Сайлауалды бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар айтарлықтай

Кеше «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының  XХХХ есеп беру-сайлау конференциясы болып өтіп, онда соңғы екі жылда атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған міндеттер және партияның «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының аймақ бойынша іске асырылу барысы туралы мәселелер қаралды.

«AMANAT» партиясының Орталық аппарат жетекшісі Мәди Оспановтың қатысуымен өткен конференцияға 272 бастауыш партия ұйымына біріктірілген барлығы 38 мың партия мүшесінің атынан  135 делегат қатысты.

Саяси кеңес мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Айнагүл Балташеваның жасаған баяндамасында өткен екі жыл ішінде «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: барлығына лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында 40,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 5 мектеп және 2 қосымша ғимарат, 28 мектепке дейінгі білім беру мекемесі пайдалануға берілгендігі атап өтілді. 5 медициналық нысан ашылып, облыста алғаш рет мұқтаж балаларға медициналық-әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету бойынша оңалту орталығы мен ерте араласу орталығы бой көтерген. Сондай-ақ, 1,2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй алаңы пайдалануға беріліп, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 7 хоккей корты және 54 жаңа спорт алаңы мен 6 мәдениет нысаны салынды.

37 елді мекенде сумен жабдықтау жүргізілсе, Аршалы ауданының 16 ауылы газдандырылды. Құрылыс жұмыстарының көлемі едәуір өсіп,  348 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Жыл басынан бері 13 мың тұрақты жұмыс орындары құрылды. Алдағы уақытта «AMANAT» партиясының Ақмола облысы бойынша «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасын іске асыру аясында таяудағы жылдары атқарылатын істер де бір төбе. Бұл орайда:

–Жол картасындағы іс-шаралардың уақытылы әрі сапалы орындалуына тікелей жауапкершілік тиісті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына және әрбір көрсеткіштер бойынша «AMANAT» фракциясының мүшелеріне жүктелген, – деп атап өтті баяндамашы.

Есептік кезеңде облыстың шалғай елді мекендерінде 55 мобильді қоғамдық қабылдау өткізіліп, 415 азаматтың мәселелері қаралып, шешу жолдары іздестірілген. Қазіргі уақытта партия Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда. Бұл ретте, ақмолалықтарға 1,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда жалпы сомасы 180,3 миллион теңгенің 28 өтінімі мақұлданған.

Есеп беру-сайлау конференциясы барысында бақылау-тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, бірқатар делегаттар облыстық партия ұйымының соңғы екі жылдағы жұмысын талқылап, ашық дауыс беру нәтижесінде оны бірауыздан қанағаттанарлық деп таныды. Конференция барасында Саяси кеңес мүшелерінің қатары 70 пайызға жаңарып, Саяси Бюро кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясы  жаңа мүшелермен толықтырылды. Конференцияда партияның орталық аппаратының жетекшісі Мәди Оспанов сөз сөйлеп, алдағы кезеңде партия мүшелерінің алдында тұрған басым міндеттерді атап көрсетті. Жалпы, Ақмола облыстық партия ұйымына 20 аумақтық филиал кіреді. Ондағы 38 мыңнан астам партия мүшесі 272 бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Конференцияда атап көрсетілгеніндей, филиал қатары алдағы уақытта да сан және сапа жағынан нығая беретін болады.

Мәжіліс соңында партия саяси кеңесінің жаңадан сайланған мүшесі, журналист, жазушы, ҚР Сенаторлар Кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев партиялас әріптестеріне жұмыстарының жемісті болуына және белгіленген жоспарларының іске асуына тілектестігін білдірді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар