Өңір тірегі – іргелі кәсіпорындар

Бұл ауданның өнеркәсіп өндірісі негізінен, 50 адамға дейін жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлік субъектілерінен және «Макинск  құс фабрикасы» сияқты ірі кәсіпорыннан тұрады. «Макинск құс фабрикасы» ЖШС-ында қазір салынып жатқан 3-інші кезеңді есепке алғанда, бір жылда құс етін өндіру қуаттылығы 80 000 тоннаға дейін барады.

Құс фабрикасы дайын өнімнің сапасына еуропалық талаптарды ескере отырып, құсты өсіру, сою және қайта өңдеу саласындағы үздік заманауи технологияларды пайдаланады. Мұнда сонымен бірге, халал стандарттары қолданылуда. Жаңа өндіріс орны Қазақстан Республикасының Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылды. Кәсіпорын құрамында 16 бройлер фермасы, жем өндіру цехы, ет-сүйек бөлімі, инкубациялық цех, мал сою цехы бар. Компанияда 1900-ден астам адам жұмыс істейді.

Ал, аудандағы екінші бір ірі кәсіпорын – «Макинск жылу оқшаулағыш зауыты» ЖШС базальт негізіндегі минералды мақта тақтасын өндіруді жолға қойған. Бұл кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Зауыт Орталық Азиядағы минералды мақта өнімдерін шығаратын жалғыз кәсіпорын. Өндірістік қуаттылығы – жылына 34 мың тонна өнім өндіруге жетеді. Бүгінгі таңда мұнда 162 адам жұмыс істейді.

«Макинск құю-механикалық зауыты» ЖШС-інің негізі 1956 жылы қаланып, кәсіпорын содан бері өндірісте қолданылатын машиналар мен механизмдердің қосалқы бөлшектерін шығаруға мамандандырылған. Өндіріс орны қазір қалыпты жұмыс істеп тұр.

Сонымен бірге, осы аудандағы бұрғылау және тау-кен барлау жұмыстарымен айналысатын «Tran Logistics» ЖШС, Индустриялық-инновациялық жұмыстарды қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылы пайдалануға берілген, шпал өндірісімен айналысатын «TransTechMachLTD» ЖШС, өндірістік қуаттылығы жылына 5 миллион дана амортизатор тығыздағышы мен 15 000 жұп резеңке етік шығаруға жететін «ҚазЖЭО» ЖШС, тұрғындардың тапсырысы бойынша жиһаз жасаумен айналысып, құрылыс материалдары мен конструкцияларын да шығаратын  «Жалайыр Бұланды» ЖШС, жылына 50 мың тонна газ блоктарын өндіре алатын «Жалтыр тас» ЖШС (бұрынғы «Бұланды газобетон») сияқты өндіріс орындары да өңір экономикасының өсуіне өз үлестерін қосуда.

Сондай-ақ, «Бота-2015» ЖШС – тәулігіне 600 тонна күнбағыс, зығыр және рапс тұқымдарын өңдейтін зауыт. 2022 жылдың қаңтарында іске қосылды. Кәсіпорында 60-тан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл жоба Ақмола облысының кәсіпкерлерін қолдау картасы аясында жүзеге асырылды.«Макинск тас карьері» ЖШС (бұрынғы «Бұланды тас карьері») ауданның тау-кен өндірісі саласындағы бірден-бір кәсіпорын. 2001 жылдың наурыз айынан бастап, негізгі қызметі құрылыс тастарын өндіру және өңдеу болып табылады. Қазіргі уақытта  «Сопка-2» гранит кен орнын игеруде. Мұнда қазір 43 адам жұмыс істейді. Жалпы, өңірде 2023 жылғы шілдедегі жағдай бойынша 1811 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелсе, олардың 1641-і тұрақты түрде жұмыс істеп, ауданға белгілі бір өнім өндіру, салық, басқа да төлемдерді төлеу бойынша пайда келтіруде. Жоғарыдағыдай бірқатар іргелі кәсіпорындары бар ауданда бұл тізім әлі де ұлғаяды деген үміттеміз.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар