ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы ел басына төнген нәубет пен Ұлы Отан соғысының қанды шайқастарынан табандылықпен өтіп, бейбіт өмірде халқына қалтқысыз қызмет еткен Азнабай Әбілмәжінов – нағыз қайсар, еңбекқор тұлға болатын. Көкшетау қалалық ардагерлер ұйымының «Ғасыр жасаған есіл ерлерім» танымдық-тағылымдық жобасы аясында 1970-1982 жылдары Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, республикаға танымал қоғам қайраткері, ержүрек майдангер Азнабай Әбілмәжіновтің туғанына 100 жыл толуы құрметіне облыс орталығының іргесінде орналасқан Краснояр селосындағы «Көкше» мәдениет үйінде салтанатты жиналыс, «Құлагер» атшабарында тоқ бәйге мен қазақ күресінен жарыс өткізілді.
«Көкше» мәдениет үйінің сахна төрін мерейтой иесінің жарқын бейнесі салынған пано безендіріп тұр. Ал, фойедегі көрме он бес жыл бойы Көкшетау ауданының билік тізгінін берік ұстаған іскер басшының ғибратты ғұмырнамасынан сыр шерткендей.Мұнда ел ардақтысы жайлы жазылған Өтелбай Елбергеновтың «Із бен біз» және Александр Татарскийдің «Өлке даңқын асырғандар» кітаптары, құнды мұрағат – Азекеңнің өз қолымен жазған күнделігі, сирек кездесетін фотосуреттері қойылған. Ал, қазағымның асыл қазынасындай сақталған жеке домбырасы, қамшысы мен ағаш таяғы да көзге оттай ұшырайды.
Шешендік өнерімен тыңдарманды баурап алатын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Серік Жетпісқалиев атап көрсеткеніндей, аталған іс-шараны өткізуге ұйытқы болған Азекеңнің әріптес шәкірттері, зиялы қауым өкілдері қаражат жинаса, Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласының әкімдіктері ұйымдастыру мәселелерін шешуге белсене атсалысты. «Көкше құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі, жаныдархан, қолы ашық азамат Ербол Жауаров мырза спорттық шараларға демеушілік жасап, 2 миллион теңге көмек беріпті.
Азнабай ағаның өмірлік серігі, асылжары Балқия апа ұл-қызымен, келіндері және немерелерімен залға кіріп келгенде жиналған қауым ерекше құрмет көрсетіп қарсы алды. Солтүстік Қазақстан облысының Түшке ауылынан Азекеңнің аталас туыстары мен Қызылту өңірінен бірге қызмет істеген әріптестері де мерейтой қуанышын бөлісу үшін арнайы келіпті.Ғасыр құрдасы Азнабай ағаның қоғамдық қызметі мен өміржолы туралы баяндама жасаған Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданының құрметті азаматы Шияп Әлиев те, құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Владислав Косарев, қоғам қайраткері Әнуарбек Сағитов, аталас бауыры, ақын-жыршы Дастен Абылайұлы, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Закирьянов, Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Сансызбай Қалиев, бұрынғы КПСС ХХІV съезі атындағы совхоздың директоры Жеңіс Шүйкенов те ел ардақтысының адамгершілік қасиеттері жайлы естеліктер айтты. Бұдан кейін Шияп Әлиев облыс әкімі Ермек Маржықпаевтыңсалтанатты жиналысқа қатысушылармен мерейтой иесінің отбасына арнаған құттықтау хатын оқып берді. Осы тақылеттес жылы лебізге толы құттықтау хаттарды Көкшетау қаласымен Зеренді және Уәлиханов аудандарының әкімдеріде жолдапты.
Кез-келген тойдың сәні балуан күрес пен ат жарысы ғой. Сол себепті, жиналған қауым облыстық ұлттық спорт ойындары федерациясының президенті Марат Қойшин бастаған төрешілерге шынайы ризашылығын білдіріп жатты. Өйткені, ат жарысты кең көлемде өткізуге уақыттың аздығына қарамастан, тоқ бәйгеге Зеренді, Айыртау, Уәлиханов аудандары мен Көкшетау қаласы және Краснояр селосынан танымал сәйгүліктер қатысты. Жалпы ұзындығы 12 мың шақырымдық бәсекеде атбегі У.Усманов баптаған «Альжазир» сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып қиды. Бұдан кейінгі орындарды атбегілер Ә.Бекжанов, А.Бегембаев, Б.Махатов, К.Мазбаевтың «Дробыш», «Айбасар», «Самал», «Буга» сәйгүліктері иеленді. Жеңімпаз атанған шабандоздар Тілепберген, Диас, Әбілмансұр, Никита, Райым 50 мыңнан 400 мың теңге мөлшерінде сыйақы алды. Қазақ күресінен өткен сайыстың басты ерекшелігі, оған республикалық деңгейде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген майталман боз кілем шеберлеріне қатысты. Сол себепті теке-тірес жағдайында өткен бұл бәсекеде Әсет Жүнісов пен Леонид Станеевтің мерейі үстем болып, бірінші-екінші орындарды еншіледі. Нұржан Гилмеденов, Еламан Қайыргелдинов болса, үшінші орындарды бөлісті. Жеңімпаздардың бәрі ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Мерейтойға арналған мәдени-спорттық шаралардан кейін Көкшетау ауданында бірге істеген әріптес шәкірттерінің қолдауымен Азекеңнің рухына бағышталып, «Баян сұлу» мейрамханасында ас берілді. Облыстың бас имамы Қуаныш қажы құран оқыды.
Өмірдің санқилы сынағынан сүрінбей өткен ардақты азамат екі-үш жылдай облыстық автомобиль жолдары басқармасында бастық болып таістеді. Алған бетінен қайтпайтын іскер де табанды жан өзіне тән ерік-жігермен бұл қызметті де абыроймен атқарып, Көкшетау облысының аудандары мен елді мекендерін байланыстыратын жолдар салғызды. Ал, зейнеткерлікке шыққанда сыйға су жаңа «Волга» автокөлігінің кілтін алғанда әріптестерінің қуанышында шек болған жоқ. Өйткені, бұл халқына жасаған жақсылықтың, ел игілігі жолындағы ерен еңбектің шын қайтарымы еді.
Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері.