Пилоттық жоба жемісін бере бастады

Өңірімізде «Зиялы қауым» жобасы қолға алынып, соның негізінде салауатты өмір салтын ұстану бағытында көптеген игі істер өркен жайып жатыр.  

Осы жоба аясында облысымыздың бірқатар ауылдарында жыл басынан бері қылмыс саны азайып, 150-ге жуық елді мекенде бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмегені анықталған. Өйткені, ауыл қауымдастығы мен полиция қызметкерлері қылмысқа қарсы бірлесіп күрес жүргізуде.  Осы жоба қолға алынған Бастау ауылында бір мыңнан астам адам тұрады. Биыл елді мекенде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Себебі, заң бұзушылықтың алдын алуға тәртіп сақшыларымен қоса, ауыл ақсақалдары да атсалысқан.

– Ауылда алкогольді ішімдік қабылдайтындар азайды. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтың төмендеуіне септігін тигізіп отыр. Біз орын алған барлық мәселені жергілікті әкімдік пен тәртіп сақшыларымен бірлесіп шешеміз. Жастармен түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Ал, полиция қызметкерлері оқушылармен арнайы сабақтар өткізеді. Жергілікті серіктестік, шаруа қожалықтары да игі жобаға қолдау танытқан. Ауыл тұрғындарының дені осында нәпақасын тауып отыр. Серіктестік өкілдері ауыл қауіпсіздігін қадағалау үшін 50-ге жуық бейнебақылау жүйесін орнатқан, – дейді ауыл тұрғыны Рахметолла Шалкенбаев.

– Есепте тұрған адамдармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Мұның бәрі өз жемісін беріп жатыр. Мысалы, осы жоба қолға алынғалы ауылда қылмыс мүлдем тіркелмеді. Зиялы қауым өкілдері бізге жақсы көмектеседі. Ал, бірлесе атқарған жұмыс қашанда  жақсы нәтиже беретіндігі сөзсіз. Ақсақалдар кеңесі құрылып, оған үш жүздей беделді ауыл тұрғыны мүше болып кірді, – дейді учаскелік полиция инспекторы Нұрболат Қадырбеков.

Қазір бұл пилотттық жоба аймақтағы 130-ға жуық ауылда жүзеге асырылып жатыр. Бір қуантарлығы, ауылдарда аталмыш жоба аясында ішімдіктен толығымен бас тартып, елді мекендерді абаттандыру, қараусыз қалатын мал мәселесін шешу де назарға алынған.

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар