Көкшетау қаласының Сәкен Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-лицейінің директоры Баян Вахитқызы Сәрсембаева.
Оның мектептегі жұмыс кезеңі жай парақ емес, мекеме тарихының бірнеше томы. Мектеп өмірінде әр түрлі кезеңдер болды. Оның ішінде аттестаттау, аккредиттеу, шарттық қатынастар жүйесі, жаңа стандарттарға көшу және тағы басқалары. Бірақ, әр кезде директор Баян Вахитқызының арқасында мектеп жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде алғы лектен көрінді деп айтуға болады. Ол 1965 жылы 1 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. 1991 жылы К.Д.Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтын «Биология»мамандығы бойынша бітірді. Өзінің еңбек жолын Степной кенті орта мектебінің мұғалімі болып бастады. 1999-2004 жылдары Көкшетау қаласындағы №18 орта мектепте биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Мұғалім болып жұмыс істей жүріп, жұмыста заманауи педагогикалық технологияларды қолдана білу, алға қойған мақсатына жету қабілеттерін көрсетті. 2005 жылдан бастап мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Директордың орынбасары қызметінде өзін оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру жөніндегі нормативтік құжаттаманы, сондай-ақ, білім беру жүйелерін басқару теориясы мен әдістерін білетін білікті және бастамашыл басшы ретінде көрсетті. Ол жоғары талапшылдықпен, әдістемелік қабілетімен, мұғалімдердің шығармашылық қызметін жандандыру қырларымен ерекшеленеді. Жоғары білікті еңбегі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін 2015 жылдың желтоқсанында Көкшетау қаласының №22 негізгі жалпы білім беретін мектебінің директоры, кейін 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Сәкен Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-лицейінің басшысы болып тағайындалды.
Баян Вахитқызы педагогикалық қызмет барысында педагогикалық, ғылыми-әдістемелік және ұйымдастырушылық-басқарушылық міндеттерді шешу үшін қажетті теориялық негіздерді меңгерді. Өз қызметінде жауапкершілік, ізгі ниет принциптерін басшылыққа алады. Кәсіби қызмет барысында басшы ұйымшыл, еңбекке қабілетті педагогикалық ұжым құрды. Педагогикалық кадрлармен жұмыс істеу аясында мұғалімдердің жеке қасиеттерін ескерді. Мектепте кадрларды іріктеу және орналастыру бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп, жас мамандарға қолдау көрсетеді және мұғалімдерде өзінің кәсіби деңгейін арттыруға деген ұмтылысты қолдап келеді.
Сондай-ақ, оның көшбасшылық кезеңіндегі мектептің жетістіктері жөнінде де айта кету керек. Директорпедагогикалық ұйымды оқыту мен басқарудың заманауи технологияларын енгізуге мүмкіндік беретін қолайлы жағдайлар жасау үшінкөп күш пен уақыт жұмсайды. Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейі Баян Вахитқызының жоғары кәсібилігінің арқасында қарқынды дамып келе жатқан білім беру мекемелерінің бірі болып табылады. Оның басшылығымен мектептің педагогикалық ұжымы 2017 жылы «Балалар үшін»медалі, 2020 жылы «Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағы» Құрмет грамотасы, Ақмола облысы білім басқармасының Құрмет грамотасы, «Қазақстан мұғалімдерінің көшбасшылығы» жобасын қолдағаны үшін Алғыс хат, 2021 жылы Көкшетау қаласының іскер әйелдер қауымдастығының Алғыс хаты, «Үздік ұйым» қалалық кезеңінде бас жүлде, 2022 жылы PISA-2022 халықаралық зерттеуін жүргізгені үшін «Ақпараттық-талдау орталығы»акционерлік қоғамының Алғыс хаты және «Үздік ұйым» облыстық кезеңдегі бас жүлде сияқты үздік жетістіктерге қол жеткізді. Баян Вахитқызы мектептің даму перспективаларын «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының басым бағыттарымен, инновация, кәсіби-педагогикалық құзыреттілік және білім беру сапасының проблемаларымен байланыстырады. 2022-2023 оқу жылының қорытындысында мектеп облыс бойынша «Үздік білім ұйымы» гран-приі мен мектептің материалдық базасын нығайту үшін 2 миллион теңге көлеміндегі облыс әкімінің грантына ие болды.
Осылайша, Баян Вахитқызы мектептің шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруіне үлкен үлес қосқаны сөзсіз. Мектептің материалдық-техникалық базасын жақсарту, педагогикалық ұжымның бірлігін нығайту, әріптестердің шығармашылық қызметіне көмек көрсету оның қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асырылып жатыр. Педагогикалық қызмет жылдарында ол қарапайым ұстаздан білікті басшыға дейін жетті және өзінің мол тәжірибесін жас мамандармен бөлісуде.
Қорытындылай келе, іс-әрекеттері мен істері әрқашан оқушылардың, ата-аналардың ғана емес, әріптестерінің де назарында болатын мектеп басшысы болу өте қиын міндет екенін айту керек. Себебі, кез-келген мектеп директордан басталады. Директор театрдағы режиссерге ұқсас болып келеді. Әрдайым сахнада көрінбесе де, өз іс-әрекетімен мектептің өмірін бейнелейді. Жақсы бейнелесе, мектеп те алға басады. Сол биіктен көрінген қабілетті басшыға алда да жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.