Көкшетау қаласындағы Әл-Фараби атындағы IT мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Алина Айқын АҚШ-тың алдыңғы қатарлы үш университетінің стипендиялары мен гранттарын жеңіп алды.
Көкшелік талапты оқушы оқу озаты және мұғалімдерінің мақтанышы. Ол ағылшын тілі мен математика пәнін сүйіп оқиды. Ағылшын тілінде өткен пікірсайыстарға қатысып, халықаралық турнирде бірінші орынға ие болған. Сол сияқты, ғылыми жобаларға, ағылшын тіліндегі ғылыми-практикалық конференцияларға да қатысып, халықаралық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленген Алина Біржан сал атындағы Көкшетау музыка мектебінің фортепиано сыныбының да түлегі. Оның музыка саласында да жетістіктері жоқ емес.
Жақында Алина Айқын АҚШ-тың алдыңғы қатарлы 3 университетінің $260000 көлеміндегі білім беру грантына және стипендиясына ие болды. Атап айтқанда, біріншісін – Флорида штатындағы «Florida Institute of Technology» (Florida Tech/STEM University) ең үздік ұлттық бірінші деңгейлі университет деп танылған жаһандық зерттеу университетінен, екіншісін – Duquesne University – АҚШ-тағы үздік университеттер рейтингіне кіретін Пенсильвания штатындағы үздік университеттен және Forbes ұсынған «Американың үздік колледждері» тізіміне кірген Массачусетс штатындағы Assumption University жоғары оқу орнынан жеңіп алды. Мұндай жетістікке қалай қол жеткіздің деген сұраққа, ол:
– Мен өз портфолиомды өте ұзақ дайындадым, себебі, сауатты құрастыруды ойладым. «IELTS Academic» академиялық ағылшын тілін білуге арналған халықаралық емтиханды жоғары баллмен тапсырып, ағылшын тілін жетік біледі деген С1 деңгейін алдым. Мен емтиханға өте мұқият дайындаламын. Ағылшын тілін барынша жетілдіруге тырыстым, өйткені, IELTS емтиханынсыз шетелге оқуға түсе алмайсың. Сондай-ақ, бірнеше ай бойы «Инклюзивті Академия» халықаралық бағдарламасында еріктілікпен айналыстым, онда мүмкіндігі шектеулі балаларға ағылшын тілін үйреттім, – дейді.
Оқып, білуді мақсұт тұтып, айналасындағыларға көмек қылуды көздеген ізденімпаз оқушы волонтерлік қозғалысқа деген қызығушылығын «Феникс» орталығынан бастапты. Онда республикалық чемпионаттар мен турнирлерді ұйымдастыруға жәрдемдесіпті, ол үшін арнайы ұйымдардан оқудан өтіпті. Сондай-ақ, маркетинг және халықаралық қатынастар саласындағы ірі компанияда тағылымдамадан өтіп, әлеуметтік медиа арқылы нарықты ілгерілету стратегияларын талдапты.
– Халықаралық деңгейде даму – менің арманым. Шетелге оқуға түсу туралы мен 9-сыныптан бері ойлана бастадым. Содан IELTS-ке дайындалып, шетелге оқуға түсу жолдарын сұрастырып білдім. Ата-анам мені әрқашан қолдайды, сол үшін мен оларға өте ризамын, – дейді Алина.
Айта кетейік, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша шетелдік университеттерге Ақмола облысының мектептерінен 86 түлек оқуға түсіпті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.