Туберкулезбен ауыру көрсеткіші төмендегенімен, дерт әлі күшінде

Ақмола облысында туберкулез ауруына шалдыққандар саны 20 пайызға төмендеген. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен өткен туберкулезге қарсы күрес жөніндегі  кеңесте мәлім болды.

Оған медициналық және әлеуметтік мекемелердің басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы жанындағы жаһандық қор гранты жобасын іске асыру тобының өкілдері қатысты. Кездесуде туберкулезбен күресу және оның алдын алу мәселелері талқыланды.

Жиында сөз алған Алтынай Әміренова туберкулез бойынша оң нәтижеге қол жеткізу жолындағы күш-жігерді біріктірудің және жаһандық сипаттағы тәуекелдерді жоюдың маңыздылығын атап өтті.

–Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты – «Стоп туберкулез» серіктестігін дамытып, эпидемия ретінде оны жою үшін мүдделі ұйымдардың күш-жігерін біріктіру арқылы туберкулез ауруын азайту. Жиын тақырыбы туберкулезге қарсы күресуге және 2030 жылға қарай оны жоюға, демек, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге ортақ күшімізді жұмылдыру қажеттігіне назар аудартады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбеков өз сөзінде әлемде жыл сайын 10 миллион адам туберкулезбен ауыратынын, 3 миллион адам қайтыс болатынын, соның ішінде күн сайын 8 мың адам өмірден өтетінін атап өтті. Сонымен қатар, туберкулездің әлеуметтік эпидемия екенін де тілге тиек етті.

Туберкулезге қарсы қызметтің басымдығы – бұл дерттің алдын алу, оны уақытылы анықтау және тиімді емдеу жолын табу. Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған туберкулезді бақылаудың барлық заманауи тәсілдері енгізілді. Ауруды анықтау және емдеу бойынша қол жеткізілген жетістіктерге көз жіберсек, Қазақстан туберкулезден болатын азап пен өлімді тоқтатуға ұмтылуда.

Қоңыратбек Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Жұмабек Махашевтың айтуынша, жыл басынан бері туберкулезбен аурудың 164 жаңа жағдайы тіркелген. Оның 147-сі өкпе туберкулезі және 17-сі өкпеден тыс туберкулез. Дәрігерге өздері көрінуімен 61 пациент анықталды, профилактикалық тексеруде 103 адамның туберкулез ауруын жұқтыру жағдайы белгілі болды. Бұл ретте, туберкулездің алдын алу және оны анықтау жөніндегі іс-шаралардың маңызы зор.

–2023 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша облыста 244 мың 510 адам немесе тексеруден өтуге тиістілердің 90,8 пайызы флюорографиялық тексеруден өтті. Жоғары тәуекел тобындағы адамдарды тексеру 25 мың 749 адамды құрады. «Игілік» қоғамдық қоры туберкулез ауруының алдын алу және оны төмендету бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде, – деп атап өтті бұл орайда, Жұмабек Махашев.

Сонымен қатар, туберкулезге қарсы күрес пен оның алдын алудың өзекті мәселелері туралы кеңесте Ұлттық ғылыми орталық жанындағы туберкулез жөніндегі бағдарламалардың үйлестірушісі Гүлнәз Мұсабекова, үкіметтік емес ұйымдардың үйлестірушісі Татьяна Марқабаева және «Игілік» қоғамдық қорының үйлестірушісі Айман Темірханова өз ойларын ортаға салды.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА,
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар