Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халықтың денсаулығын сақтаудан асқан ізгі міндет жоқ - АРҚА АЖАРЫ

Халықтың денсаулығын сақтаудан асқан ізгі міндет жоқ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының бірқатар медициналық ұйымдарында болып, халықтың денсаулығын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты және кейбір күрмеулі мәселелерге назар аударып, оларды шешу жолдарын қарастырды.     

Аймақ басшысы бұл жолғы жұмыс сапарын қаланың Сарыарқа шағын ауданындағы емханасы бар «Viamedis» клиникалық-оңалту кешенінен бастады. Аталмыш жаңа кешен облыс тұрғындарына былтыр шілде айында есігін айқара ашқан болатын. Бүгінде мұнда басы ауырып, балтыры сыздаған науқастар дәрігерге көрініп, кейбірі күндізгі стационар жағдайында жоғары мамандандырылған оңалту терапиясын алуда. Өңір басшысы медициналық орталықтың оңалту аймақтарын шолып шықты. Мұнда 20 кереуеттік күндізгі стационар бар, онда пациенттер инъекция, лазерлік терапия, магниттік терапия және тағы басқа ем-шараларды қабылдайды. Сондай-ақ, мұнда орталық жүйке жүйесі ауруын басынан өткергендерге, тірек-қимыл аппараты бұзылғандарға, түрлі этиологиялы инсульт алған науқастарға арналған емдік-дене шынықтыру шағын залы бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбековтің айтуынша, оңалту орталығы ең озық медициналық құралдармен жабдықталған. Сонымен бірге, басқарма басшысы қаланың басқа да медициналық ұйымдарына биыл жалпы құны 1,3 миллиард теңгеге 20 медициналық техника сатып алынатынын, оның ішінде көпсалалы облыстық балалар ауруханасы мен Қ.Құрманбаев атындағы облыстық фтизиопульмонология орталығы компьютерлік томографиялармен қамтылатынын атап өтті.

– Бүгінде облыстағы денсаулық сақтау мекемелері ғимараттарының көбінің тозығы жетті. Оларды жаңғырту үшін қазынадан қыруар ақша бөлінуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 14 нысанда күрделі жөндеу жүргізу үшін 390 миллион теңге қарастырылды, – деді Нұрлан Ахильбеков.

Өз кезегінде облыс әкімі денсаулық сақтау саласындағы келелі мәселелер мен өңірде медициналық мамандар қаншалықты жетпейтіндігін сұрап білді.

– Біз қашан да денсаулық сақтау саласы бойынша қордаланған мәселелерді қарастырып, оңтайлы шешуге дайынбыз. Ол үшін келушілерге медициналық мекемелер ұсынатын барлық қызмет түрлері қолжетімді болуы тиіс. Ал, денсаулық сақтау басқармасы ұйымдардағы кадр тапшылығын шешіп беруі қажет, – деді Марат Ахметжанов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде облыс орталығында 40 дәрігер мен 83 орта медициналық қызметкер жетіспейді. Сонымен қатар, Нұрлан Ахильбеков аймақ басшысына күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған «Болашақ» оңалту орталығының мәселесін алға тартты.

Бұдан соң, аймақ басшысы 2015 жылы ашылған «Авиценна»  емдеу-алдын алу мекемесінде болды. Бес қабатты ғимаратта емхана мен стационар орналасқан.

– Біздің емхана ауысымына 475 келушіні қабылдауға және 50 төсек орындық стационарға лайықталған. Келушілерге консультациялық-диагностикалық және стационарлық көмек көрсетеміз. Кабинеттер қазіргі заманғы ең озық медициналық құралдармен жабдықталған. Және де біз дәрігерлердің тағайындауы бойынша операцияларды мақсатына сай жүргіземіз, – деді аталмыш мекеменің бас дәрігері Владимир Вурц. Сондай-ақ, ол бүгінде «Авиценнаның» халықты тұрғылықты жері бойынша мекемеге тіркеуге мүмкіндігі жоқтығын, егер медициналық мекеме қала тұрғындарына қызмет көрсетуге мемлекеттік тапсырыс алса ғана, пациенттерге мұндай мүмкіндік берілетіндігін, стационардағы орын жетпейтіндігін және оны кеңейту керектігін айтты.

– Егер «Авиценнаның» стационарлық төсек орындарын көбейтетін болсақ, көпсалалы қалалық аурухананың жүктемесін азайтар еді.  Себебі, бүгін ол өзінің мемлекеттік тапсырысын орындап болды, бірақ, науқастарға медициналық көмек көрсетуден бас тарта алмайтын болғандықтан, шығынға ұшырап жатыр, – деп түсіндірді мән-жайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы. Бұл орайда, өңір басшысы әрине, бірінші кезекте адамдардың денсаулығы туралы ойлау керектігін ескеріп, жауапты тұлғаларға бұл мәселені жан-жақты қарастырып, талдап, шешім қабылдауды тапсырды.

Облыс әкімі барған көпбейінді облыстық аурухананың онкологиялық орталығының стационарында биыл күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Мердігер – «КазЕвроСтрой» серіктестігімен жалпы сомасы 401,3 миллион теңгеге келісім-шарт жасалыпты. Бүгінгі таңда мекеменің екінші, үшінші және төртінші қабаттарында монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, жөндеу жұмыстарын аяқтауға қосымша 120 миллион теңге қажет. Сол үшін облыстық бюджет комиссиясына өтінім жіберу көзделіп отыр. Нысанды тапсыру 2024 жылдың ақпанына жоспарланыпты. Жөндеу жұмыстары кезінде барлық пациенттер облыстық аурухананың басқа бөлімшелеріне орналастырылған.

–Өкінішке орай, онкологияға ұшыраған науқастар саны жыл сайын көбеюде. Егер заманауи әдістерді қолдансақ, ол үшін сапалы жабдықталған кабинеттер болса, қатерлі ісік ауруын ерте сатысында анықтауға болады. Мекемеде медициналық жағдай жақсартылғанда ғана науқастардың ауруымен күресуге көмектесетін мүмкіндіктер көп болады, – деді көпсалалы облыстық аурухананың басшысы Нұрлан Жаров. Сонымен бірге ол ауруханада мамандардың жетіспеушілігіне тоқталды.

Сол күні Марат Ахметжанов көпбейінді облыстық балалар ауруханасының жақында ғана жөндеуден өткен 35 төсек орынға арналған жұқпалы аурулар бөлімшесінде де болып, жалпы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша тиісті орындардың басшыларына бірқатар нақтылы тапсырмалар берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Тамара САЛИМОВА.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар