Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Наубайшы-кондитер Гүлжанат АЛЕНОВА: «Қамыр илеу құпияларын әжемнен үйрендім» - АРҚА АЖАРЫ

Наубайшы-кондитер Гүлжанат АЛЕНОВА: «Қамыр илеу құпияларын әжемнен үйрендім»

Неге екендігін қайдам, бірақ ата-әжесінің бауырында өскен баланың жүзінде бір жылылық тұнып тұратындай көрінеді маған үнемі. Адамды жіті танымасаң да, бір көргеннен-ақ жүріс-тұрысынан, киім-киісінен, сөйлеу мәнерінен, іс-қимылынан, тіпті дауыс ырғағынан оның қай ортада, қандай отбасында тәрбиеленгені аңғарылып-ақ тұрады. Мұндайда, әсіресе, ата-әжесінің бауырында өскен баланың орны бөлек. Олар ойын еркін айтады, әр сөзінен бір жылылық, әр ісінен бір адамгершілік ізгі қасиет көрініп, байқалып тұрады. Таяуда жұмыс барысында осындай ашық, қолы епсекті, ата-әжесінің тәрбиесін көрген, мінезі көркем бір керемет жанмен жақынырақ таныстым. Таныстым да оның еңбекқорлығына, жасымаған жігеріне, мейірім тұнған, балам деп соққан жүрегіне, шалқар көңіліне тәнті болдым. Дәл бүгін осындай ізгі жанның ғұмыр жолын ақ қағазға кестелеп, суреттеудің сәті түсіп,  газет оқырмандарымен бөлісуді жөн санап отырмын.

Түн жарым. Ақ қағазбен сырласып отырып, уақыттың зу еткенін байқамай қалған екенмін. Тырс-тырс етіп, осы бір тылсым тыныштықты бұзғысы келген сағатқа қалайша мән бермегенмін. Әдетте адамның жүрегі сөйлегенде, шынайы қуанғанда, зулаған уақытқа да, зымыраған жылдарға мән бермейді. Менің кейіпкерім Гүлжанат та сөз барысында дәл осы ойды меңзегендей болды. Ол өзінің балалық шағы, жастық дәурені туралы айтқанда дауысы да жарқын-жарқын шығып, сол бір риясыз балалық шаққа бізді де ойша жетелей жөнелгендей әсерге бөлегені бар.

– Уақыт та тұрлау жоқ-ау, шамасы! Күні кеше ғана ата-әжемнің бауырындағы алаңсыз күндер қалай артта қалғанын байқамай қалдым. Иә, адам бақытты болғанда уақытты елемейді ғой. Бірақ қанша жерден есейсем де, өзім де ана атанып, өмір жүгін көтерсем де, бір сәтке болсын әжемнің ақылын ойымнан шығарған емеспін.  Мен мынау Көкшетаудың бауырындағы зерлі Зерендіге қарасты Шағалалы ауылында дүние есігін аштым.  Балалық шағым нағашы атам мен әжемнің ауылында өтті десем артық айтқандық емес. Жазғы каникул қашан болады деп ауылды аңсап, алаңдап тұратынмын.  Нағашы Рауза әжемнен үйренгенім көп. Иінін қандырып, қамыр илеуді де, құрт қайнатып, қоспа жасауды да үйреткен, ас қамдау ісінің қыр-сырына бойлатқан да әжем. Әжемнің  бауырсағы ерекше болатын, шіркін! Әжем ала таңнан тұрып, қара қазанның жанында бар баласының қамы үшін, бауырсақ пісіретін.  Мен де бала болсам да ала таңнан ерте тұрып, әжемнен бір елі қалмайтынмын. Әжемнің мені мейірлене құшып, жан жылуын төгіп, аялы алақанымен қып-қызыл шоқтай, ып-ыстық бауырсақтарын ұсынатыны мәңгі жадымда жатталып қалыпты. Көзімді жұмсам болғаны, осы бейне көз алдымда тұрады. Күні бүгін наубайшы-кондитер болуымның бірден-бір себебі, әжемнен алған тәрбиеден деп білемін, – дейді Гүлжанаттың өзі.

Гүлжанат орта мектепті 1999 жылы Чкалов ауылында тәмамдаған. Орта мектепті аяқтаған соң арман қуып арайлы Алматыға жол тартады. Онда ол заңгер мамандығы бойынша білім алып, бірден өзінің туған өлкесі Көкшетауға келіп, облыс орталығындағы мекемелердің бірінде кадр бөлімін басқарады. Осы бөлім қызметімен қатар, архив бөліміндегі құжаттарға жауапты қызметкер ретінде де  абыройлы еңбек етеді. Кейін өзінің  өмірлік жары Ақан Аленовты жолықтырып, сол кісімен шаңырақ көтереді. Ақан Бесеуұлы өңірімізге танымал жақ сүйек хирургі болатын. Негізгі мамандығы тіс дәрігері, белгілі имплантолог еді. Гүлжанат жолдасымен бірге 17 жыл тату-тәтті өмір кешті. Өнегелі отбасында бес бала дүниеге келді. Гүлжанат отау құрған сәттен бастап, ата-енесімен бірге бір шаңырақта сыйласып өтті. Бірақ, өмір өкінішсіз бола ма? Елге қырғидай тиген, беті жаман ауру, короновирус пандемиясы кезінде Гүлжанат үш бірдей жақын адамынан көз жазып қалса керек. Өздеріңізге мәлім, пандемия кезінде дәрігерлер уақытпен санаспай еңбек етті. Ақан Аленов те күн-түн демей алғы шептегі дәрігерлер қатарында болып, еселі еңбек атқарды. Науқасты ауру азабынан құтқарамын деп жүріп, өзі де ауру құрсауынан шыға алмай сол дерттен көз жұмыпты. Дәл сол жылы ата-енесі де дүниеден өткен. Соңында бес баламен жалғыз өзі қалған Гүлжанаттың жай-күйін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

– Олкүндерартта қалды десем де, қайғы жүректен көшпейді ғой. Уақыт бір орнында тоқтап қалғандай күй кештім. Өз көзіме өзім сенер еместей күйде болдым. Жан-жарым Ақан жұмыс деп дамыл таппайтын, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарай білетін, ізденімпаз, адал адам еді. Осыжанкештіеңбегіүшін «Алтын дәрігер» төсбелгісіменмарапатталды.  Бұл марапат өз қызметінде ерекше кәсіби шеберлік пен қайсарлық танытқан денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне адал және мінсіз еңбегі үшін тапсырылады. Медаль дәрігердің отандық денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегін, халық денсаулығын жақсартуға және белсенді қоғамдық қызметке қосқан зор үлесі айқындап тұр. Ол өз балаларына, өз ортасына үлгі өнеге болды деп ойлаймын. Менің ата-енем де жақсы адамдар еді. Сол кісілерден алған тәлімім мен үлгі-өнегем көп. Иә, ажал айтып келмейді. Әрине, мұндайда туған-туыс, бауыр-жекжаттың, ағайынның орны ерекше ғой. Жан-жағымыздағы жүрегі мейірімге толы жандар қаншама! Сол адамдар мені қолдады, ақыл қосты, бағыт-бағдар берді. Мен жасып, мен құласам, мен жыласам соңымнан ерген бес баламның болашағы не болады деген ойлар мені алға жетеледі. Балаларымның болашағын ойлағанда жүрегімде бір үміт маздағандай болады, бар сенімім балаларым! – дейді Гүлжанат.

Оның жан дүниесіндегі арпалысты дірілдеп шыққан дауысынан-ақ аңғарасың. Әңгіме ауанын басқа арнаға бұруға тырысып, жүрегі мақпалдан жұмсақ жақсы адамның ендігі арада көңілін ештеңе алаңдатпасыншы деп іштей тілек тілейсің…

– Қазір Аллаға шүкір, балаларымның болашағы үшін бір кәсіпті қолға алдым. Әжемнен үйренген тәлімімді іске асырып, үйде отырып, түрлі тоқаш өнімдері мен әртүрлі бәліштер, кондитерлік өнімдер пісіремін. Өз өнімдерімді «Үйдегідей тәтті!» деген брендпен шығарып жатырмын. Әлі есімде, ауылдағы әжем алғаш қамыр илеуді үйреткенде, «қызым нан илегенде ашуланып, я болмаса біреуге кектеніп, тіпті көңілсіз болуға болмайды. Себебі, нан қасиетті ас» деген сөзі көңілімде мәңгілік жатталып қалды.

Бір атап өтерлігі Гүлжанат салт-дәстүрге берік жан. Отбасылы болып, келін атанған сәттен басынан ақ орамалы түспеген. Ол енесін емеурінен ұғып, қайын атасын қабағынан таныған тәрбиелі келін. Баласының көңілін көзінен ұққан аяулы ана. Қайда жүрсе де ата-ана абыройына нұқсан келтірмеуге тырысқан ұлағаты мол жан. Күн-түн демей, өз нәпақасын адал еңбекпен тапқан адам. Әже өнегесін өзінен өрбіген ұрпағына да дарытсам дейді. Жоғарыда өзі атап өткен кәсібінің атауын қалай дәл тауып, әдемі қойған! «Үйдегідей тәтті!». – Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда кез-келген кәсіпті ашқан сәтте оның атауын жаттауға оңай болсын, я болмаса ағылшын тіліндегі сөздерге қосақтап құрастыру бір сәнге айналып кеткендей. Менің өнімдерімнен ауыз тиген адамның барлығы алдымен «Тәтті екен», «үйдегідей екен» деген сөздерді айтып, өз ілтипаттарын білдіріп жатады. Сол ой маған қуат бергендей болды. Содан кейін өз кәсібімді «Үйдегідей тәтті» деген атаумен бастап кеттім, – дей келіп, ол өз сөзінде қазіргі таңда өскелең ұрпақ нанның қадірін жете түсінбейтіндігін айтып қынжылды.

– Бұрнағы жылдармен салыстыруға болмайды.  Қазір елдің тұрмысы түзелді. Сонау бір жылдары, ел егемендігін алған алғашқы кезде ауылдарда нан қымбат болып, кейбір үйлер кебек илеп, кебектің нанын жегенін қалай ұмытамыз? Бүгін біздің тұрмысымыз өзге ел қызығарлықтай. Түзелгені соншалық, қатқан нанды жемейміз, ол қоқыс салатын жәшіктің жанында, жерде, кім-көрінгеннің аяғының астында жатады. Сондайды көргенде жаным ашиды, налимын, қапа боламын. Нан киелі ғой, соны ұмытпасақ екен!

Гүлжанаттың алға қойған жоспарлары көп. Бірақ, бәрі де қаржыға байланысты. Дегенмен де ол барға қанағат етуді жөн санап келеді. Ниеті барға алынбайтын қамал жоқ. Алдағы уақытта әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін өркендету де жоспарда бар. Бастысы еңбегі де, ниеті де таза. Ал, адал жандарға Алланың өзі қамқор болатыны анық.

Р.S. Гүлжанат ұсынған үлбіреген бауырсақтардан дархан даланың иісі аңқиды. Дархан дала дегеніміз қазақтың өзі ғой. «Үйдегідей тәтті!». Шынымен де солай!..

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар