Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балығы жоқ көл жетім - АРҚА АЖАРЫ

Балығы жоқ көл жетім

Өңірде балық шаруашылығын өрістетудің маңызы зор. Біріншіден, азық-түлік молшылығын жасауға септігін тигізетін болса, екінші жағынан Көкшенің күміс көлдері кешегі кемеліне келіп, айдын-шалқар күйінде сақталып қалмақ. Алдын ала түзілген 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес, Көкшенің көлдерінде жыл сайын балық қорын молайтып, сапасын арттырып, бағалы балықты көбейтіп  отыру тиіс болатын. Мәселен, 2021 жылы 143 тонна балық өсірілсе, 2022 жылы бұл көлем 953 тоннаға жетуі қажет.

Өткен жылғы жоспар сәл асыра орындалып, сол 953 тоннаға жетті. Ал, үстіміздегі жылғы жоспар тіпті қомақты, 2469 тоннаға жетуі қажет-тін. Бірақ, бұл жоспар орындалмайтын сыңайлы. Анығында солай болды да. Бағдарламаны қайта қарап, Үкіметтің бекітуіне ұсынғаннан кейін 1269 тоннаға шегерілді. Себеп? Көл көп болғанымен, балық өсіру мүмкіндігі шектеулі. Дала көлдері тайыз. Балық өсірудің мүмкіндігі аз. Облыстағы 615 су айдынының 445-і 329 табиғатты пайдаланушыға бекітіліп берілген. Иесіз көлдің саны 165.

–Негізінде су айдындарын ұзақ жылға табиғатты пайдаланушыларға  бекітіп беру өте тиімді, – дейді «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев, – көл иесіз болмайды, қорғалады, күтіледі. Барлық көлді бірдей қадағалап отыру мүмкін емес қой, екінші жағынан табиғатты пайдаланушылар жемісті жұмыс істейтін болса, игілігін ел көрмек, жаңа жұмыс орындары ашылады, халықтың дастарханындағы дәм балық өнімдерімен молая түседі.

Алдымен иесіз көлдер туралы айта кетелік. Көкше көлдері негізінен, далалық көлдердің санатына жатады. Сақылдаған сары аязда түбіне дейін қатып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, су қоры аз, тайыз көлдерде балық шаруашылығын дамыту қиын шаруа. Жоғарыда айтылған жоспардың орындалмау себебі де осы. Ал, қорғау мәселесіне келетін болсақ, бұл тараптағы қиындық шаш-етектен. Шағын көлдердің көпшілігі қорысқа айналып бара жатыр. Дабыл қағарлықтай дерек көп. Көл жағасындағы ит тұмсығы өтпейтін қалың қамыс жыл сайын шіріп, шөгіндіге айналып, көл табанына жиналуда. Табиғатты пайдаланушыларға қойылып отырған бір міндет – көл табанын тазалау, бұлақ көздерін ашу. Су айдынының қар суы, жауын нәрімен қоректену мүмкіндігін молайту. Әрине, табиғат пайдаланушыларға мемлекет тарапынан субсидия түрінде көрсетілетін көмек бар. Бірақ, оны ешкім пайдаланып отырған жоқ. Инспекция басшысының айтуына қарағанда, белгіленген тәртіпке орай, тендерге қатысу керек. Тендерге қатысу үшін порталға тіркелмек. Порталға тіркелу үшін 50 мың теңге қаражат төлейді. Ал, кейбір субсидия көлемі 20 мың теңге төңірегінде. Тіпті, күлкілі жағдай. Көл табанын тазалау үшін қуатты техника қажет. Табиғат пайдаланушыларға қажетті құрал-жабдықтар мен арнайы техника сатып алуға да субсидия қарастырылған. Бірақ, бұл көмекті алған бірде-бір адам жоқ. Демек, көл атаулы табанындағы қорыстан жуырда арыла алмайды деген сөз.

–Табиғатты пайдаланушылардың игілікті істері аз емес, – дейді инспекция басшысы, – мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдары науқандық жұмыс кезінде химиялық тыңайтқыштарды пайдаланады емес пе? Егер жұмысты желді күні көлге жақын жүргізсе, зиянды заттардың айдынға ұшып түсуі де мүмкін. Сондай-ақ, көктемгі қызыл су жүрген кезде де абай болған ләзім. Ережеге сәйкес су айдындарының қорғаныс аймағы бар. Егер біз табиғатқа перзенттік пейілмен қарамайтын болсақ, көл тағдыры қыл үстінде тұрар еді.

Көкше көлдерінің қасіреті кешегі тың игеру кезінде басталған. Сайын даланың үсті соқаның тілімен айғыз-айғыз жыртылған кезде табиғи су жолдары жабылды. Көктемгі қызыл су жүрген кезде сай табанымен жыраның жырғасымен ағып келіп, көлді қоректендіретін су көлемі азайып, сап тыйылды. Осындай келеңсіздіктің кесірінен күміс көлдердің көлемі қусырылып, жағалаудан шегініп барады. Өзгесі былай тұрсын, Бурабай баурайындағы көлдердің де көрген күні осы. Бір кезде сарқырай ағып, күркірей құлдилап, жөңкіліп жататын Иманай сарқырамасы бұғау түскен бестідей тыпырлады да қалды. Бурабай көлдерін еселей толықтырып тұрған Сарыбұлақ өзені де осындай күйге түсті.

–Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Бурабай көлдері күрт өзгеріске ұшырады, – дейді ел ағасы Жәдігер Жасынауиев, –кейбір деректерге қарағанда, бұрынғы Көкшетау облысының аумағында 1500-ден астам көл болған екен. Сол көлдердің жартысынан астамы жер бетінен жоғалып кетті. Егер жанашырлық жасалмай, осы қалпымызбен жосылтып тарта беретін болсақ, келер ұрпақтың еншісіне не қалдырамыз?!.

Сонау 1956 жылғы зерттеу нәтижесіне қарағанда, Әулиекөлдегі су көлемі 36,2 миллион текше метр болған екен. Ал, Айнакөл 250, Шабақты көлі 141, Шортанды көлі 265 миллион текше метр төңірегінде болған. 1986 жылғы «Казгипроводхоздың» дерегіне қарағанда, әсіресе, Шортанды көлі мен Айнакөлдің көлемі көп кеміген. Қос көлдің табаны шіріндіге толған. Ғалымдардың пікірінше, 25 пайызға жуығы шөгінді. Әулиекөлдің батыс жағынан Иманай сарқырамасы, шығыс жағынан Сарыбұлақ өзені келіп құйылатын. Көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда, Сарыбұлақ Әулиекөл мен Қотыркөлдің арасын жалғап жатқан өзен-тұғын. Қазір Сарыбұлақ өзен мәртебесінен айырылып, жай ғана жыраға айналып бара жатыр. Бурабай көлдерін көзіміздің қарашығындай сақтамасақ, экологиялық апатқа ұшырауы әбден мүмкін. Біз бұл деректерді неге келтіріп отырмыз? Көпшіліктің көз алдындағы, алыс-жақын елдерден жылына миллиондаған туристер келетін жер жәннатындағы жағдайдың өзі осындай болғанда, дархан даланың өзге өңіріндегі күміс көлдердің көрген кесапаты мың батпан. Ал, ондай көлде балық өсіру қияпат шаруа.

Өзі аз ғана балыққа көз сұғын қадайтын сұғанақтар да аз емес. Әлгі «ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім» демекші, бал татыған балық етінен тегін дәмететіндер легі тыйылмай тұр. Мәселен, 2022 жылы көлге тор салып, балық аулаған, тәртіп бұзған браконьерлерге 297 әкімшілік хаттама толтырылған. 4 миллион 980 мың теңге айыппұл салынып, оның 4 миллион 745 мың теңгесі өндіріліп алынған. Үстіміздегі жылдың алғашқы үш тоқсанында осындай 246 оқиға белгілі болған.  Безбүйрек браконьерлерге 4 миллион 440 мың теңге айыппұл салынып, күні бүгінге дейін 3 миллион 737 мың теңгесі немесе 84 пайызы өндірілген.

–Браконьерлердің заңсыз балық аулауы өз алдына, олар инспекторлардан қашқан кезде ауларын тастап кетеді, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Нұрбек Есентаев, – ал, қазіргі қытай ауларының ұзындығы жүздеген метрге жетеді. Көл ішінде қалған ау балықтың қырылуына әкеп соғады. Міне, мәселе қайда?!

Табиғат пайдаланушылар осындай қиындықтарға қарамастан, қал-қадірінше еңбек етуде. Ең бастысы, су айдындарына дернәсілдер жіберіліп, болашақ ырыздықтың негізі қалануда. Үстіміздегі жылы балық өсіруге лайықталған айдындарға жалпы құны 10 миллион 901 мың теңге болатын 20 миллион 700 мың бағалы балық дернәсілі жіберілген.  Дернәсілдер Зеренді, Майбалық, Қарағанды, Петропавл тұқымбақтарынан жеткізілуде. Ал, бағалы балық дернәсілдері Ресейден де сатылып алынады.

Балық шаруашылығын тыңғылықты дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық толық деңгейде пайдаланылмай отыр. Мәселен, табиғат пайдаланушыларға дернәсіл сатып алу, қажетті құралдармен қамтамасыз етілулеріне орай субсидия төленеді. Бір түсініксізі, өткен жылы да, үстіміздегі жылы да табиғат пайдаланушылар соқыр тиын субсидия алмапты.

Ендігі бір мәселе, табиғат пайдаланушылар ұзақ уақыт мерзімге пайдалануға алған көлдерге жақын орналасқан ауыл адамдарының өкпе-назы. Төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырған ауыл адамдары малымызды көлден суара алмай қалдық деген өкпелерін айтады. Мұндай оқиға үстіміздегі жылы Целиноград ауданындағы Мортық көліне байланысты айтылды. Жалпы жұртқа түсінікті болуы үшін осы оқиғаны сәл тереңдетіп, жан-жақты айтып шығу қажет болып тұр. Қазақстан Республикасы «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңының 10-бабы 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізімін бекітеді және Заңның 10-бабы 5-7-тармақшасына сәйкес ғылыми ұсыныс негізінде балық шаруашылығы су айдындарын және учаскелерін паспорттауды жүргізеді. Қазақстан Республикасындағы В.И. Вернадский атындағы үкіметтік емес экологиялық қоры ұсынылған ғылыми ұсыныспен балық шаруашылығы су айдындарының тізіміне Ұзынкөл көлі мен Мортық көлін қосу туралы «Астана-Финанс групп» серіктестігінің өтінішінің негізінде Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізімін бекіту туралы» қаулысымен   Ақмола облысының жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізіміне Мортық көлі қосылған және Мортық көліне паспорттау жүргізілген.

Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы 2022 жылдың 24 қарашасында «GOSREESTR» порталында Мортық көлін бекіту бойынша хабарлама жариялаған. 2022 жылдың 9 желтоқсанында аукцион әдісімен электрондық сауда жүргізілді. Аукцион қорытындысы бойынша 750 257 теңге сомасын ұсынған кәсіпкер жеңімпаз деп танылды.  Көпшілік айтып жүргеніндей, Мортық көлі жеке меншікке сатылған жоқ, балық шаруашылығын жүргізу құқығына ғана берілді. Мортық ауылының тұрғындары талап еткеніндей, конкурс қағидасымен су айдынын бекіту кезінде халықпен келісу рәсімдері қарастырылмаған. Жалға алушымен шарттың міндеттері орындалуда. Бүгінгі күнде балық шаруашылығын жүргізу шартын бұзу үшін негіз жоқ.

Түйіндей келгенде, балық шаруашылығын дамыту ең алдымен, су айдындарының экологиялық жағдайына тікелей байланысты екенін айқын аңғаруға болады. Балықты көбейту үшін күміс көлдің тағдыры күпті еткен көңіл табиғатқа деген жанашырлықты көріп жадырауы тиіс.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар