Астанада Ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль өтеді

Астана қаласында 4-10 қыркүйек күндері Ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл фестивальда қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, дәстүрлі садақ ату, жекпе-жек спорт түрлерінен еліміздің барлық өңірі сынға түсетін болады. Төрт жылдықтың басты додасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР ұлттық спорт қауымдастығы, ұлттық спорт түрлері бойынша федерациялар және Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтеді.

Жарыстардың бәрі елімізге белгілі басты спорт ареналарында ұйымдастырылатын болады. Айталық, «Қазанат» ипподромында көкпар, аударыспақ, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік сияқты ұлттық спорт  түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылса, «Qazaqstan» ЖАСК-ында асық ату, тоғызқұмалақ, ал, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресі, «Аспан» спорт кешенінде жекпе-жек сайыстары қыза түсетін болады.

Ұлттық спорт түрлері фестивалі әр өңірдің спортының ұлттық деңгейдегі бәсі қаншалықты жоғары екендігін көрсететін үлкен дода. Бұл жарыс барлық облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының басшылығы мен спорт қауымдастығына да сын. Өйткені, әр жердің ұлттық спортқа қаншалықты көңіл бөліп отырғандығы араға төрт жыл салып  бір келетін осы фестивальдан жақсы көрінеді.

–Сондықтан, бұл байрақты бәсекеге Ақмола облысының спорт ұйымдары да жан-жақты дайындық жасауда. Біздің аймақтың Астанадағы Ұлттық спорт  түрлері бойынша VІ фестивальға баратын делегация құрамы 137 адамнан тұрады. Олардың ішінде жаттықтырушылар мен спортшылардың өздері, оларға қызмет көрсететін басқа да көмекші құрам кең қамтылған. Ақмолалықтар сәтін салса, фестиваль бағдарламасындағы барлық  11 ұлттық спорт түрі бойынша сынға түсіп, жүлделі орындар үшін күш салатын болады, – дейді бұл орайда, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большина.

Иә, ұлттық спорт түрлерінен мерейіміздің үстем болуына біз де тілектеспіз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.        

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар