Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ажырасқан тұрақсыз жұптар, жаутаңдаған жазықсыз балалар... - АРҚА АЖАРЫ

Ажырасқан тұрақсыз жұптар, жаутаңдаған жазықсыз балалар…

Соңғы жылдары ажырасу мәселесі ушығып тұр. Күні кеше ғана үйленіп, отбасын құрған екі жас мінезіміз үйлеспеді деген желеумен айға, жылға жетпей ажырасып жататын болды. Оны айтасыз, он-он бес жыл бірге тұрып та жолы екі айырылып жататындар бар. Неге бұлай? Тағдыры бір арнаға тоғыспаған екен дейміз де қоямыз. Тіпті, мұндай деректерді жиі естігеннен бе, етіміз үйреніп кеткендей, елең етпейтін де болдық. Бірақ, қалай дегенмен де адам тағдыры ойыншық емесі анық. Әсіресе, арада бала болса, тағдырға сызат түспей ме? Иә, көңілге аз ғана сызат түссе ештеңе емес дерсің, ал, тәлкекке түскен бала тағдырын қайтерсің?..

 Биыл 500-ге жуық ерлі-зайыпты ажырасыпты

Алдымен, статистикаға зер салайық. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола облысы бойынша филиалының берген ақпаратына сүйенсек,  ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан  15 тамызға дейінгі кезеңде Ақмола облысы бойынша ерлі-зайыптылық неке қию туралы 2469 акт тіркелген. Солардың ішінен 497 жұп ажырасып тынған. Яғни, жыл аяғына дейін біршама уақыт барын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де ұлғаюы мүмкін екендігін естен шығармауымыз керек. Өткен  2022 жылдың сәйкес кезеңінде 596 отбасы ажырасыпты.

Филиал директорының орынбасары С.Мәліковтың айтуынша,  ажырасып жатқан отбасылар көбіне-көп мінезіміз үйлеспеді деген желеуді алға тартатын көрінеді. Тағы бір атап өтерлігі, қаржылық тұрақсыздық, маскүнемдік, нашақорлық, компьютерге тәуелділік, ата-аналардың отбасылық өмірлеріне араласуы, опасыздық сияқты себептер өз қырсығын тигізбей қоймаса керек.

Әлеуметтік желіде әлем халқы ажырасу ұлтқа төнген қауіппен бірдей деген пікірді жиі жариялап жатыр. Осыған байланысты кейбір елдерде   мемлекеттік деңгейде мәселелер көтеріліп, күрмеулі сұрақтың шешімін табу жолдары қарастырылуда.  Ал, бізде  «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса –  жең ішінде» деген көрініс белең алып барады. Шынтуайтқа келгенде, ажырасу бір әулеттің ғана емес, біртұтас ұлттың қасіреті. Себебі, ажырасудың салдарынан жалғызбасты ана, жалғызбасты әке көбейді. Тағдырдың өкпек желінде қалған жәудіркөз балалар жаутаң қағып, өмір соқпағында жалғызсырап қалып жатыр-ау…

Бізде некеге тұру да, ажырасу да оп-оңай. Ерлі-зайыптының бірі сотқа арыз бергеннен кейін, сот процесіне екі тараптың бірі үш мәрте қатарынан келмей қалған болса, олар ажырасқан болып есептеледі. Ал, өзге елдерде қалай? Мәселенің байыбына бару үшін біз бұл деректерге де назар аударып көрдік.  Ажырасу деңгейі төмен елдің бірі – Үндістан екен.  Онда жылына шаңырақ көтерген 1000 отбасының әрі кетсе 20-ға жуығы ғана ажырасатын көрінеді. Себебі қандай дейсіз ғой? Әрине, алдымен дәстүрге беріктік бар. Бұдан басқа, ажырасу үнділік әйелдер үшін қымбатқа түседі екен.  Мұнда ажырасудың орташа құны 7500 долларды құрайды. Сондай-ақ, ажырасу процесі келісім бойынша болса, 18-24 айға созылып, ал, даулы ажырасулар 3-5 жылға дейін барады.  Ал, бізде ажырасу үшін өтініш беретін тарап екі айлық есептік көрсеткіш төңірегінде мемлекеттік баж салығын төлесе болды.

Жалпы бұрындары қазақ қоғамында да ажырасу өте сирек кездескен құбылыс еді. «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген сөз бекерден-бекер айтылды ма? Бұдан басқа, әмеңгерлік салты да жетім-жесірдің көбеюіне жол бермегені белгілі.  Ал, қазір ұлттық құндылықтар құлдырап, бабалар салған сара жолдан адасып бара жатқандаймыз.

Сегіз баламен сергелдеңге түссе де…

Бірақ, жастардың барлығы бірдей деуге болмайды.  Барға қанағат, жоққа сабыр еткен жаннан ақылды жан жоқ-ау! Бағалағанға бақ қонар. Шынымен де солай. Біз таяуда Көкшетау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері, сегіз баланың анасы Әсемгүл Махамбетовамен танысып, осы тақырып төңірегінде ой бөлістік. Әсемгүлдің жасы 38-де екен. Жас ана өз сөзінде өмірдің қиындығына сабырмен қарау керек екендігін баса айтты.

– Жиырма жасымда тұрмыс құрдым. Қазіргі таңда шаңырағымыздың шаттығы, берекесі, мерекесі – сегіз баламыз бар. Соларға қараймын да шүкір етемін. Жасыратыны несі бар, қаржылай қиындық адамды қажытып жібереді. Бірақ, сондай бір сүреңсіз сәтте кішкентай балаларым мойыныма асылып, анашым деп құшақтай қалса, бар қиындықты ұмытып кеткендей, қуанып сала беремін. Бақыттың дәмін сезініп, мына бейопа тірліктің мәні де, сәні де балалар екендігін ұғына түсемін.  Әйтпесе, сегіз баланы бағып-қағу оңай-оспақ шаруа емес.  Сізге өтірік, маған шын, бірақ, әлі күнге дейін өз баспанамыз жоқ. Талай пәтердің табалдырығын тоздырдық. Хабарласып пәтер іздегенде сегіз баламыз бар дегенді естіген жұрт басын ала қашады. Он адамға кім пәтерін жалға бергісі келеді дейсіз? Мейірім аз ғой бүгінгі қоғамда… Қазіргі таңда менің ата-анаммен бірге тұрып жатырмыз. Құрқылтайдың ұясындай үш бөлмеде біздің үйден он жан, ата-анамды қоса есептегенде олар алты жан, барлығы он алты адамбыз. Жұмысым бірде бар, бірде жоқ. Әйтеуір, жан жарым дәнекерші болып жұмыс істейді. Соның тапқан-таянғанымен күн көреміз. Бірақ, сонда да өмірден түңілген сәтім болған емес. Бар үмітіміз – балаларымыз. Пәтер кезегінде тұрмыз. Өткенде барып тексерген кезде 130-ыншы екенбіз. Бізге қашан баспана бұйырады екен деген ой жүректі мазалайды. Шіркін, жомарт жандар кездесіп, жағдайымызға қол ұшын берсе ғой. Бірақ, қайдам… Екі баламыз колледжде білім алып жатыр. Төртеуі мектеп оқушылары, қалған екеуі ек-үш жасар балдырғандар.  Бірақ, қандай қиындық болса да ажырасу мәселесін ойлаған емеспін. Ертең балаларым ержеткенде, үйленіп үй болғанда ажырасқан отбасы дегенді естімесе екен деп ойлаймын. Меніңше қаржылай қиындық өткінші кезең. Сәл сабыр керек. Бастысы, балаларымыз аман болсыншы, – дейді Әсемгүл.

Әсемгүл өте ашық, мінезі жайдарлы жан екен. Сұхбат барысында бір қамыққанын, өмірге өкпе айтып, шағымданғанын байқаған жоқпыз. Керісінше, аңқылдаған ақжелең жан екендігі аңғарылып-ақ тұрды.

Иә,  әркімнің тағдыры әрқилы. Әртүрлі тағдыр дегеннен шығады, осы тақырыпты қаузай жүріп, біз бірнеше тағдырмен таныстық, табыстық. Әңгіме-дүкен құрдық, ой бөлістік, сыр тарқаттық. Пікірлескен жанның бірі Көкшетау қаласындағы «Шанс» кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-құқықтық, психологиялық қолдау орталығының психологы Ксения Григорьевна.

–Біздің орталыққа көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер келеді. Олардың басым көпшілігі осындай қиындықтардың салдарынан ажырасып кеткендер. Араларында ерлі-зайыптылардың бір мәмілеге келіп қосылғандары да бар. Шын мәнінде әуелде  екі адам ажырасамыз деп үйленбейді ғой. Бір-бірімен ашық сөйлеспеуі, эмоцияларын көрсетпеуі сияқты бір қарағанда болмашы сәттердің астарында көп мәселе жатыр, – дейді ол.

Енелер кеңесі керек-ақ

Шынында да отбасылық өмірді кинодағыдай елестетін жастар жоқ емес.  Әсіресе, әлеуметтік желіде бәрі де «бақытты». Бақыт байлықпен өлшенбейді ғой, әсте. Даяна да (есімі белгілі себептерге байланысты өзгертіліп алынған) отбасын құрсам шетелде дем алып, сүйген жарыммен әлемді аралап, өмірдің қызығын көремін деп болжаған. Пайымдағанындай болмады. Араға ене түсті дейді өзі. «Анталияны айтасыз, арасында туған-туысты аралап, қонаққа баруға да уақыт жоқ, шаруадан бас ала алмай қалдым» дейді өзі.

– Мені үнемі өзге келіндермен салыстырып отыратын. Ананың келіні анандай, мынаның келіні мынандай деумен таңымыз ататын болды.  Барынша тырыстым.  Сонда да жақтырмады. Енемнің маған деген қарым-қатынасын көрген үйдегі басқа адамдар да маған қырын қарайтын болды.  Жасаған тамағымды да татымсыз, жинаған үйімді де ұқыпсыз етіп көрсететін. Мен осының барлығын жолдасыма айтатынмын, одан бір қолдау күтетінмін. Ол керісінше анасының сөзін сөйлейтін болды.  Соңғы уақытта қол көтеруге дейін барды. Ажырасамын дегенімде енем «Сендерді мен қосқан жоқпын. Мені араластырмаңдар» дегенінде жағамды ұстадым. Осы күнге сол кісі жеткізген жоқ па? Биыл ажырасқаныма екі жыл. Арада бір қызымыз бар. Осы күзде мектепке барады. Әкесін сұрап қояды. Арасында келіп, қызына жәрдемдесіп тұрады. Бірақ, көңіл қалса қиын екен, – дейді Даяна мұңын шағып.

Осындайда көргенде,  өмірлік тәжірибесі мол енелерден құралған ене мен келін арасын көркемдейтін енелер кеңесі керек-ақ деген тұжырымға келесің. Дәстүрге берік қазақы отбасында келін болу оңай емес. Мұндайда ене институтынан, әжелер академиясынан  дәріс алмасаң болмайды. «Келін жаман емес, келген жері жаман» деген сөзге қалған да жақсылық емес-ау, шамасы. Үлкендер бір мәмілеге келе алмай жатқанда үлбіреген үкілі үмітті жас жүректі мұң шалса сол қайғы. Өмірдің бар бақыты бала емес пе, әсте. Барды бағалау да бақыт қой!

Иә, кім баласын жылатып, өмірдің өкпек желінде қалдырғысы бар. Бәрі де маңдайдың жазуынан. Өкінішсіз өмір бола ма? Қалай дегенмен де, әуелде Тәңірден бақыт тілеп тағдырын бір арнаға тоғыстырғандар бақытты-ғұмырлы  болса екен деп тілейміз біз де…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар