Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Егіндікөлден ел неге көшеді?!. - АРҚА АЖАРЫ

Егіндікөлден ел неге көшеді?!.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткізілген Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында су қауіпсіздігіне айрықша мән беріліп, күн тәртібіндегі сапалы ауыз судың қолжетімді болуы су қауіпсіздігінің басты көрсеткіші екендігі атап өтілді.

Егіндікөл ауданының ертеңі бұлыңғыр. Соңғы он жыл ішінде аудан халқы үш есеге жуық азайған. Үдере көшудің басты себебі, ауыз судың тапшылығы.

Жалғыз Егіндікөл ауданы ғана емес, қияндағы Қорғалжын мен Атбасар аудандарының оннан астам елді мекенін ауыз сумен қамтитын Нұра су құбырына жарты ғасырдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Елу жылдан бері тәмам елге қызмет етіп келе жатқан су құбырының бүгінде сау тамтығы жоқ. Мамандардың айтуына қарағанда, 90 пайызға жуық жері әбден шіріп, қаусап тұр. Шіріген құбырға су тұрушы ма еді. Шығын да шаш-етектен. Нұраның бойынан бастау алып, Атбасарға жеткенше құбыр ішіндегі судың 70-80 пайызы шығын болады екен, қалғаны бейнелеп айтқанда, ауыз жарымайтын жұқана. Аудан тұрғындары отыз жылдан астам уақыт бойы ауыз судың зардабын тартып келеді.

–Өткен қыста екі ай сусыз отырдық, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқайыр Ошақбаев, – жазда да көрген күніміз осы. Тіпті, жуынатын да, тамақ жібітетін де су жоқ. Егер  жерасты суы болса баяғыда-ақ ұңғыма қазып алар едік. Жерасты суы болмағаннан кейін көрешекті көріп отырмыз. Осындай белден кешкен бейнетке шыдамаған аудан тұрғындары соңғы қазығын суырып, көшіп жатыр. Оларға өкпелеудің де жөні жоқ шығар.

Су құбыры жиі жарылатындықтан, аудан тұрғындары апта аралатып сусыз қалады. Су болған күннің өзінде де небәрі бірер сағатқа ғана беріледі. Себеп, қуаты жетпейді. Әупірімдеп жеткізілген су ауылдың бір бөлігіне берілсе, ендігі бір бөлігі сусыз отырады. 12 ауыл ауыз суды орталық су магистралінен алса, қалған төрт ауыл тасымалдап ішеді. Тұрғындар үшін қаншама шығын. Азаптанып әкелінген судың сапасы өте нашар.

Егіндікөл ауылында 70 миллион теңгеден астам қаражатқа салынған су айдайтын мұнара айналасы бір жылға жетпей тозып кетіпті. Шамасы сапасыз болғандықтан да. Мұнараның түбінен сорғалап аққан су төңіректі батпаққа айналдырған. Су  жинақтайтын бөшкенің де тазалығы күмәнді. Мұнараға тапсырыс берген аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мердігер компанияны сотқа беріпті. Үстіміздегі жылдың 6 қаңтардағы сот шешімімен тапсырыс беруші сотқа жүгіну уақытын өткізіп алу себепті берілген шағым қанағаттандырылмаған. Облыстық ауданаралық экономикалық соты Егіндікөл ауданы әкімінің атына істі қарастыру кезінде анықталған мемлекеттік сатып алу заңнамасын нормаларының бұзылуы туралы жеке ұйғарым шығарыпты. Орын алған олқылықтардың бәрін негізге алған ауыл белсенділері аудан прокурорына да арыз жолдаған. Ал, аудан әкімдігі болса, мемлекеттік сатып алу арқылы конкурста жеңімпаз болып табылған қызылордалық компания тапсырысты сапалы орындамағанын мойындап, орын алған ақауды жөнге келтіреміз деп хабарлама жолдағанын дәтке қуат етіп отыр.

Мәселенің мәнісі мынаған саяды. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен Егіндікөл ауылындағы су жинақтайтын мұнараны жөндеуге 79,1 миллион теңге қаражат бөлінген. Мемлекеттік сатып алу ашық конкурсының қорытындысы бойынша «Корпорация әлем құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылды. Келісім-шарт көлемі 73,3 миллион теңге. Кейін атқарылған жұмыс көлеміне байланысты 60 миллион теңге төленген. Мұнараны пайдалану кезінде су жинақтайтын резервуарда ақау бар екендігі анықталған. Бұл жайында мердігер компанияға ескерту жолданған. Компания болса, таяу арада сапасыз атқарған істерін қайта қолға алып, жөндеп береміз деп отыр. Тағы бір айта кететін жай, мұнараны көтерген кезінде маңайын абаттандыру ескерілмеген. Біржола тап-тұйнақтай етіп атқаратын шаруа осылайша созылып келеді. Нәтижесінде қаншама қаражат шығын. Үстіміздегі жылы абаттандыруға облыстық бюджеттен 48,5 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр.

Бір айта кетерлігі, өңірде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бірнеше мемлекеттік бағдарлама бойынша миллиардтаған қаржы бөлінгенімен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Егіндікөлдіктер тәрізді Атбасар ауданындағы Есенгелді ауылы да ауыз су тапшылығын тартып отыр. Ұзын-ырғасы 600-ден астам адам күнелтіп жатқан ауылда ауыз су аптасына бірер сағат қана беріледі. Осы кезде үлгерсең үлгердің, үлгермесең сусыз отырасың. Бұл елді мекенге де қасқалдақтың қанындай болған ауыз су Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылынан бастау алып, екі ауданның аумағын басып келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, сонау 1970 жылдары пайдалануға беріліп, бүгінгі күні әбден тозығы жеткен Нұра топтық су құбыры арқылы жеткізілетін ауыз су ауыз жарытпай тұр. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қаусаған құбырды жамап-жасқағанымен, апат жиі орын алады. Есенгелді ауылының тұрғындары ауыз  судың жеткілікті берілгенін естеріне түсіре алар емес. 2014 жылы су құбырын жөндеу үшін 400 миллион теңге қаражат берілген. Елді мекенге су айдайтын мұнара, су соратын құрылғылар жаңадан қойылған. Ауыл тұрғындары өз қаржыларынан орталық су құбырына қосылып, үйлеріне тартып алған. Әйтсе де, ауыл іші жөнделгенімен, Нұра топтық су құбыры ауыз суды жеткізуге қауқарсыз болып отыр. Облыстық және аудандық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлініп, су құбыры ішінара жөнделгенімен, тұтастай тәртіпке келмеген соң мәселе шешілер емес.

Сусыз отырған халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Атбасар су» мекемесі мен «Тілекей Агро» серіктестіктері ауылға су тасымалдауды ұйымдастырмақ болған. Ол су 12 шақырым жердегі табиғи құдық. Одан әрідегі 45 шақырым жердегі Новомариновка ауылындағы су көзі.

Бар шаруаны таразы басына тартсаңыз, анықталған жай мынау. Атбасар ауданындағы су құбыры жаңартылған, жарылған жері жоқ. Бар мәселе Қорғалжын мен Егіндікөл аудандарын басып өтетін Нұра топтық су құбырының тозығының жетуінде. Ал, оның қашан жаңартылатыны белгісіз. Жаңартылып, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз еткенше Егіндікөлден ел үдере көшіп кетпес пе екен? Бір қинайтыны  осы…

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар