Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті.
– Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан үшін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдық.
– Орнықты даму қағидаттары біздің негізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағдарламаларымыздың өзегіне айналды. Бүгінде орнықты болашаққа белсенді түрде инвестиция құйып отырмыз. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді. Біз тегін білім алудың және денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Жаңа Әлеуметтік кодексте халықтың осал топтарын қорғау шаралары күшейтілді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, баршаға ортақ орнықты болашаққа қол жеткізу үшін шұғыл түрде бірлескен іс-қимылдар қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар ұсыныс айтты.
– Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент саммитке қатысушыларға халықаралық қаржы архитектурасына тың серпін беруді ұсынды. Оның айтуынша, ОДМ-ға қол жеткізу үшін қаржы жүйесі таңдаулы ғана елге емес, барлық мемлекетке теңдей ықпал етуі қажет. Экология, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларды шешу үшін орасан зор қаржы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев климат, азық-түлік және энергетика дағдарысы орнықты дамуға айтарлықтай қауіп төндіретініне тоқталды.
– Біз БҰҰ-ның басшылығымен техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Орнықты даму саласындағы мақсаттар бәріміз үшін жарқын әлемге жол ашады. Біз бірігуіміз және күш-жігерімізді арттыруымыз қажет. Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды, – деді Президент.
Сонымен қатар сессия барысында Мажарстан Президенті Каталин Новак, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, ОАР Президенті Сирил Рамафоса, Аустрия Президенті Александр Ван дер Беллен, Перу Президенті Дина Болуарте, Гайана Президенті Ирфан Али, Микронезия Президенті Уэсли Симина, Солтүстік Македония Президенті Стево Пендаровски, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және басқалар сөз сөйледі.
Дереккөз: www.akorda.kz