Қазақтың Қорғанбегі, өлеңнің орманбегі
Жеті жасында «Қазақ эпосы» кітабына үңіліп, Қобыландының қамалдан қарғыған суретін қарындашпен айналдыра сызып, қайта салып, қиял әлемінде қалықтаған бала Қорғанбек;
Жетінші класта оқып жүргенде тұңғыш өлеңі басылған Зеренді аудандық газетін қос қанатындай кере жайып, «Мешітті ғалам» – туған үйіне қарай құстай ұшқан балапан Қорғанбек;
Жетпісінші жылы мектепті бітірерде, шешуші емтиханда шығарманы өлеңмен жазып, бүкіл Көкшетауды дүр еткізген жас түлек Қорғанбек;
Университетті тәмамдап, баспасөзге беріле қызмет жасаған, кейіннен қазақ тақырыбында танымдық, тағылымдық мәні зор толыққанды тарихи- деректі том-том еңбектер жазған қабырғалы қаламгер Қорғанбек;
Өзінің жан-дүниесіндей мөлдір жырларымен қазақ поэзиясына үлкен үлес қосқан, нәзік лирикасы мен тарихи тұлғалар жайлы дастандары қалың оқырманын толғандырып, ойландырған, байырғы Білге қаған мен Тоныкөктен кейін жырлары тасқа қашалып, орманға ілінген, өлеңнің орманбегі болған қарағайлы Қорғанбек.
Көркем аударманы еркін игеріп, көсілте қалам тербеген, әлем жазушыларының кесек шығармаларын аударуға құлаш сермеген, жасанды, жасық дүниеге шырайын бермеген, бір сауалнама бойынша әлем әдебиетінің «бірінші нөмірлі» романы аталған Герман Мелвиллдің «Моби Дик» романын тамаша аударып, ол аудармасы екінші мәрте қайта басылып шығып, «нөмір бірінші» аудармашы атанған дара Қорғанбек досымыз міне, Алаштың ардақты азаматы атанып, абыройлы ата болып, жетпіс жасқа келіп отыр!
Қорғанбек зайыбы Рахиламен қосылғанына қырық жыл толғанда бір әдемі өлең жазып, Фейсбукта жариялады. Соны оқығанда:
Рахила тегін болмас-ты,
Ардақтай білген жолдасты.
Қазаққа аман сақтаған,
Қарға бойлы Қорғашты.
Қарғып өткен қорғаннан,
Қорғасын ойлы Қорғашты.
Аман қылсын мал-басты,
Сипап қойып жамбасты.
Жұп болыңдар қазақта,
Жүз жасаған алғашқы! – деген тілегім – тілек!
Айналайын Қорғашым! Шығармашылық еңбегіңнің жемісін, Рахилашыңмен бірге балалардың өрісін, жақсылығын көріп, аман-сау жасай беруге, алға қарай аяңдап баса беруге жазсын!
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Бүгінгі күн
(көкшетаулық Қорғанбек ақынның 70 жылдық мерейтойына)
Қырандап,
Шарла – Қазақ,
Арман-Көгін:
Арқаның – Жан-Жұпары,
Алған – Демің!
Рухани,
Бұқар-Жырау – «Жауһарларын»,
Мәңгілеп,
«Меншігіңе» – Ал,
Қорған-Бегім?!
Жатсам-Тұрсам – Көкшенің Топырағы:
«Қол» – Бұлғап,
«Мен-Мұндалап» – Шақырады!!
Сағынып,
Сарғайғаннан – Сартаптанып:
Жадым – Жылап,
Жазымышым – Аһ-Ұрады!!!
Инш-Алла…
Сырдың – Бойын,
Мекендесем:
Сонда – Туған,
Сол – Жұртта,
«Әкем-Шешем»…
«Дарбас-Құмым»,
Қайран-ай…
«Абай-Ауылым»:
(«Алатауға» – Асырған)
«Ұжымақ-Мекен»…
…»Хан-Тұқымым»,
Кеткені-ай,
«Тармақтанып»:
«Мұнарым» – Жатыр,
«Кең-Сайда»,
Жарғақтанып…
…«Бет-Бұрған» – Сияқтымын,
«Ата-Жұртқа»:
Бейне
«Өліп-Тірілген» – Аруақтанып…
…«Қарауылым»,
«Қылдым»…
Уай,
Жүрек-Емім:
Ақан – «Құлагеріндей»,
Жыр – Әлемің!
Енді,
Менде – Арман жоқ,
Алһам-Шүкір?!
«Бүгінгі Күн»:
Құдайдан – Тілегенім…
19.ХІ.2023.
ИРАН-ҒАЙЫП.
Зеренді қарағайы
Ақын Қорғанбек Аманжолдың 70 жасына
Бабаңның найзасындай жарқылдаған,
Ұнайтын ақын едің қалпың маған.
Көкшеде,
Көктеректе туа салып – Арқадан ақ самал боп аңқылдаған.
Жан-аға,
Жаның сенің жарық көктем,
Тамшыдай Зерендіге тамып кеткен.
Қақпақтас қатпарындай қасиетің – Қарауыл Қанай биден қалып кеткен.
Көкшенің күні ұнаған,
Айы ұнаған,мен сені көп жабыдан айыра алам.
Қарауыл Дәулет байдың үйірінен – Шаңқұйрық тұлпар мінген шайыр ағам.
Ақынсың ақ сапарда арман ерген,
Жолдарын жақсылардың жалғап, өрген,
… Көмекей Бөгенбайдың батасындай – Жорықта Кенесары ханға берген.
Қара өлең…
қарашада, қара күздің,тойы деп бір толғайын ағамыздың.
… Өзің ең-Балуан Шолақ нағашысы –
Бауыры Балқадиша анамыздың.
Көкшенің көлдерінің тереңіндей,
Мұсақұл балуан бабаң өнеріндей.
“…Зердеңде Зерендінің жалауы бар-
Зергердің зерлеп соққан зереніндей.”
Аймалап сапарыңды таң арайы,
Кезіксін бұл жалғанның самала айы.
… Қазақтың байтағында жайқала бер- Зерделі Зерендінің қарағайы!…
Ғалым Жайлыбай,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Заманның жырлап тынысын
Белгілі ақын, жерлесіміз, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қорғанбек Аманжолдың әр жылдары жеке кітап болып, тасқа басылған өлеңдерін оқығанда, ақынның бір өзіне ғана тән көркемдік әлемінің айдынында желкенді қайықпен сапар шеккендей болдық. Әр алуан тақырыптарға арналған шынайы сезімнен туып, шұрайлы жыр жолдарында көрініс тапқан өмір жайлы өнегелі өнер туындылары ақын әлемінің айғағындай әсер қалдырады. Ал, мұның нәтижесін бір ауыз сөзбен айтсақ: айшықты сөздерімен тыңдаушысын тамсандырған ақын меруерттей асыл сөздің қадірін жете танып, толғай алатын біртұтастығы, бедер-бітімі, алабөтен ерекшелігі төмендегідей.
Ең алдымен, мұнда поэзияның інжу-маржаны саналатын құдіретті лириканың магниттік өрісіндегі сиқыр ой мен шырын сезімнің, келісті суреттің тербелісінде алтыбақан тепкендей боласың. Есесіне, қаламгер өлеңдерінде Аңсарлы Азаттығымыз, бүгінгі таңдағы тәу етер Тәуелсіздігіміз, ұлтымыздың ұлық тұлғалары, жасын рухты жампоздармен бірге замана тынысы, қоғам мен адам мінезіндегі құбылыстар, қазіргі көңіл-күй сарындары тосын қырларынан бейнеленіп, әсерлі көрініс тапқан. Ақынның уытты тілі мен ұшқыр қиялы сананы сергітеді. «Дос жылатып айтады» деген тәмсілден туындаған небір себезгі ойлар әр қазақтың жанын сақтап қалсам деп аласұрады. Ызалы күлкі, улы тіл, селебе сатира марғау сананы жарақаттайды, жаралы жанды емдейді. Мысалы:
Болмаса да оңып тұрған мінезім,
Мінездіні ұнатамын мен өзім.
Кейбіреулер көмекейін ашқанша
Көре қоям мінезінің өңезін.
Әлмисақтан «мінез – адам сауыты»,
Мінез – кейде кесір,
Кейде мақпал, мауыты.
Мінезділер мінсіз емес десек те,
Монтаны көз мінезсіздер қауіпті, – деген өлең шумақтары көрнекті ақынның, ірі ақынның суреткерлік дара болмысын қаншама драматизммен, қаншама трагедиямен, қаншама оптимизммен жеткізіп тұр емес пе? Әлбетте, солайы солай. Шымырлаған шындықтың беймаза дүрсілінен Қорғанбек Аманжолдың азаматтық әрі ақындық позициясы мен палитрасын, гуманистік философиясын, әлеуметтік-көркемдік мұратын көрмеу мүмкін емес. Оның уақыт, заман тудырып отырған небір күрделі проблемалар жайын, сол уақыт, заман тілімен демек соның сөздік қорындағы қарапайым сөздерді өлеңнің мүддесіне орай метафораға, тенденцияға оп-оңай айналдырып жібере алатын ысылған, кемелдене түскен профессионалдық шеберлігін аңғармау, сүйсінбеу мүмкін емес. «Мінез» деген кілт сөздің – образды баламаның көрсеткіштік рөлі мен көп мағыналығы, символдық күш-қуаты әрі сабақтасып, әрі тепе-тең түсіп жатқан жоқ па?!
Қорғанбек Аманжол – ақын. Таласы жоқ ірі әріптермен жазылатын ақын. Кейде осылайша ақын деген қасиетті мағыналы ұғымды, ұлы ерлікпен пара-пар ұғымды, ешқашан жайдақтанбайтын, ешқашан жадыланбайтын, ешқашан жадыбастанбайтын осынау тым қастерлі де киелі ұғымды нағыз шынайы иесіне қарата теліген тұсымызда ешқандай баламасыз айтсақ та жарасады. Солай бола тұра, мұнымыз санаулыларға ғана тым көшелі кішіпейілдіктің пәтуалы тұғыры немесе тым тәкаппар кірпияздықтың сырбаз көрінісі сияқты әсер ететінін қайда қоямыз?! Бұл шындықтың бір ұшы ғана.
Ақындар…
От боп жанып жүрегі тұратындар,
Заман сырын жанымен ұғатындар.
Тағдырыңа қашаннан талқы дайын,
Бір басыңа жетеді сұрапылдар.
Халқың үшін тау тектес мұратың бар,
Мұратың бар, қаулаған қуатың бар.
Болмаса:
Қара Жер, Көк Аспанның төсін емгем.
Табиғи тазалықты көшірем мен.
Қағазға тамып кеткен сия сынды
Жалмажан жалғандықты өшірем мен.
Немесе:
Өлеңім менің өмір ме,
Өмірім, әлде, өлең бе?
Қызуым жетпей темірге,
Қоламта көсеп келем бе!
Жаутаңкөз етіп еркіңді
Жалынсыз болсаң сол уайым.
Өлеңімдегі өртімді
Өшіріп, сірә, алмаймын.
Қайсыбір пақыр пенделер
Қойса да көзге мені ілмей,
Өмірім өрге өрмелер,
Өлеңім болар өмірдей, –
деудің өзі бір орайда жалпылама философия, ортақ ақиқат екені қаншалықты рас болса, енді бірде ғибратты тұлғаның өршіл мінезін, мінезіндегі өршілдігін көрсететін көркемдік даралықтың бір көрінісі ғой. Олай болса, Қорғанбек Аманжол, таласы жоқ қабырғалы қаламгер, ірі ақын. Өйткені, біріншіден, өмірдің суреті өлеңде өзінен-өзі салына, өрнектеліне бермейді. Екіншіден, осынау қанатты тіркестердің тұңғиық шындығы мен биік мән-мұраты өмір атты мұхиттың әралуан толқындары мен дауылдарындағы шайыр әлемінің күрделі қатпарлары мен қарапайым болмыстары нағыз ақын иесінің шынайы автопортретін бүкпесіз мүсіндейтініне, сомдайтынына, бейнелейтініне ешкімнің дауы болмаса керек.
Қорғанбек Аманжолдың поэзиясы – үлбіреген дүниенің үйлесімдерін көруден, танудан және көрсетуден, танытудан тұрады десек те болады. Қазіргі қазақ поэзиясындағы ақын Қорағаңның даралығы да, ерекшелігі де, ірілігі де – оның осынау болмысында. Көрнекті талантының көркейе, ұлттық өлеңімізді көркейте түсетіні де – үлбіреген дүниенің үйлесімдерін өзі көріп, өзі танып қана қоймайды, соны өзгелерге көрсетуден де, өзгелерге танытудан да әрқашан әдемі көрініс, әрқашан жемісті өріс тауып жататындығынан. Сиқырлы сөздер симфониясы, үлбіреген дүниенің гармониясы – әрқашан қарапайымдылық пен күрделіліктен, биік пен аласадан, ұзын мен қысқадан, ауыр мен жеңілден, қымбат пен арзаннан, шуақ пен көлеңкеден, жарық пен қапастан, тағысын-тағы өмірлік небір антитезалық қақтығыстардың, биполярлық оппозициялардың әралуан драмасынан, жансебіл температураларынан, аумалы-төкпелі қан қысымдарынан тұратындығы Қорғанбек Ғалымтайұлының зерделі қаламына тән зайыр бояулармен, өрнектермен, бедерлермен, сезімдермен, ойлармен жетіп жатады, суреттелініп жатады, бейнеленіп жатады. Тілге тиек, нақты дәлел ретінде Қасым Аманжоловтың емес, Қорғанбек Аманжолдың мына жекелеген өлең шумақтарына зер салайық:
«Бүгін – бармын, ертең – жоқпын» демеңіз,
Мәңгі өмір сүру үшін өлеміз.
Жалғау үшін жалған дүние жарығын
Жер мекеннен беймекенге енеміз…
Немесе:
Сырт та сырт қаққан әйнектен
Әр тамшың әйбәт хабаршың.
Жырымды менің сөйлеткен
Жылдарға бірге барарсың.
Немесе:
Достар-ай, дәл осыған ырза жаным,
Көтердім сағыныштың күллі азабын.
Адам болып сендерді аңсаймын да,
Ақын болып оңаша жыр жазамын.
Не болмаса:
Ақбоз үй аман болса халқым аман,
Көңілі ақбоз үйдей жарқыраған,
Ішінде ақбоз үйдің қанаттанып,
Жетіпті ата-баба салты маған.
Немесе:
Ақирет те, қиямет те – бәрі рас,
Арсыдағы Хақ Тағала бары рас.
Қара тасы Қаһбаның, саған серт,
Қара тілім кәлимадан жаңылмас.
Ұлық нұрға ұйып тұрған бар ғалам,
Айналайын әділетті Алладан.
Аяныңмен аялашы жанымды,
Адастырмас қыбылаңды бер маған.
Ақын өлеңдерінің қай тұсы болса да, пәлсапалық терең ой тұңғиығына, ұлағатқа меңзейтін осынау секілді қадау-қадау пайымдауларға жиі-жиі ұшырасасыз. Ағыл да тегіл құйылған ой толқындары бір-бірін қуалай, жарыса, жалғаса келіп, әр шумақ сайын өршелене өрлеп, екпіндей көтеріліп, биіктей береді.
Ақын поэзиясының, оның суреткерлік шеберлігінің, ақындық ой асқақтығының, көркем тіл үлгісі стилінің даралық ерекшілігі, оның жыр әлемі адам жанының нәзік қатпарларына еркін сіңісіп, мейірімділік пен сұлулыққа жетелейтін бояуы ашық нақышы кең тынысты, ғұмыры мәңгілік жырлар толғауында деп білеміз.
Ақын өлеңдерінде азаматтық әуен, өмірлік мұрат, ел, халық алдындағы перзенттік парызын сезіну, халықтың қалғып жатқан ой-санасына сәуле себуге талпынысы да кең көлемде көрініс тапқан. Олардың тереңінде кемел ой мен биік парасат, елім деп еңіреген ердің өршіл рухы мен халық қайғысына қабырғасы қайысқан жанның нәзік сезімі қатар жатыр. Қанға сіңген марғаулығына күйінеді, одан аршып алар жол іздейді. Өркениетті елдердің тіршілігінен ой қорытып, болашақты болжайды, соған өз халқын шақырады. Бірақ ол жалған, дабыра әсіреқызыл сөз түрінде емес, сынай отырып, шынайы жанашырлық танытқандай жылата отырып, жұбату айтқандай сабырлы да салмақты жыр жолдарымен жеткізеді.
Жүрегімнің қоздайтұғын жарасы,
Көңілімнің боздайтұғын наласы –
Қазағымның таусылмайтын таласы.
Тар боп бізге мынау байтақ кеңістік,
Сен Шығыс боп, мен Батыс боп керістік.
Түстік пенен Терістікті бөлістік.
Бір атымдық насыбайдан көңіл қап,
Түймедейден таптық таудай кемістік.
Қазіргі заманның зобалаңы зәбір еткен, өз ортасына сыймай аласұрған көкірегі көреген адамның жанайғайы, ылаңды кезеңнің ырқына бой алдырмай, ашынған ақынның өзегін жарып шыққан өртті өкініші естілетіндей.
Айтарын алдаспандай, өткір тілмен, бетің бар, жүзің бар демей турасынан тіліп түседі. Бүгінгі атқамінерлердің шала, дүмше күйін беттеріне шыжғырып басады.
Қарашығын көзімнің сатам дейді,
Байлығына белшеден батам дейді.
Өңкей сатқын, көрсоқыр, көрдемшелер
Киемді ұрлап, қызықтап жатам дейді.
Мұны да бір мұғжиза, белгі деші,
Жерім кетсе, елім де өлді деші.
Жерге қоса тілің мен ділің өшсе,
Қазағымның қалады енді несі?..
Қорғанбек Аманжолдың енді бір өлеңдері қазақ топырағынан нәр алған ұлы ақындарымызға арналған лирикалар. Әдебиет тарихында, өткен ғасырлардың ұлы шайырлары, заңғар кемеңгерлері Махамбетке, Абайға, Мағжанға өлең арнамаған ақындар кемде-кем. Қорғанбек Аманжол Махамбет, Абай, Мағжан жеке бастарының биік қасиеттерін оларды қоршаған ортамен біртұтас алып суреттейді. Сол арқылы ұлылардың образдарын шебер сомдай сыр шертеді:
Махамбет шерлі қызғыш құс
Шырлап ұшып көгімде,
Шырқырайды бүгін де,
Шырылдайды көлінде.
Қызғыш құсым – шер құсым,
Ереуіл салған ер құсым
Тау-шыңдарды басады,
Мұхиттардан асады.
Ғаделетті қориды,
Ғадауатты ториды,
Жалпақ жаһан төрінде!..
Ол аз болса, ширыққан ақын:
Зар күйіммен, бәлкім, мен тасты оямын,
Запыранды қалайша бос қоямын.
Амалым жоқ айдаһар аранына,
Абайға кеп ақыры бас қоямын, – деп қасқая тұрып сөйлесе, енді бірде:
Алданбаған жалғанына жалғанның,
Көкірегі толған жалын, толған мұң.
Мені бір сәт аялайды, дем беріп
Мөлдіреген мұхит мұңы Мағжанның, – деп «Біраз Мағжанша…» абыржуы аралас, ойлы мұңға батады.
Міне осылайша өлең өнер құдіретімен үлкен құрмет, шынайы сезім, мұң сазы арқылы тұлғаланып, шымыр жасалған әрі ыстық, әрі құпия, әрі жақын бейнелерді көз алдымызға әкеледі.
Асылы, тумысынан шәрбат лебіз шешендігі, марғасқа мінезі, сырбаз дегдарлығы мен сұңғыла дарындылығы бір бойына айрықша қасиет қондырған жайсаң жанның рухани мұрасы қатпарлы да қазыналы. Ұлтымыздың дәстүрлі салт-санасы мен дүнияуи таным-түсінігі, әсемдік әлемі мен қазақ мәдениеті, солардың тұтас тарихы мен терең тағылымы оның зерделі публицистикаларының, ерен еңбектерінің өзегіне шеберлікпен өрілгендігі баршамызға аян. Қорғанбек Аманжол толғанса – поэма, көсілсе көсемсөз туады. Өндіріп, өнімді жазатын суреткер. Туындыларының көрінісі көркемдігімен, кейіпкер бейнелері шежірелі шешендігімен, оқиғасы тарихи деректілігімен қатар өріліп, астарлы сөз, ой дариясының тұңғиығына шомылдырады.
Міне, тұла бойы телегей-теңіз дарын мен талантқа толы интеллектуалдық құбылыстың қыр-сырына терең үңілместен-ақ, оның жазғандарын оқып, толғамдарына тоқталып, сәті түссе дидарласқан адамның сезінетіні. Яғни, қазақ руханиятының кесек бітімінің бірі Қорғанбек Аманжол еңбегінің әр саласы тарау-тарау зерттеулер мен құлаш-құлаш мақалаларға арқау боларлық. Ұлттық құндылықтарымыздың қатарына қосылған солардың құнарын сараптап, қаймағын сүзу – ендігіде өскелең ұрпақ үшін өнегелі өріс, баянды бағдар болмақ.
Ақын ағамның болмысына ден қойсақ, жай көзге, адами дидарласуға ғана қарапайым көрінуі мүмкін. Бұл – әрине, алдамшы сезім. Шын мәнінде Қорғанбек Аманжол кез келген шығармашыл тұлға ретінде күрделінің күрделісі. Оның қарапайым көрінетіні – тірі пендеге арамдығы мен залалы, тәкаппарлығы мен менменсуі, кердеңі мен шіренуі жоқ, Алланың бере салған дархан жүрек, жомарт пейіл қасиетінен. Залал түгілі тіпті өзі жақтыра бермейтін жұғымсыз, сырғанақ, жылпос, берекесіз адам туралы да жаңсақ пікір, жаман сөз айтып көрмеген ерекше төзімшіл даналығы Қорағанның тұлғасының ірілігін айшықтап-ақ тұрады.
Қорғанбек Аманжолдың ақындық өнері мен шығармашылық жолы лирикалық дүниелердің үйлесімін көрсетуден, танытудан тұратынын жоғарыда айтып кеттік. Дегенмен бұл орайда, оның туындыларының бүкіл өн бойында мейірім, шапағат, ізгілік, адамгершілік, азаматтық, мәрттік, сағыныш, күрескерлік, мұң, шер, ата-баба рухына адалдық, атамекенге сүйіспеншілік, махаббатқа мәңгілік берілгендік пен мәңгілік тұрақтылық тәрізді ұғымдар мен көзқарастардың асқақтығын неғұрлым өрістету үнемі алғы саптан көрінеді, үнемі алтын тамыр өзекке айналып жатады.
Сиқыр сөз иірімдерінің үйлесімі – Қорғанбек Аманжол поэзиясы осыны мейлінше ерек, мейлінше жүйелі көрсетеді. Бұған оның «Тың тынысы», «Қарлығаш», «Зеренді қарағайлары», «Сабат», «Алапа» және тағы да басқа жыр жинақтарына енген жыр туындыларынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Жеке-дара талдауға болады.
Ал мына жекелеген жолдардың лирикалық, әлеуметтік-философиялық мозаикасы нені көрсетеді деп ойлайсыз. Сіздің таным өз еркіңізде, біздің таным бойынша жоғарыдағы пікірлерімізді растайтын сияқты. Мысалы:
Шынның жүзін бұлт басқандай бұл күні,
Қыр басынан қырт асқандай, біртүрлі.
Ай бетінен айғыздалған алапес,
Күн бетінен көрдім көлгір күлкіні…
***
Менің өзім көбік буға кедеймін,
Шашылғанды жинап жүріп көбейдім.
***
Жазиралы жанымда шулайды орман,
Торға түскен барыстай тулайды арман.
Рембо мен Бодлер, Варлен мен Лорка, Басё мен Рильке поэзиясындағы небір ащы шындықтардың Қорғанбек Аманжол өлеңдеріндегі өзіндік жалғасына қызықпауың мүмкін емес.
Сондықтан шығар, үлкен әріптермен жазылатын ұлы мағыналы ақындықтың, яғни, таласы жоқ көрнекті ақын, ірі ақын Қорғанбек Аманжолдың шығармашылық табысы өзіне де, өзгелерге де анық, алар асулары, көтерілер баспалдақтары бұдан да биік болады деп үміттенеміз. Алдынан ақ қағазы кетпейтін, қолынан қаламы түспейтін Ақынның өзі айтпақшы: «Ақынның жыры өлмесін, Ақынның күні сөнбесін, Ақынның сөзі өлмесін, Ақынның нұры сөнбесін!» деп тілейміз.
Аян ҚАЖЫБАЙ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
университетінің оқытушысы,
Қазақстан ПҒА-ның корреспондент мүшесі,
филология ғылымдарының кандидаты.
Құрметті көкшетаулықтар мен қала меймандары!
Жерлесіміз, белгілі ақын, журналист, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қорғанбек Аманжолдың 70 жасқа толуына байланысты шығармашылық кеші облыс орталығындағы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында 2023 жылдың желтоқсан айының 8-і күні сағат 17.00-де өткізіледі.
Келем деушілерге есік ашық.