Күре жолдың бойындағы күрмеу шешілсе, тіршіліктің тамыры да бүлкілдей түспек. Үстіміздегі жылы өңірде автомобиль жолдары мен көше жол желісін салуға кейбір телімдерді күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 75,2 миллиард теңге қарастырылған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне қарағанда, бөлінген қыруар қаражатпен 311 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Сәл ғана таратып айтатын болсақ, облыстық және аудандық маңызы бар мың шақырымнан астам автокөлік жолдары мен көше жол желісін салу, жөндеу көзделген. Оның ішінде 23 жоба облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен жөндеуге бағытталып отыр. Ұзын-ырғасы 200 шақырымды құрайтын жол жөндеуден өткізілмек.
Жалтыр-Макинск автожолының бойында көпір салынбақ. Щучинск-Степняк-Уәлиханов бағытындағы күре жолдың бойына күрделі және орташа жөндеу жасалмақ. Сондай-ақ, Астана қаласының шығыс айналма жолы мен Сарыоба станциясы телімі, Бабатай-Волгодоновка-Береке-Бұлақсай-Жалтыр-Макинск бағытындағы жол бойында қолға алынған үлкенді-кішілі жобалар жүзеге асырылуда. Қорғалжын-Арықты-Сабынды, Жақсы-Державинск-Есіл-Раздольный-Жолымбет-Шортанды бағыттарындағы күре жолдың бойына да қажетті жөндеу жүргізіледі.
–Біз жолдың күтімі мен қазіргі жағдайына жіті көңіл аударамыз. Облыс тұрғындарынан түсіп жатқан арыз-шағымдар да міндетті түрде ескеріледі, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков, – басқарма ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу алдында ел тілегін ескере отырып, жөндеуге тиісті жол телімдерінің тізбесі жасалады. Мәселен, Есіл ауданындағы Ершовка-Чистополье-Есіл жолдарының бүгінгі таңдағы жағдайы туралы, оның жөндеу керектігі жайында тұрғындардың өтініштері көп түскен болатын. Сондай-ақ, Ақкөл-Азат-Новорыбинка-Новочеркаское-Егіндікөл-Жантеке-Көкшетау-Атбасар бағытындағы жолдардың кей тұсына күрделі, кейбір жерлеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Басқарма басшысының айтуына қарағанда, жолдарды жөндеу барысында көктемгі қызыл су шайып кетпеу мәселесі де мұқият ескеріледі екен. Мәселен, Атбасар-Сочинское автожолының бойына үш су өткізу құрылғысын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алыныпты. Су тасқынының салдарын болдырмау үшін осындай жұмыстар жүргізілсе, жартылай шайылып кеткен жол жиектері бекітіліп, жол бойына ескерту белгілері орнатылуда. 70 миллион теңге қаражат су тасқынының салдарын жоюға бағытталған. Қазір құм, қиыршық таспен жол бойындағы шұңқырлар бекітіліп, жолдарды қаптау жүргізілуде. Мұндай жұмыстар облыстық маңызы бар жол бойында мұқият ескерілуде. Үстіміздегі жылы облыстық маңызы бар жолды күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1,5 миллиард теңге қаражат қарастырылған.
2019 жылдан бері мердігер ұйымдар міндетіне алған ауқымды жұмыстар мейлінше сапалы істелу үшін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» кәсіпорны тексеру жұмыстарын жүргізуде. Жол мәселесін түбегейлі таратып айтқан кезде мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты тиіп отырғандығын екпін түсіріп айта кету керек. Айталық, «Астана қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары» және «Шеткі аймақтарды дамыту» бағдарламалары аясында Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандары мен Қосшы қаласының көше-жол желісін салу мен жөндеуді жүзеге асыру бағытында 33 жоба қолға алынған. Бұл ауқымды іске 29 миллиард теңге қаражат қарастырылып отыр. Өңірдің 27 елді мекенінде 210 шақырым жол салу жоспарланған. Республикалық және облыстық бюджеттен 2,6 миллиард теңге ақша бөлінген. Бұл бағыттағы жобалардың басым бөлігі Степногорск, Ақкөл, Атбасар қалаларында іске асырылмақ. «Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту» бағдарламасы аясында 30 шақырымдық жол ретке келтірілмек. Текекөл көлінің айналасында автожол салынбақ. Бурабай кентінің жол желісі салынып, жаңғыртылмақ. Щучье-Николаевка жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Облыста «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы шаруаға 2,6 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Осы бағдарламаның шарапатымен ұзын-ырғасы 80 шақырым жол жөндеуден өткізілуде. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, жөндеу жұмыстарының басым бөлігі Бурабай, Есіл, Шортанды аудандарының еншісінде. Облыстық бюджеттен «Аудандардың, Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларының көше-жол желісін салуға, жөндеуге» бағдарламасы шеңберінде 370 шақырым жолды жөндеуден өткізу үшін 172 жоба қолға алынған. Бұл мақсатқа 16,5 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Осындай жұмыстардың арқасында өңірдегі қала көшелері бір жаңғырып қалды.
Ендігі арада түйінді мәселелер туралы да бір ауыз сөз айта кетуіміз керек. Қаншама қаражат бөлініп, зор күшпен салынатын, жөнделетін жолдарды сақтау жайы әлі де сын көтермейді. Негізгі себеп, жолға түсетін жүктің қалыпты нормасы сақтала бермейді. Салмағы 30-40 тонна болатын жүк көліктері күні-түні жүретін болса, жолдың шыдамайтындығы белгілі. Бұл тығырықтан шығатын жол біздің ойымызша жалпақ жұртқа ортақ автомобиль жолдарын сақтау үшін ауыр салмақтағы көліктердің жүруіне тыйым салу.
–Егер тиісті бақылау жасалып, түбегейлі шешім қабылданбаса, жол әрине, бұзылады, – дейді Владимир Кулаков, – өңірдегі жолдардың сапасын көліктік бақылау инспекциясы атқарады. Бірақ, өкінішке орай бұл ұжым да бүкіл өңірді қамтуға тиісті бір ғана жылжымалы бекет бар.
Соңғы уақытта Көкше өңірінің республикалық және облыстық маңыздағы күре жолы көп-көрім жақсарып қалды. Алдағы уақытта ел игілігі үшін атқарылып жатқан қыруар шаруа діттеген жеріне жететін болса, жолаушының айы оңынан туары сөзсіз.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.