Ерікті болу – жүректің әмірі

Көбінесе адамдар психологқа келіп, «өмірдің мәні неде?», «Мен не үшін  өмір сүремін?» деп шағымдана бастайды. Мұндай жағдайларда психологтар көбінесе біреуге ақысыз көмек көрсетуді бастауға кеңес береді. Қазіргі уақытта, бұл үшін көптеген мүмкіндіктер бар екендігі белгілі.   

Еріктілік айналасындағы адамдарды  бақытты ету, қоршаған ортаны сақтау және қорғау болып табылады. Бүгінгі таңда көптеген жастар үшін бұл сала олардың өмір салтын, психологиясын және өмірге деген көзқарасын өзгертуіне себепші  болып келеді. Студенттік өмірдің беймаза, сонымен бірге, аққан судай ағынды күндері, өзінің мол қызық, қуанышымен бірін-бірі қуалап өтіп жатыр. Кейінгі өміріңнің бел-белесі де соны сенің қалай түсініп, қалай өткергеніңе байланысты. Қайта оралмас, қайырылмас сол бір қымбат шақты қадірін кетірмей, адалдықпен ардақтап, ертең еске түсіргенде өзің сүйсініп, өзге ғибрат аларлықтай етіп өткізгенге не жетсін, шіркін!

Бұл керемет сөздер қазақ әдебиеті ішіндегі сүйікті шығармаларымның бірінен алынып, жадымда сақталып қалған жолдар еді. Студенттік шақ әр адамның өмірінде бақытты сәттердің бірі. Студенттік өмірдің есігін ашқалы бір жылдан астам уақыт өтті.  Осы бір жылда кішігірім сәтсіздіктер мен қателіктерге ұрынған сәттерді және де ондаған бақытты сәттерді бастан кешкен болатынмын. Басымнан өткен  әр сәт қазіргі болмысымның қалыптасуына, волонтерлік тұлға болып жетілуіме қажетті факторлардың бірі болып келеді. Жалпы, өзіме түйгенім тек қана ерікті емес, сонымен қатар, елімнің бақытты бір қызы болуы жолында тер төгуім керек.

Шынтуайтында, ең алғашқы кезеңде  волонтерлік жайлы ойым басқа болатын, бос уақыттарын жәй кетіретіндей көрінген еді. Екінші ойым, бұл осы саланың қиын болып көрінуі болды. Бірақ та, осындай құбылмалы ойлар алғашқы жобалар мен акциялардан кейін өшкен болатын, бойымдағы сенімсіздіктер де кетті. Алға қойған мақсаттарыма жетуге, армандарымды нақтылауға осы волонтерлік те септігін тигізген еді. Сондықтан, осындай бір керемет сөздерді айтқым келеді: «Сен жолға шық, жол сені өзі апарады».  Қандай іс,  мақсат болсын, әрекет жасап, алға қадам жасау керек.

Әр адамның өмірге келгенде бір миссиясы бар деп ойлаймын. Мен үшін бұл әрдайым адамдармен қарым-қатынаста болып, қандай да бір көмек көрсету, көшбасшылық қасиеттерімді дамытып білім-ғылым, өнер жолында жүру деп білемін. Жоғары адами құндылықтардың барлығын университет пен волонтер-белсенді студент бейнесінен таптым. Аталып өткен сөйлемдердің астары  «Не үшін волонтерлік?» деген сұрақтың жауабын көруге болады деп ойлаймын.    Волонтерлік саланың  өмірімде маңызды орын алуын адамдар мен эмоция және өмірлік сабақтар мен ой туғыздыратын сәттермен байланыстырамын.

Мысалы, еліміздегі ең үлкен әлеуметтік  «Жеңіс» жобасы аясында үлкенге деген құрмет, оларды, яғни, ата-әжелерді кішкентай ғана жылы сөздердің қуантатынын көріп, мұң басқан кездер болды. Наурыз айындағы Сандықтауда орналасқан балалар үйіне сапарымыз мен үшін балалардың бетіне күлкі ұялата алғанымызбен маңызды. Егер жалғастыра беретін болсам, осындай көптеген сәттерді айтуға болады.

Кіші-гірім хикаямды қорытындылайтын болсам, өзімді қанша уақыт бұл іспен, сүйікті хоббиіммен айналысатынымды білмеймін. Бірақ, оған деген қызығушылығыммен, ізденіс пен жаңа таныстыққа деген құлшынысым бітпейінше волонтерлікпен айналысуға дайынмын.  Жақсылық жасау әркімнің қолынан келеді. Ол үшін асқан батыр, қаһарман болудың қажеті жоқ деп ойлаймын. «Ерікті болу – ерлікпен тең» демекші, біз жасайтын жақсылық әрдайым бізге екі еселене келетінін ұмытпаған жөн.

Милана САЙЛАУБАЕВА,
Ақмола облысы Фронт офисінің волонтері және
Қазақстан Студенттер Альянсының Ақмола
облыстық филиалының волонтер-белсендісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар