу аймағы артты, ақбөкендер біздің ауданның аумағына етене енді. Вагондарды қоршау алаңдарына қоямыз, квадроциклдар сатып алдық, жануарларды айдау үшін адамдарды жалдаймыз, бірақ нәтиже жоқ. Бұл жағдайды құрғақшылық та нашарлатып отыр. Ол дақылдарға әсер етеді, ал ақбөкендер онсыз да әлсіз дақылды таптап жатыр», — дейді фермер.
Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жалпы алымда да, материалдық тұрғыда да зор шығынға ұшыраған. Ақбөкендердің ауыл шаруашылығы дақылдарын бүлдіруінен келтірілген залал 8 млрд теңгеден асты (1 га үшін 55 мың теңге есебінен). Мысалы, Егіндікөл ауданында 45 мың гектардан астам, Астрахан ауданында – 22 мың, Жақсы ауданында – 19 мың, Жарқайың ауданында – 10 мың гектарға жуық егіс алқабы бүлінген.
Диқандар егістіктерін Қызыл кітапқа енген жануардың шабуылынан сақтандыра да алмайды, өйткені сақтандырудың ондай түрі жоқ. Осы орайда, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, уәкілетті органдар, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК мамандандырылған ұйымының күшімен ақбөкендердің санын реттеу қажеттігін алға тартты.
«Ақбөкендердің көші-қоны жолында мамандандырылған жем-шөп алаңдарын анықтау бойынша жұмысты жолға қою, қоршауды дайындау және орнату үшін республикалық бюджеттен қаражат көздеу қажет. Сондай-ақ, орталық деңгейде ақбөкендердің келтірген залалын бағалау үшін құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар қатарынан комиссия құру, залалды өтеу үшін мемлекеттік қазынадан қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет», — деп санайды Өңірлік кәсіпкерлер палатасының АӨК бөлімінің бастығы Жайсан Бекқожин.
Айтке кетсек, ақбөкендерді аулауға тыйым салынғаны белгілі, киелі жануар ЮНЕСКО-ның қорғауында.