Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалар қазақ елінің жаңаруын айшықтап, қайта өрлеудің басты бір нышанына айналды.
Елде референдум өтіп, қабылдаған реформаларды іске асыру жұмысы бірден қолға алынды. Президент сайлауы өтті, Ұлттық құрылтай құрылды. Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар ел ішінде ғана емес, шет елдерде де талқыланып жатыр. Президентіміз айтқанындай, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Осы орайда, «Біздің болашағымыз – айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі. Осылайша, билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болды. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет» деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы.
Осылайша Президент бастамалары іс жүзінде нәтиже беруі, әр тұрғын армандаған Әділетті Қазақстан құру жолындағы қадам серпінді болуы үшін қоғам дамуының жаңа кезеңі басталды. Сөйтіп, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» концепциясы нақты жұмыс істей бастады.
Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысы көбейіп, жайлы өмір сүруге қолайлы жағдайды қамтамасыз ету қажет, азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс. Мұның бәрін мықты нарықтық экономика болса ғана табысты жүзеге асыра аламыз. Қазіргі күрделі геосаяси жағдай бізден, ең алдымен, мызғымас бірлікті қажет етеді. Бәріміз Парламенттің жаңа құрамына ерекше үміт артып, еліміз – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болатынына кәміл сенгіміз келеді.
Осындай ерекше тарихи кезеңде халық игілігіне арналған реформалардың нәтижесін әрбір қазақстандық азамат нақты сезінуі керек. Еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – салауатты, саналы, білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу екендігін Президентіміз ерекше атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін Үкіметке білім гранттарының санын көбейту, шет аймақтарды білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету және елімізде шет елдің озық университеттерінің филиалдарын ашу тәрізді тапсырмалар берілді. Сондықтан да, интеллектуалды, саналы ұрпақ қалыптастыру бойынша берілген тапсырманы жұмыла отырып абыроймен атқаруымыз керек.
Президенттің Қазақстан халқына биылғы Жолдауы халық үніне құлақ асатын Жаңа Қазақстан құрылып жатқандығын байқатты. Аналар кеңесінің төрайымы ретінде мен үшін гендерлік саясат, әйелдер мен балалардың дұрыс дамуы, әл-ауқатының артуы маңызды. Өзімді ана ретінде балаларымызға арналып Ұлттық қордан ақша бөлініп отыратын бағдарлама іске қосылатындығы қатты қуантты. Келешекте жастарымыз жиналған қаражатқа сүйене отырып сапалы білім алып, өз баспанасына қол жеткізеді деген үміт бар.
Еліміздің әр азаматы Мемлекет басшысының бастап берген реформаларын табанды іске асыруға жауапты. Бүгінгідей жаңарып келе жатқан заманда сапалы білім мен ізденістің және адал еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көріне алатынымыз айқын.
Халқымызды, соның ішінде барша ақмолалықтарды ел игілігі үшін абыройлы істер атқаруға, осы жолда ерінбей еңбек етуге шақырамын. Себебі, осы күш-жігер, айқын мақсат, берік сеніммен ғана көздеген мұратымызға қол жеткізе аламыз.
Айнагүл ЖАЗИЕВА,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы.