Аудан орталығы Егіндікөл ауылындағы үш көшеде балаларға арналған ойын алаңдары ашылды. Халық игілігіне пайдалануға берілген бұл нысандарға«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 35 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Балалардың ойын алаңдарын орнату туралы өтініштер тұрғындар тарапынан партияның қоғамдық қабылдауына бірнеше рет келіп түскен еді.Осылайша сайлаушылар тілегін ескерген партиялықтар халық тығыз қоныстанған Восточный, Стадион көшелері мен Жастар паркіне балалар ойын алаңын орнатуды партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына енгізіп, көп ұзамай бұл жұмыс өз нәтижесін берді.
– Біздің ауылда бұрын-соңды мұндай заманауи балалар ойын алаңдары болмап еді. Бұл тұрғындардың серуендеп, балалардың бос уақытын тиімді өткізетін орындарына айналды. Сапасы да жақсы, – дейді партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Қабыкен Шынтеміров.
Жергілікті және облыстық бюджет қаражаты есебінен тұрғызылған ойын алаңдарының сапасы мен дұрыстығын Егіндікөл аудандық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері тексеріп, бірқатар ескерту де жасаған екен. Араға уақыт оздырмай қайта тексеруге шыққан комиссия ойын алаңының сапасына оң бағасын берген. Балаларға арналған әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары орнатылып, жұмсақ құм төгілген ойын алаңы түрлі-түсті бояулармен әсем безендірілген.
– Ауылда балаларымыз бен немерелерімізге арналып ойын алаңдарының ашылғанына өте қуаныштымыз. Тұрғындардың атынан алғысымды айта отырып, осындай жақсы істердің куәсі бола берейік деген тілегімді білдіремін. Атсалысқан партия филиалына көптен-көп рақмет! Енді балалар мен жасөспірімдер өздеріне арнап салынған алаңды бұзбай, көздің қарашығындай сақтап, тәртіппен пайдаланатынына сенім білдіргіміз келеді, – деген ойларымен бөлістіВосточный және Стадионный көшелерінің тұрғындары.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Егіндікөл ауданы.