Мәслихаттың майталман хатшысы

Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, ңұры тасысын» деп тегін айтпаған болар. Алдыңғы толқынның абыройлы ісі, өміршең өнегесі кейінгі жастар үшін  әдемі мысал бола алар еді.

Табиғат сыйлаған тамаша қасиеттерімен елдің алдында бола білетін азаматтар туралы бір ауыз жылы сөзімізді арнасақ артықтығы бола қоймас. Еңбегімен ел еңсесін көтеретін аптал азаматтар баршылық. Солардың бірі бүгінгі кейіпкеріміз Бағдат Борұмбаев. Бағдат Атбасар ауданына қарасты Хрящевка ауылында туған. Ауыл мектебінде білім алған. Отбасында сегіз бала. Әкесі Айтжан Ахметұлы Ұлы Отан соғысының ардагері, жергілікті ұжымшарда қатардағы жұмысшы болып еңбек еткен. Анасы Сәттіжамал мал шаруашылығында еңбектенген. Ата-аналары таңсәріден жұмысқа кеткенде үй шаруасына балалар ие болатын. Үлкендері кішілерінің сабағына қарасып, даладағы жұмыстарды тыңдырады, кішілер үй ішін тазалап, ыдыс-аяқты жуады, еденді сыпырады. Арасында өзенге барып шомылатын, қармақ салатын. Ауылда кілең орыстар тұратын, қармақ салуды солардан үйренген. Әке-шешесі балаларын жастайынан отансүйгіштікке, үлкенді құрметтеуге, еңбекті сүюге баулыды.

Бағдат Борұмбаев еңбек жолын 1975 жылы Атбасар қаласындағы №1 орта мектепте мұғалім болып бастады. Целиноград  қаласындағы педагогика институтын бітірген. Сол жылы азаматтық борышын өтеуге шақырылды, әскери қызметін аяқтағаннан кейін мектепте жұмысын жалғастырды. Жалынды жас жігіттің жігерін байқаған аудандық Мәслихаттың майикомсомол комитеті оны 1978 жылы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне қызметке шақырады. Бұл қызметтен кейін аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, партиялық бақылау комиссияның төрағалығына тағайындалады. Ал, 1987 жылы Атбасар аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағалығына бекітіліп, аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланды. Сол жылдары білімін жетілдіру мақсатында Ақмола аграрлық университетініңбасқару және экономика факультетіне түсіп, экономист мамандығын алады. Аудан көлемінде басшылық қызметтерде жүріп, еңбеккерлердің мұң-мұқтажына айрықша назар аударып жүрді. Кемшіліктерді жоюға күш жұмсады, қаланың түрлі кәсіпорындарында, кеңшарлар мен ұжымшарларда жиі болып, жалпы жұмыстың алға басуына білімі мен күш-жігерін жұмылдырды. Сонымен бірге, ауданда құрылған «Тіл және мәдениет» қоғамының толыққанды жұмыс істеуіне септігін тигізе білді, соның арқасында 1989 жылы Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті. Осындай жұмыстар легі ұлттық сана-сезімді оятып, қала мен ауданда ұлттық мектептер мен бала бақшалар ашыла бастады. Мектептер мен бала бақшалар үшін жаңа ғимараттар салуға облыс, республикадан қаражат бөлінуіне атсалысты.

1990-1994 жылдары Атбасар ауданының халық депутаттары Кеңесі төрағасының орынбасары, төрағасы болып сайланды. 1994 жылыжас мемлекетімізде мәслихаттар құрыла бастады. Жаңа құрылым жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару мақсатында ұйымдастырылды. Сол жылдың наурызында сайлау өткізіліп, аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы нәтижесінде Бағдат Борұмбаев мәслихат хатшылығына сайланды.

Бағдат Айтжанұлының жалпы еңбек өтілі 45 жыл болса, соның 26 жылын осы ұжымда қажырлы еңбекпен өткізіпті. Қай лауазымда болсын өзінің азаматтық пікірін білдіре алатын маман ретінде көпке танымал. Жұмысты ұйымдастыра білетін қабылеті зор, жағдайды талдап, дұрыс шешім қабылдай біледі, әріптестерінің пікірін мұқият тыңдайды. Осы адами қасиеттері оны Атбасар ауданындағы білікті басшы азаматтар қатарына жеткізді. Атбасардың облыс көлемінде алар орны ерекше болуымен қатар, мұнда көптеген ұлт өкілдерінің мекендеуі әлеуметтік-саяси жағдайдың тұрақтылығын талап етті. Осы бағытта депутаттармен қоян-қолтық жұмыс істеп, жыл өткен сайын жағдайды жақсарта білді. Аудан мен қалада ауқымды жұмыстар атқарылды. Қазақ халқының төл тарихын қағазға түсіріп мұра еткен жазушы Ілияс Есенберлиннің ескерткішін қаланың орталық алаңында ашылуына Бағдат Борұмбаев пен аудан әкімі және қалың жұртшылық мұрындық болды, кейіннен жазушының әдеби музейі ашылды.

Бағдат Айтжанұлы «Нұр Отан», бүгінде «АМАNАТ», партиясының құрылған күнінен белсенді мүшесі болуда, 2007-2008 жылдары аудандық партия бөлімшесіне жетекшілік етті, оның саяси кеңесінің мүшесі болды. Қазақстан Президентінің сайлауларында үміткердің сенімді тұлғасы болды.

Азаматтың көпжылғы қажырлы еңбегіеленіп, «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен, Президенттің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Аудандық мәслихат хатшысы ретінде білікті, үздіксіз жұмыс істейтін аппарат құра білді. Егеменді еліміздің бірқалыпты өмір сүруіне көптеген заңнамалар қажет болды, оларды барлық жағынан зерттеп, тәптіштеп шығарған, қолдаған Қазақстан Республикасы Мәжіліс, Сенат депутаттары  халыққа жеткізуде аудандық мәслихат депутаттарына сеніп тапсырды. Сол заңдардың күнделікті пайдалануы аудандық мәслихаттарда бастау алды.

Атбасар ауданының құрметті азаматы атанды. Демек, Бағдат Борұмбаев өзінің білімін, тәжірибесін еліміздің өркендеп өсуіне толығымен жұмсады деп толық сеніммен айта аламыз. Жұбайы Дәметкен Рахымбекқызымен дүниеге төрт баланы әкеліп, бүгінде олардан алты немере-жиен сүйіп отыр.

Бағдат Айтжанұлы бүгінде 70 жасқа толып отыр. Дегенмен, денсаулығы кейде сыр берседе қоғамдық жұмыстардан қалмауда. Атбасар ауданының ақсақалдар кеңесінің мүшесі ретінде әлі де талай жұмыстардың ортасынан көреміз деп сенеміз.

                                Өмірсерік ШАЙХИН.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар