Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жіті назарда болуы керек - АРҚА АЖАРЫ

Жіті назарда болуы керек

«Достар» мәдениет үйінде «Феминистік лига» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Кәмелеттік жасқа толмаған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын зерттеу мониторингінің нәтижелері» тақырыбына дөңгелек үстел өткізілді.

 

Дөңгелек үстел жұмысына облыстық кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының, облыстық және Көкшетау, Атбасар, Щучинск қалалары прокуратураларының, ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің, ішкі саясат, білім беру, денсаулық сақтау басқармаларының, азаматтық сектордың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Аталмыш шара Орталық Азияда көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен жүзеге асырылатын USAID «Абырой және құқық» жобасы аясында өткізіліп отыр. Жобаның мақсаты – Орталық Азия елдеріндегі мемлекеттік саясат пен қоғами мәдениетте адамның құқығы мен абыройы мәселелерін алға жылжыту болып табылады. Осы жоба аясында «Феминистік лига» қоғамдық бірлестігі кәмелеттік жасқа толмағандардың – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын зерттеу мониторингін өткізген болатын. Бұл шара Көкшетау, Атбасар және Щучинск қалаларында өткізіліп, 950 адамнан сауалнама алынды. Зерттеу жұмыстары барысында балалар өздерінің құқықтары жайлы не білетіндігі, оны өмірде қалай қолданатындығы, қандай проблемаларға жиі ұшырасатындығы анықталды. Сондай-ақ, ересектердің тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемалары жайында не білетіндігі де зерттелді.
Дөңгелек үстелді ашып, жүргізіп отырған «Феминистік лига» қоғамдық бірлестігінің президенті, халықаралық сарапшы Галина Морозова облысымызда кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарының қорғалуы жағдайына тоқталса, сарапшы Нина Метчинова кәмелеттік жасқа толмаған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын зерттеу мониторингінің алдын ала нәтижелері жайлы баяндап берді.
Облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полковник Руслан Мұсаевтың айтуынша, балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерін анықтау және ескерту жұмыстары белсендендірілген. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының ювеналды полиция бөлімшелерімен есепте тұрған 771 жасөспірім мен 1497 нашар ата-аналарға профилактикалық бақылау жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері тағы да осындай 441 ата-ана анықталып, есепке қойылды. Тәрбие жұмысына байланысты міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін он адамға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 140 бабы 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалып, қараусыз жүрген 181 бала кәмелеттік жасқа толмағандардың бейімдеу орталығына орналастырылды. Ата-аналарының назарынан тыс қалып, еш бақылаусыз жүрген жасөспірімдер кешкі және түнгі уақыттарда қылмыс жасауға бейім болып келеді. Осыған байланысты, облысымызда күн сайын кәмелеттік жасқа толмағандарды қылмыс жасауға итермелейтін тұлғаларды, балаларының тәрбиесімен дұрыс айналыспайтын ата-аналарды анықтау мақсатында рейдтер жүргізіледі.
Шара барысында сөз сөйлеген облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Наталья Степанова кәмелеттік жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялармен жыл басынан бері 304 отырыс өткізіліп, 620 мәселенің қаралғанын айтты. Осы кезең ішінде 45 адам ата-аналық құқығынан айырылып, алтауы одан шектелсе, керісінше 3 ата-ана өз құқықтарын қайтадан қалпына келтірді.
Кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында қараусыз қалушылықты ескерту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және сабақтан тыс уақытта жасөспірімдердің пайдалы іспен айналысуын қамтамасыз ету мақсатында «Мен және менің полициям», «Жасөспірім», «Көше», «Құқықтық тәртіп» сияқты акцияларды өткізу дәстүрге айналған. Осы акциялар аясында ұстаздар ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесе отырып көңіл көтеру мекемелеріне, сауда нүктелеріне рейдтер жүргізеді, кәмелеттік жасқа толмағандарға спирттік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатуға жол бермеу қажеттігі жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Айсұлу Жұматова сот органдарында кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыстың ерекшеліктері жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.
Шара соңында бір топ қызметкерлер Көкшетау қаласы әкімінің және ішкі саясат басқармасының грамоталарымен марапатталды.

Жанат СӘБИТОВ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар