Әлеуметтік желіде тұрғындарды балағаттап, сынға ұшыраған Щучье әкімі Олжас Нұрмағамбетов қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Олжас Нұрмағамбетовтың Щучье қаласының әкімі лауазымынан қазанның 2-де кеткені белгілі болды.
Өтінішті өз еркімен жазған.
— Бурабай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2 қазандағы шешімі негізінде Бурабай ауданы әкімінің өкімімен Щучье қаласының әкімі Олжас Байболатұлы Нұрмағамбетовтың өкілеттігі тоқтатылды, — делінген Бурабай ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі аккаунтында.
Сондай-ақ, Щучье қаласының бұрынғы әкімі желідегі өзінің жеке парақшасында қабылданған шешімді түсіндірген жазба қалдырды.
— Мен қала әкімі қызметінен кету жөнінде шешім қабылдадым және бұл шешім мен үшін өте қиын болды. Менің денсаулық жағдайым 100 пайыз өнімді және 24/7 режимінде жұмыс істеуді талап ететін осы жауапты лауазымды жалғастыруға мүмкіндік бермейді, — деп жазды Олжас Нұрмағамбетов.
Сонымен бірге, ол әкім лауазымында болған бір жыл ішінде аудандық маңызы бар қалада көптеген маңызды іс атқарылғанын атап өтті.
— Командамен және сіздермен бірге айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Мен сіздерге, қала тұрғындарына қызмет ету мүмкіндігін бергеніңіз үшін ризамын. Бұл керемет тәжірибе болды және сіздердің қолдауыңыз бен сеніміңіз маған шабыт пен күш-қуат берді, — деп түйіндеді ол.
Айта кетсек, бұдан бұрын тұрғындарды желіде балағаттаған Щучье әкімі Олжас Нұрмағамбетовтың қатаң сөгіс алғанын жазған едік.